Жарнама
Қоғам

Біз кімді тәрбиелеп жүрміз?

Жуырда облыста жаға ұстатарлық жағдай орын алған еді. Тәрбиеші жоқ кезде балабақшаның бөбектері құрдастарын жабылып ұрып, тіпті біреуі үстіне шығып секіргенін көріп шошынғанымыз рас. Буллинг деген осы болар… Бұған дейін де түрлі жайтты естіп жүрміз ғой. Көпшілік ұмыта қоймаған болуы керек, Түркістан облысында 5 сынып оқушысының өз сыныптасын ұрып, өлтіргені туралы жайсыз жаңалықты оқып едік. Балтамен мектепке келіп, өзінше «батыр» баланың бассыздығы біздегі проблеманың ушығып, қаны тамып тұрғанын байқатады. Расымен, қаршадайынан қатыгездікке барған жасөспірімдердің мұндай іс-әрекеттері бүгінгі қоғамды алаңдатып қойды. Қатыгездік қазақтың жанынан жат нәрсе еді. Бұған кінәлі кім? Немесе … Не?

Жауапкершілік –ата-анада

Ұлттың ұлылығы ұрпағынан көрі­неді. Бұл  әлімсақтан белгілі. Ұлтымыз өзге ұлттан өзіндік тәрбиесімен ерекшеленетін. Біреудің ала жібін аттамай, рұқсатсыз бірдеңе алуға арланатын. Тіпті, ауыл ішінде үйдің сыртқы есігін құлыптау деген болмаған-тұғын… Ал, бүгінде  көршіден де күдіктенетін күнге жеттік…

–­ Жасөспірімдер арасындағы қатыгездік бүгінде қоғам қасіретіне айналып барады. Бұл жағдай көбіне отбасында ұрыс-керіс жиі болатын балалардан анық байқалады. Ондай бала бара-бара достарымен шатасып, төбелесіп қалуды жиілетеді. Осы арқылы оның ішіндегі  агрессиясы көріне бастайды. 13-15 жасқа келген жасөспірімдер бірінің сөзін бірі көтере алмайды. Өзін атаман санап, күшті екенін көрсету мақсатында жұдырықтасады. Осылайша, өзіне айналасының назарын аудартып, лидер атанғысы келеді. Әлі келгенді сабап, жолындағыны жайпайды.  Жасы кішілерден ақша жинап, көрші баланы үйінен ақша ұрлап келуге жұмсайды.

Баласы үшін, алдымен, ата-ана жауапты. Баласының мінезіндегі өзгерісті байқаған бойда оған  мейлінше жақын болуы керек.  Теріс бағытын түзетуге барын салуы қажет. Содан кейін сынып жетекшісі мен пән мұғалімдері, мектеп психологтары  жұмыс жасауы тиіс, — дейді педагог-психолог Мәрзия Ермұханова.

Маман айтса, айтқандай, осы жерде алдымен психолог маман дайындау жүйесін өзгерту керек-ау. Жүйелі жұмысты сапалы маман ғана жүргізе алады емес пе?

Психологтің сөзінше, бала таза қағаз секілді. Оны қоғам емес, ата-ана толтырады. Әке мен ана баласының нешеде ұйықтап, қай уақытта ұйқыдан оянғанына дейін назардан тыс қалдырмауы тиіс. «Мәселен, сыныптағы оқушылардың тазалығын тексергенде тырнақтары өсіп, қаралмай қалған оқушылар болады. Ата-анаға хабарласып, себебін сұраймыз. Кейде ата-ананың өзін тәрбиелеуге тура келеді. Байқағаныңыздай, баланың бойындағы, мінез-құлқындағы  кінәрат – үйдегі тәрбиенің осалдығынан.  Мектеп мұғалімі 5 сағат ішінде алдындағы баланың біліміне, тәртібіне жауап бермейді. Әке-ананың жауапкершілігі күшеюі керек» дейді Мәрзия Ермұханова.  

Есірткіге еліткен…

…Бесік жырын естімей өскен баланың бұғанасы қатпай жатып қылмыс жасауының бір себебі – тәрбиенің осалдығы. Балаға жанашыр болатын ата-ана –  жұмысбасты. Заманнан ба, адамнан ба – бүгінде ­­рухани азықтан гөрі, материалдық құндылықтар маңызды болып тұр. Өкініштісі де сол, көп ата-ана баланың тәрбиесі дегенге «оның жоғын жамау» деп түсінеді. Қатарынан қалдырмай, «не ішем, не жеймін» дегізбейді. Осыдан кейін балаға беретін одан да маңызды дүние ұмыт қалады.    

   Басқа жақты қайдам, қазақылық қаймағы бұзылмаған біздің өңірдегі қылмыстық деректерге көз салып қарасаңыз, «біз не болып барамыз?» деген сұрақ туады. Өткен жылы бір жасөспірім есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындапты. Бесіктен белі шықпай есірткіге елітсе, оның ертеңгі күні не болмақ?

Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Абзал Әліпқалиевтен білгеніміздей, өткен жылы тіркелген қылмыстардың негізгі бөлігі меншікке қарсы және қоғамдық тәртіпке қарсы жасалған қылмыстар екен. Мәселен, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасында ауыр дәрежеде жарақат салу дерегімен үш оқиға тіркеліпті.

Сонымен қатар, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру дерегімен – 3, ұрлық – 38, бұзақылық – 8, ал көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзған  4 іс орын алған екен. «Жалпы, өткен жылы жасөспірімдер жасаған қылмыстар саны 6,3 пайызға төмендеді. Қылмыстық істің 6-ы өткен жылдары орын алған» дейді Абзал Әліпқалиев.

Бала қылмысқа неліктен барады?

