«БІЗДЕ БАЛАЛЫҚ ДЕГЕН БОЛҒАН ЕМЕС»
Сонау сұрапыл жылдардың ауыртпалығын кейінгі ұрпақ тек майдангер-ардагерлердің естеліктерінен ғана білеміз. Көгінде қыраны қалықтаған бейбіт елде ғұмыр кешкенімізге тәуба дейміз. Мұндай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман үшін жауынгерлер кеудесін оққа тосты, қайтпас қайсарлық танытты. Қазірде Базарбек қарт тылдағы ауыр күндері ойына орала қалса, жүрегі сыздап, көңілі жабыр-қайды.
— Соғыс басталғаннан-ақ тәртіп қатая түсті. Кеңес Үкіметінің тапсырмасын орындау — басты талап. Ауылдағы кейбір үйлерде радио болды. Кешкілік соған бәріміз жиналып, майданның жаңалықтарын тыңдайтынбыз. Бастапқыда «немістер ана қаланы басып алды, мына қала жаудың қолында қалды. Қала тұрғындары үйлерін тастап кетуге мәжбүр болуда» деген суыт хабарларды естіп, еңсеміз төмен түскен күйі үйді-үйімізге тарайтынбыз. Араға көп уақыт салмай, кей отбасына «қара қағаз» келе бастады. Ауыл іші азан-қазан, жарларын жоқтаған жесірлер, әкелерін тосыла күткен балалар мұңайып отыратын — дейді кейіпкеріміз.
Елді қиыншылық жайлаған тұста ас та, яғни күнделікті ішіп-жейтін тағам да өлшенді. Жанұя мүшесіне 400 грамм, жұмысшыға 700-1200 грамм нан берілетін. Қантөгіс ортасынан жаралы болып оралған ұлдарына шүкір еткен аналар қуаныштан көздеріне жас алатын. Себебі, «қара қағаз» алғаннан, жараланса да, амандықтың өзін ештеңеге теңгеруге болмайды екен. Түн ауса, үйлердің жарығы да сөнеді. Себебі, әуені бұлттай торлаған жау ұшақтары кезек-кезек ұшып жүретін. «Бала болсақ та, бәрін түсінетінбіз. Сондықтан да болар, ерте есейдік. Көп кешікпей, елге аяқ-қолынан айырылып, балдаққа сүйенген азаматтарымыз келе бастады. Біз үлкендердің қабағындағы мұңның уақытша болса да тарқағанына қуанатынбыз. Балалығымыз сонда ғана еске түседі. Ауыл шетінде алысып-жұлысып ойнап, мәз болысамыз. Ойыннан шаршап, түн ауа көз ілеміз де, келесі күні қайта жұмысқа кететінбіз.
1943 жылдың бір күні тал түсте Қарабатан маңына жау самолетінен бомба тасталды. Бомбаның жарылғанын жақыннан алғаш көруім еді. Астан-кестен жерді көргенде төбе шашым тік тұрды», — дейді сұхбаттасымыз.
Елдің иығына түскен ауыртпалыққа толы күндер осылай жалғаса берді. Жұмыста кідіріс жоқ. «Қара алтын» өндірісінде еш тоқталыс болмауы тиіс. Базарбек қарттың айтуынша, тәртіптің қаталдығы соншалық, тіпті қызметінде 15 минут кешігіп келсең, алты ай бойы жалақының 20 пайызы қиылады немесе әр үйге мөлшермен берілетін тамақтың көлемін азайтып тастайды. Киім-кешектің тапшы кезі болатын. Сөйтіп, он екі сағат бойы мігірсіз еңбек еткен он алты жасар бала қысы-жазы ағаштан бәтеңке киді. «Маған да сондай бәтеңке берілді. Әлі есімде, 1943 жылдың күзі-ау деймін, ауылымызға Асқар Тоқмағамбетов келді. Жұртшылық кешкі уақытта клубқа жиналды. Ол «Бұл соғыс біздің елдің жеңісімен аяқталады. Біз жеңеміз» деп көңілдері түскен ауыл халқына демеу болатын сөздер айтты. Шағын клубтың іші халыққа лық толы. Балаларға отыратын орын жоқ, жиналыс бойы алыстан келген ағамыздың сөзін зейін қойып тыңдадық. Сөзінің соңында Асқар ағамыз залдағы жиналғандарға «Майданға көмек керек. Өндірісті тоқтатпау арқылы жеңіске үлес қосасыздар. Әсіресе, мұнайшыларға түсер салмақ басымырақ» дей келіп, Ескене кен алаңындағы екі мұнай өндіру участогының бастығы Рамазан Есқариев пен Сәдір Әжібаевтарға бағыштап «мұнайды көп беріңдер» деді. Сөзін өлең жолдарымен аяқтады. Кездесуден кейін ауылдастарымның еңсесі бір көтеріліп қалғандай болды»,-деген ақсақал сол жылдары мұнайдың да азайғанын айтты. Бірақ, қиын шақта «қара алтын» өндірісінде мігір болған жоқ. Әсіресе, мол мұнай шығарылған Ескене кен алаңынан «қара май» майдан шебіне тікелей жөнелтіліп тұрды. Ауыл халқы уақытпен санаспады. Күндіз-түні тоқтамастан өндірілген өнімді жіберіп отырды. Осы тұста кейіпкеріміз Ескене кәсіпшілігіне 1944 жылы 1-разрядты электр-монтер болып жұмысқа шақырылды. Сол жылдың қазан айында Қошқар мұнай кәсіпшілігі ашылғанда Базарбек Әуелбай-ұлы жаңа мекемеге ауыстырылды.
