Ұстаздыққа жаратылған жандар еді

Наубекова Рая Білім

Естелік әңгімемізге арқау еткелі отырған апалы-сіңлілі Рая мен Айгүл Нәубековаларды  ұстаздыққа жаратылған жандар десек болғандай. Өйткені, олар мұғалімдік мамандықты бала кездерінен армандап, жүрек қалауымен таңдады. Маңдайға жазылған өлшеулі ғұмырдың саналы бөлшегін балаларды оқытып, тәрбиелеуге, бір сөзбен айтқанда ұлағатты ұстаздыққа арнады. Өткен шақта сөз айтуымыздың себебі, екеуі де былтырғы жылдың қоңыр күзінде пәни дүниемен қоштасып, бақилыққа аттанды.

%d0%bd%d0%b0%d1%83%d0%b1%d0%b5%d0%ba%d0%be%d0%b2%d0%b0-%d1%80%d0%b0%d1%8f

Рая Кәренқызы 1955 жылдың ақпан айында қазіргі Исатай ауданының Х.Ерғалиев ауылында дүниеге келді. Ол 1972 жылы Махамбет орта мектебін үздік үлгеріммен аяқтап, Гурьев педагогика институтына оқуға түседі. Химия-биология факультеті бойынша бітіріп, мұғалімдік мамандықты меңгерді. Бойындағы жастық жалыны, туған жерге деген ыстық махаббаты мен сүйіспеншілігі оны өзі қабырғасында он жыл бойы білім мен тәрбие алған алтын ұя мектебіне әкеледі. Осында ұстаздық жолын бастады.

Өзіне сеніп тапсырылған жұмысқа деген жоғары жауапкершілігінің, табандылығы мен тиянақтылығының, ұйымдастырушылық қабілеті мен шеберлігінің арқасында, арада аса көп уақыт өтпей-ақ мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалады.

Ұлағаты мол, тағылымы зор ұстаздық жолды таңдаған әріптесіміз кейіннен аудандық білім бөліміне жауапты жұмыстарға шақырылады. Осында әдіскерлік қызметті абыроймен атқарған Рая Наубекова өңіріміздің жастар ұйымына басшылыққа келеді. Әуелі аудандық комсомол комитетінің екінші, көп ұзамай бірінші хатшылығына сайланады. Тәжірибесі толысып, білім-білігі молайып, абырой мен бедел биігінен көрінген шағында сол кезде аудандағы ғана емес, облысымыздағы бірден-бір кәсіптік білім беру мекемесі саналған Сарайшықтағы №10 кәсіптік-техникалық училищесіне директор болып тағайындалады.

Рая Кәренқызы кейін аудандық білім бөліміне инспекторлық қызметке ауыстырылып, оқу-ағарту қызметкерлері кәсіподақтары аудандық кеңесінің төрайымы болып сайланды.   Раяның ұстаздық, басшылық қызметінің белесті кезеңі Махамбет селосындағы Оңай Шонаев атындағы орта мектепте директорлық қызметін атқарған уақыты еді. 1995 жылдан өмірінің соңғы сәттеріне дейін, жиырма жыл бойы қиындығы мен қызығы мол қызметті абыроймен атқарған әріптесіміздің бұл міндет жүгін де қабырғасы қайыспай арқалап, әркез ұжымдастарын берекелі істерге жұмылдырып, ұйыстырғанын білеміз.

Оқу-тәрбие үрдісіне жаңаша мазмұн беру арқылы жан-жақты дамыған, қоғам талабына сай, шығармашылық әлеуеті жоғары жеке тұлғаны қалыптастыру жолында маңдай терін төге, аянбай еңбек етті.  Соның куәсіндей, аталған білім ордасынан аудандық, облыстық «Ауыл мұғалімі», республикалық «Жыл мұғалімі» байқауларының жүлдегерлері, өзге де түрлі додалардың жеңімпаздары шықты.