Өзімізше өткенімізді ескі заманның босағасына қалдырып, жаһандық жаңғырып жүрміз. Соның бір көрінісі – ғаламтор өміріміздің бір бөлігіне айналды. Телефонсыз қалудан қорқатынымыз сонша, қуаттағышқа тәуелді болып барамыз. Дастархан басында отырғанда ата-ана мен балалары өзара сөйлесіп, хал-жағдай сұрасудан қалып барады. Олай дейтін себебім, қазір үлкен-кішінің де бір қолында тамағы, екінші қолында ұялы телефоны. Салдары – ұрпақ тәрбиені интернеттен алып жатыр. Өкінішті, әрине.

«Балалар қылмысты неге жасайды?» дегенге келер болсақ, ол негізінен  отбасындағы берекетсіздіктен басталады. Бірақ, біз оған мән бермей жатамыз. Мәселен, ата-аналар ажырасады. Алдымен, дүние-мүлік бөліседі. Онымен тоқтаса бір жөн, баланы бөліске салады. Бір-біріне қарымта қару ретінде пайдаланады.  Бұдан, алдымен, бала зардап шегеді. Ересектер әрі кетсе бір жыл күйзеліске түсер, кейін өмірін сүре береді. Ал, бала ажырасудың зардабын өмір бойы шегеді, жаны күйзеледі. Осындай жағдайлардан кейін ол агрессияға, жанжалға, керітартпа іске бейім келеді.

– Көп ата-ана баланы рухани жағынан тәрбиелеуге мән бермейді. Бізге келіп түсетін қылмыстық істердің артында отбасы бар, әр жанұяда 3-4 баладан бар. Бұл­­­­­­­­­­ – қоғамның проблемасы. Отбасын сақтау мәселесін көтеретін уақыт келді. Бұрын жанұясы  бұзылған жандарды қызметінде көтермейтін, мансабына балта шабылатын. Осындай тәжірибені енгізбесе, отбасы құндылығы төмен түсіп барады,-дейді заңгер  Ғизатолла Отарұлы­.

Бала­ – ата-ананың айнасы

Дүниеге келгеннен соң оның барлық психологиялық қасиеттері отбасындағы өмір барысында, ең алдымен, ата-анасының әсерімен дамиды. Бірде қызық жағдай болды. Базарға барғанымда сатушының таразыдан жегенін әшкерелеген едім. Бұл да – ұрлық, кісі ақысын жеу ғой. Кейін ұрлық жасап істі болған жасөспірімнің ісін қарау барысында «Құдайға не жазғанын» айтып етегі жасқа толған анасы алдыма келді. Бірден тани кеттім. Сол базардан көрген сатушы әйел. Осы мысалдан түйгенім ­– әрбір ата-ана баласын дұрыс тәрбиелеу мақсатында үнемі ойлануы, ізденуі, ең алдымен өзін тәрбиелеуі қажет» деді Ғизатолла мырза.

Гаджет газетке жетпейді

Тақырыпқа орай пікірін білмек болып хабарласқан Атырау қаласындағы Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінің өкілі Жалғас Аманов та осындай пікірде.

­– Бүгінде әскер жасына дейінгі жасөспірімдердің әскерге дайындығы өзекті мәселе болып келеді. Смартфон мен гаджеттерге, компьютер ойындарына деген тәуелділіктің жағымсыз әсері көп. Оны біле тұра мойындамаймыз. Жасыратыны жоқ, бүгінде қолында гаджеті жоқ баланы сирек кездестіретін болдық. Ұялы телефон атаулы балабақшаға баратын бүлдіршіндерден бастап, мектеп оқушыларына дейін бар. Одан кейінгі жас­тар туралы жақ ашпай-ақ қояйын. Көгілдір экранның көк бетін сипалағандардың психологиясы өзгеріп бара жатыр. Экранның арғы жағындағы дүниелердің бүгінгі жастарға үйретері аз. Кейбір ата-аналар өз перзентін шектен тыс еркелетіп, бетінен қақпай, көңіліне қарап тәрбиелейді. Ал, мұндай көріністер баланың бойында кері қасиет пайда болуына тікелей себепші болады. Баланы өсіріп, тәрбиелеудегі басты мақсат қоғамдық өмірге «түзу кірпіш қалау» екенін ескере отырып, осы мақсатты жүзеге асыру үшін, алдындағы қандай болмасын қиындықтарын жеңуге баулу қажет. Өзін қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауға, қоғамдық өмірдің әдет-дағдыларын игеруге бейімдеу маңызды, — дейді Аман Жақсылықұлы.

Рас, патриот, ержүрек адамды, табанды күрескерлерді тәрбиелеудің негізі мектепте қаланады. Әскери маманның пікірінше, бұл орайда мектептерде бастапқы әскери дайындық пәні мұғалімдеріне үлкен талап қойылады. Сондықтан бұл мұғалімдерге өз ісінің жетік маманы болу жеткіліксіз. Олар тың ақпараттарды қадағалап отыруы шарт. Одан бөлек, отбасындағы жалпы қарым-қатынас, үйдегілердің бір-біріне деген сый-құрметі немесе басқалармен болған байланысы, сөз шеберліктері мен жағымсыз қылықтары жас баланың қалыптасуына үлкен әсер етеді екен.

Жалпы, қоғамда жастар тәр­биесіне деген көзқарас өте ерекше. Олай дейтініміз, олардың тағдыры болашақпен, қоғамның дамуымен тығыз байланысты. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің негізгі өзегі ата-ана болып қала береді. Осы орайда отбасы құндылығына ерекше назар аудару қажет. Өйткені, баланың қоғамдық-әлеуметтік дамуы отбасында өз орнын алуынан басталады емес пе?

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button