ҚАМКӨҢІЛ БАЛАЛАРДЫ ОНЛАЙН-ҚОЛДАУ

Ағымдағы жылғы маусым айының бірінен бастап республикамызда мүгедек балаларды тәрбиелеуші ата-аналарға психологиялық кеңес беру бағытында онлайн-қолдау қызметі ұйымдастырыла бастады. Бұл туралы бізге облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Балдай Өтеғалиева мәлімдеді.  

 

Бүгінгі күні облысымызда 2245 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Диагностика мен скринингтік тексерістер, әлеуметтік мәнді аурулар мен жарақаттарды оңалту жұмыстарына қарамастан, балалар арасында мүгедектікке шалдығу көптеп тіркелуде.

– Мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік жәрдемақылар төленіп, мүгедек бала тәрбиелейтін отбасыларына стационарлық және үйден қызмет көрсетіледі. Солай бола тұрса да, ата-аналар балаларын білікті мамандарға тапсырудан қорқады, – дейді Б.Өтеғалиева.    

Сондай-ақ, шалғай өңірлердің бәрі бірдей күндізгі бөлімшелермен қамтыла қойған жоқ. Міне, жаңа қызмет түрі осы олқылықтың орнын толтырмақ. Басты міндет – отбасына қолайлы әлеуметтік-психологиялық ахуал тудыру болып табылады. Аталмыш жоба Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бастамасымен, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы және Қазақстан-Ресей медициналық университетінің қолдауымен іске асуда.  

Айта кету керек, қолдау көрсету бағдарламасы тек мүгедек балаларды тәрбиелеуші ата-аналармен ғана жүзеге асырылады. Ал, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы оператор қызметін атқарады. Қазақстан-Ресей медициналық университетінің психиатрия, наркология кафедрасының білікті мамандары жүйке аурулары, медициналық психология және педагогика курстары бойынша кеңес беретін болады. Қызмет барысы интернет-ресурс мүмкіндіктерін пайдалану, соның ішінде «Скайп» бағдарламасы арқылы ұйымдастырылмақ. 

Аталған қызмет түрін пайдаланушы 1411 нөміріне қоңырау шалып, кезекке тұрады. Осы ретте өтініш берушінің аты-жөні, тегі, уақыты, байланыс телефоны, орналасқан аймағы туралы мәліметтер сұралады. Ал, мүгедектігі барлардың орталықтандырылған базасында тіркелмеген баланың қамқоршысы жаңа тіркелімге сұраныс жолдауы керек.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз