Біздің мүддемізге сай

Қазақстан Республикасының Жер кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды ақпарат құралдарынан оқып, біраз жайттарға қанықтым. Бұл норма бойынша қазіргі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалға алушылардың мүдделері ерекше ескерілген.

Жалға алушыларға бұдан бұрын берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалдау мерзімі аяқталғанға дейін белгіленген қаржыны бөліп төлеу арқылы, олардың кадастрлық құнының 50 пайыздық мөлшерінде айқындалатын жеңілдік бағамен жекеменшікке сатып алуға құқық беріліп отырғаны мен үшін де, өзге әріптестерім үшін де тиімді болайын деп тұр. Себебі, мен осыдан жиырма жыл бұрын Исатай ауданының «Шұғыла», «Көмбе», «Ерғали», «Аққұдық», «Балта» сынды қыстақ орындары маңынан бес мың гектар жер учаскесін ұзақ мерзімді жалға алған болатынмын. Бұның сыртында жеке меншігімдегі 440 гектарлық шабындық алқабым бар. Төрт түлік мал бағып, өнімін өндірумен айналысып, кәсібімді дөңгелентіп отырған бізге Жер кодексінің осы бабының зор пайдасы тимекші. Енді, 49 жылға жалға алған жер учаскемнің 50 пайызын жеңілдік бағамен жеке меншігіме сатып алуыма құқығым болатыны қуантып отыр.

Жер дауы бұрынғы заманда да болды. Қазір де кейбір түсініспеушіліктердің орын алып жатқанын естиміз. Ата-бабаларымыз қанымен де, жанымен де қорғап, қасиетті қазақ жерін біздің ұрпаққа аманаттады. Біз өз жеріміздің шетелдіктердің меншігінде болғанын қаламаймыз. Бұл жаңа заңда да айрықша атап көрсетілген!

Қасиетті құм Нарынды мекен еткен шаруагерлердің көпшілігі Жер кодексіне енгізілген өзгеріске сәйкес, ұзақ мерзімге жалға алған жерлерін енді жеке меншіктеріне сатып алуға мүдделілік танытуда. Себебі, Жер-Ана өзінің шын қожасын тапқанда ғана азып-тозудан ада болмақ.

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Бекет» шаруа қожалығының жетекшісі, Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз