БІЗДІ ТОЛАҒАЙ ТАБЫСТАР КҮТЕДІ
Азаттықпен арайланған, егемендікпен еңсесін еселеген Атырау қаласына биыл – 375 жыл. Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихы терең, шежіресі бай шаһарымыз қазақ мұнайының Астанасы ретінде танымал.
Бүгінгі Атырау – күмбезін көк сүйген ғимараттар мен қос құрлықты бөліп тұрған Ақжайықтың алтын білезігіндей алып көпірлер сәніне салтанат қосқан көркем қала. Әлемдік маңызы бар үлкен жобалардың алаңы, бірлігі мен берекесі жарасқан сан түрлі ұлттар мен ұлыстардың құтты мекені.
Заман талабына сай сәні мен салтанаты, бірлігі мен ынтымағы жарасқан әсем қала Атырау – болашақтың қаласы. Кемел келешек қала халқының қуаты мен дарынына, еселі еңбектеріне, елге деген махаббатына да байланысты.
Құрметті атыраулықтар!
Атыраудай ару қаламыз келешегінен жаңа жетістіктер мен толағай табыстар күтеді. Жасампаздық шыңына, асқаралы асуға Сіз бен біз ынтымақты-берекелі тірлігімізбен жететіндігімізге негіз мол.
Біз мерейлі мекеніміздің болашағы бүгінгіден де жарқын болып, облыс орталығы – Атырау қаласының әлеуеті мен экономикасын дамытуға келешек ұрпақтың сүбелі үлес қосатынына кәміл сенеміз.
Қуанышқа толы мереке күні Сіздерге зор денсаулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, бастамаларыңызға сәттіліктер тілеймін!
Шырайлы шаһарымызда жаңа да жасампаз істер салтанат құрып, береке-бірлігіміз нығайып, құт-мекеніміздің абыройы арта берсін!
Құрметпен, Атырау қаласының әкімі Н.ОЖАЕВ.