«БІЗДІҢ МӘДЕШ» АТАНҒАН абзал азамат еді…
Жастайынан зерек болып өскен Мәдеш мектепті туған ауылы Қарабаудан асып, Миялы ауылынан бітірді. Кейін Қызылорда қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, оны автомеханик мамандығымен сәтті аяқтап шықты.
Туған жерге деген сүйіспеншілік арманшыл жас жігітті өзінің Атырауына қайта алып келді. Осылайша, Мәдеш еңбек жолын сол кездегі «Гурьев» асыл тұқымды қаракөл қойы зауытында автомеханик болып бастады. Жұмыс барысындағы мұқияттылығы, өз ісіне деген асқан жауапкершілігі Мәдеш Әбдешұлын жоғарыдағы басшыларға тез танытты, оған комсомол комитетінің хатшысы лауазымы сеніп тапсырылды. «Біздің Мәдеш келе жатыр» деген уақытта бастауыш ұйымдағылар тікесінен тік тұрып, өз жұмыстары бойынша іштей есеп беруге дайындалып тұратын. Өйткені, комсомол комитетінің хатшысы Мәдеш Әбдешұлы тындырымды да, талапшыл, істің адамы еді. Ол үшін тапсырманың ірі-ұсақ түрлері болмайтын. Қай іске де ұқыптылықпен қарайтын Мәдеш қандайма істің де уақытында, әрі сапалы орындалуын жіті бақылауында ұстаушы еді. Ол өте еңбекқор жан еді ғой» деп еске алады бүгінде замандастары.
Сол кездегі кеңшардың, ауылдың қоғамдық-мәдени тірлігінде де Мәдеш Әбдешұлының қолтаңбасы сайрап жатыр. Бір ғана «Гурьев» кеңшарында табан аудармастан қырық жыл бойына еңбек еткен ол шаруашылықтың сан қилы шаруасына қажет жүздеген техниканың тізгінін шашауын шығармай ұстап, ұтымды жұмыс ұйымдастыра білді. Адал еңбегімен, еңбекқорлығымен, адамгершілік қасиеттерімен ұжымына, тұтас ауылына сыйлы болған Мәдеш Әбдешұлын ел-жұрт ақжүрек азамат ретінде де есте сақтап қалды. Жұмыс барысында ұтымды ұйымдастырушы ретінде танылған ол зауыт экономикасының өрге басуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Кеңшар үшін қара нардай болған Мәдеш турашылдығымен, адалдығымен ел-жұрттың лайықты құрметіне бөленді.
Ол – ағайынға аяулы, құда-жекжатына сыйлы, ең бастысы, өнегелі отағасы еді. Жан жары Зәуреш екеуі тоғыз ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, ұрпақтарынан немере-шөбере сүйіп отыр еді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған оның тәлімді тәрбиесін алған балалары да өмірден лайықты орындарын тапты. Айталық, ұлы Баязи облыс әкімі аппаратының Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту өңірлік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты. Өзгелері де әр салада абыройлы еңбек етуде. Өрісі кеңейіп, бүтін әулеттің алып бәйтерегіне айналған Мәдеш ағамызды ажал арамыздан кенеттен алып кетті. Мәңгілік мекенің жарық, иманың жолдас болсын деп тілейміз. Жаратқан Иеміз артыңыздағы ұрпағыңызға тек қана жақсылығын берсін!
Иә, сөзіміздің әлқиссасындағы «дүние – жалған…» деген осы.
«Ойласаң, бұл дүние шолақ екен,
Адамдар бір-біріне қонақ екен»…
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.