Жарнама
Қоғам

«БІЗ ЕЛБАСЫН ҰЛЫҒЫЛАУҒА ҚАТЫСҚАНБЫЗ» — дейді атыраулық ардагерлер

Қайыржан ӘЛИЕВ, «Атыраубалық» мекемесінің бұрынғы директоры:Мен Нұрсұлтан Әбішұлын Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы кезінде көрдім. Онда Атыраудағы балық шаруашылығын басқарамын. Ол кісі сол кездегі Гурьевке келіп, мұндағы ахуалмен танысқан-ды. Шіркін, Жайықтың балығы тайша тулап жататын еді ғой. Әр жылы рекордтық өнім алатынбыз. Рас, соның бәрі алдымен орталыққа жөнелтіліп, ауысса ғана осында қалатын. Қайтеміз, тәртіп солай болды.

Одан бергі кезде тәуелсіздігіміз жарияланып, байлығымызды өзіміз иелене бастадық қой. Кейінгі жылдары да Елбасы Атыраудағы балық шаруашылығын сауықтыруға бағытталған біраз шараны жүзеге асырды. Әрине, талай уақыт тағылықпен тоналып, иесіздіктің күйін кешкен кәсіпорынды аяғына нық тұрғызуға уақыт та қажет шығар. Бірақ, қайткенде де, Мемлекет басшысы бұл бағытта нақты тапсырма берді.

Елбасын ұлығылау шарасына қатысуым – өмірімдегі жарқын белестердің бірі. Ол еш ұмытылмайды. Тәуелсіздік сарайына аяқ басқан сәттен-ақ, расында да, тәуелсіздіктің лебі есіп тұрғандай күй кештім. Нұрсұлтан Әбішұлының кандидатурасын қолдап дауыс берген адамдардың бірі емеспін бе? Ендеше, оны ұлығылау салтанатына неге қатыспасқа? Өзіме осындай ұсыныс жасалғанда бас тартуға құқым жоқ екендігін ұқтым.

Кең залда әр облыстың делегациясына бөлек орын дайындалыпты. Атыраулықтар соның сол жақ бөлігінде Президент хоры тұрған жерге жақынырақ жайғасты. Үлкен теледидардан Елбасының Ақордадан шығып, көлігіне отырғаны, одан Тәуелсіздік сарайына беттегені – бәрі-бәрі көрініп тұрды. Міне, ол еңсесін жоғары ұстап, залға кірді. Бәріміз орнымыздан тік тұрып қошемет көрсеттік. Нұрсұлтан Әбішұлы Ата Заңға қолын қойып, Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант берді. Содан соң Туды сүйді. Соның бәрі адамды толқытатын көріністер ғой, шіркін!

Қазір біз сан жылғы еңбегінің зейнетін көріп отырған қартпыз. Кім біледі, мүмкін, менің ұрпағымның бірі Елбасын кезекті ұлығылау шарасына қатысар. Бірақ, әулетімде алғаш рет сондай құрметке өзім ие болдым. 

Бақи АЙМАҒАМБЕТОВ, бұрынғы ет комбинатының директоры:Қилы заманда ақ киізге отырғызып, хан көтеру дәстүрі болған. Абылайды үш жүздің игі жақсылары осылай дәріптеген. Қазақтың соңғы ханы саналатын Кенесарыны да Ұлытаудың баурайында төбесіне көтерген. Әрине, қазір ұлығылау салтанаты өзгеше өтеді. Бірақ, бәрібір, ел басқарған адам халқына адал қызмет етуге ант береді. Міне, мен сондай салтанатқа қатысқан адаммын.

Аз ба, көп пе – кезінде еңбек еттік. Жамандап отырғаным жоқ, бірақ кеңестік кездің қатты талабын бастан кештік. Семіз еттің уысымыздан сырғып, орталыққа аттанып жатқандығын көрдік. «Шіркін-ай, өз халқымызға  қашан бұйырар екен» деп армандадық. Жоғарыдан түскен жоспарды орындау жолында төрт түлікті тобымен пышаққа іліндірдік. Соның бәрі тәуелсіздік алған соң қалыпқа келді. Міне, өз байлығымызды өзімізге жаратып жатқан Елбасымыздың ұлықтау шарасына қатыспағанда ше? Сондай ұсыныс келгенде қатты қуандым.

Жалпы, бұған дейін де Елбасын ұлығылау шараларын теледидардан тамашалап жүрміз ғой. Бірақ, көзбен көргеннің әсері тым ерекше болады екен. Тәуелсіздік сарайының табалдырығын аттаған сәттен-ақ салтанат лебі сезілді. Біз секілді өзге облыстардан келген делегация мүшелері толқулы тәрізді. Көбі Астанаға да алғаш рет келген шығар.

Содан Президент келіп, сахнаға көтерілді. Ант беріп, Туды сүйді. Ал, менің есіме оның алғаш ұлықталу шарасы түсті. Оны теледидардан миллиондаған адам көрген шығар. Егер жадыңызда болса, Елбасына Туды жақындатқан сәтте дұрыс орнатпады ма, қозғалып кетті. Нұрсұлтан Әбішұлы оны ұстай алды. Сәл ғана көрініс. Бірақ, сонысымен Елбасы «Елімнің Туын құлатпаймын» дегенін ісімен білдіргендей болды.

Міне, содан бері де жиырма жылдан аса уақыт өтті. Туымыз құлаған жоқ. Әлемге танылдық. Дүние жүзі мемлекеттері бізбен санасатын болды. Экономикамыз дамыды. Халықтың әл-ауқаты көтерілді. Жақында ғана Елбасымыз Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген қаржы дағдарысына қарамастан, алдымызға үлкен міндеттер қойылды. Жарқын болашаққа қол созып жатырмыз. Кемел келешегімізге сенеміз. Соның бәрі – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі.

Жазып алған М.БАЕВ.

Сурет автордың мұрағатынан алынды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button