«Біз жүк көлігімен 50-60 шақты отбасы болып жаңа кәсіпшілікке келдік. Жатақханамыз жертөле, окоп секілді жер астына орналастырылған. Үйлерде электр жарығы жоқ, шағын станса салынбаған. Жұмысшылар қызметінен босаған сәтте үй-жайының қамымен жүреді. Ауыз су сонау Сағыз бен Бекбикеден әкелінеді»,-деді әңгімелесушіміз.
Осынау мекемеде еңбек ете жүріп тыл еңбеккері Ұлы Жеңіске қол жеткізгеніміз туралы жағымды жаңалықты естиді. Қуанышы қойнына сыймаған жас жақсы хабарды ести салысымен жұртқа жеткізуге асыққан. У-шу болған халық ертемен жеткен жаңалыққа мәз-мейрам болысып, бір-бірін жеңіспен құттықтап жатты. Ауылдың барша халқы жиналған бұл мәжіліс ұзаққа созылды. Тіпті, біразының көзіне қуаныш жасы үйірілді. Өкінішке орай, Базарбек ағаның әкесі, тума-туыстары оралмады.
Иә, Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Талай жан майдан даласынан қайтпады. Ауыртпалық пен қиыншылыққа толы осынау күндерді Базарбек қарт кейінгі ұрпаққа айтудан ешқашан жалыққан емес. Оның отты жылдардағы еңбегі елеусіз қалмады. «Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 40, 50, 60, 65 жыл», «Лениннің туғанына 100 жыл», «Прорва мұнайына 50 жыл», «Теңіз кенішіне 30 жыл», «Ұзақ жылғы адал еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» төсбелгілері кеудесіне тағылды. Бір салада елу жыл бойы үздіксіз қызмет еткен ол 1994 жылы зейнеткерлікке шықты.
Қызметінен қол үзбей жүріп қоғамдық жұмысқа да қатысты. Сарықамыстағы мектеп жанындағы ата-аналар комитетінің төрағасы, 1970-1991 жылдар аралығында Ембі аудандық халық сотының заседателі, ұзақ жылдар бойы Прорва кәсіпшілігінің жолдастық сот төрағасы, үш рет ауылдық кеңесінің депутаттығына сайланды.
Қиын күндерде шыныққандықтан болар, сексеннің сеңгірінен асса да Базарбай ақсақал мазмұнды әңгімесін айтудан ешқашан шаршаған емес. Анда-санда саулығы сыр беретіні болмаса, сүттей ұйыған отбасының бәйтерегі әлі тың. Өмірлік қосағы Нұрбиға екеуі алты бала тәрбиелеп, өсірді. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ата-ана бүгінде балалары мен немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Айтпақшы, ұдайы жұртшылықтың мұң-мұқтажынан құлағдар болып жүретін қарт Жылыой ауданынан Сарықамыс елді мекенін қалаға көшіруге де біраз еңбек сіңірді. Қозғалуы қозғалғанмен бірнеше жыл бойы жырға айналған мәселенің шешімін табу мақсатында кейіпкеріміз түрлі басқосу, жиындарда проблеманы ашық айтты, талай басшының табалдырығын тоздырды. Ақыры, тұрғындар Атырау қаласындағы жаңа баспанаға қоныстанды. Үнемі жанындағыларға жақсылық жасаудан шаршамайтын қарт бүгінде тағы бір жайтқа алаңдаулы. Ол Сарықамыс елді мекеніне 1,5 шақырым жерден бес жанар-жағармай бекеті салынатынын естігеннен кейін күндіз күлкі, түнде ұйқысынан айырылғанын жасырмады. «Жел күшейгенде жанар-жағармайдың иісіне тұншықпағанда не қалды? Бәрінен бұрын болашағымыз — бүлдіршіндерімізге обал ғой» деп қоштасқан ақсақалдың бір ауыз сөзі бізді де ойлантып тастады.
Айбөпе САБЫРОВА.