Рая Кәренқызы мұғалімдікпен бірге партия-кеңес, комсомол, кәсіподақ, басқа да сайланбалы органдардың жұмысына белсене араласты. Сонау бір жылдары «Халық бірлігі» партиясы аудандық филиалының төрайымы, кейін «Нұр Отан» партиясы аудандық ұйымы саяси кеңесінің мүшесі қызметтерін қоса атқарды. Өмірінің саналы бөлшегін өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, білімі мен мәдениетінің өсіп-өркендеуіне арнаған замандасымыздың ел алдындағы еңбегі лайықты бағаланды. Рая әлденеше рет салалық бөлім, басқармалардың мақтау-марапаттарына ие болды. Оның еншісіндегі мәртебелі марапаттардың қатарында Елбасының екі «Алғыс хатын», ҚР Конституциясының 20 жылдығына арналған мерейтойлық медалін атаған ләзім.

Заты әйел болғанымен нардың жүгін арқалап, бастаған ісін орта жолда қалдырмаған, аламанға бергісіз небір тартысты тұстарда да әділдігімен, турашылдығымен жеңіп шығып, бәйгенің алдын, намысты қолдан бермеген жаны ізгі әріптесіміздің жарқын бейнесі жүрегіміздің төрінде, көңіліміздің түкпірінде сақталатындығына бек сенімдімін.

Алдындағы Рая апасымен бір шаңырақта өмірге келіп тел өскен, өзі де еңбек жолында мұғалімдік мамандықты таңдаған, онысын мақтанышына айналдырған Айгүл әріптесіміз хақында да айтылар сөз, білдірер жылы лебіз, есте жүрер естеліктер аз емес. Кәрен әке мен Үміт ананың отбасында жарық дүниенің есігін ашқан Айгүлдің кіндік қаны осы Махамбет топырағында тамған. Ол да  Гурьевтің педагогикалық институтына  оқуға түсті. Физика және астрономия пәндерінің мұғалімі дипломын алып шыққан Айгүл де өзін  үлкен өмір жолына аттандырған мектебіне оралды.

Осы ұжымда табан аудармастан 37 жыл қызмет істеді. Мектепте пән бірлестігінің жетекшісі, ауданда әріптестерінің көшбасшысы болды. Бірнеше рет «Озат пән мұғалімі» жүлдесін иеленді, облыстың «Жыл мұғалімі» атанды. «Бәсекеге қабілетті, білімді және құзыретті тұлғаны қалыптастыру мен дамыту» тақырыбында өткен облыстық педагогикалық оқуларда бірінші орынды еншілеп, іс-тәжірибесі үлгі ретінде таратылды.

Ұстаздарының тағылымды тәлімін алған талапты шәкірттерінің талайы аудандық, облыстық пәндік олимпиадаларда топ жарып, ұстазының абыройын асырды.

%d0%bd%d0%b0%d1%83%d0%b1%d0%b5%d0%ba%d0%be%d0%b2%d0%b0-%d0%b0%d0%b9%d0%b3%d1%83%d0%bb%d1%8c

«Адал еңбекке, бақыт та басын иеді» демекші, қашанда жаңалық атаулыға жаны құмар, жақсы нәрсені жатсынбайтын бұл әріптесіміздің де ұзақ жылдарғы ұстаздық еңбегі еш кетпеді, тиісінше еленді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, Махамбет ауданы әкімдігінің «Озат пән мұғалімі» дипломымен ұлықталды. 2014 жылдың қорытындысымен білім беру саласында «Ауданның жыл адамы» атанған да осы біздің Айгүл еді.

Ұлы ойшыл Абай атамыз айтқандай, алдына келген балаға үйретуден жалықпай, ұстаздық еткен Айгүл Кәренқызы шынында да өз ісінің «ұстасы» ғана емес, ұжымдастарымен бір үйдің адамдарындай тату, жанындағыларға ізгіліктің шуағын шашып жүретін жан еді. Оның жайдары жүзіне жарасатын риясыз күлкісімен, алғаусыз ақ көңілімен үлкен-кішіні шаттандыра білетін, кең пейлімен қолынан келген жақсылығын жасап, қуаныш сыйлап жүретін қайталанбас дара тұлға-тұғын.

Өзінің уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаған, бойындағы қажыр-қайратын өскелең ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына, ертеңгі ел тұтқасына айналар азаматтарды қалыптастыруға арнаған Айгүл Кәренқызы сынды аяулы замандасымыздың да есімінің ұмытылмасы  кәміл.

Меллят БЕКИМОВА,

Махамбет аудандық білім бөлімі  әдістемелік кабинетінің меңгерушісі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз