e98a6955

БҮГІН – Халықаралық балаларды қорғау күні

Жаңалықтар СарапTime Қоғам

Аtr.kz/1 маусым, 2020 жыл. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы алтын ұясы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне отбасы мен өскен ортасының тигізетін әсері мол. Бала тәрбиесі ұлт таңдамайды, тәрбие барлық ұлтқа қызмет етеді. Бүгінгі мереке қарсаңында әлем елдерінде бала тәрбиесіне қалай мән берілетіні туралы сөз қозғағалы отырмыз.

 Жапондар бала тәрбиесіне баса мән беретін ұлттың бірі. Олар «балаңды бес жасқа дейiн патшаңдай күт, он бес жасқа дейiн құлыңдай жұмса, ал, он бес­тен кейiн досыңдай сырлас» де­ген тәрбие негізін берік ұстанады. Жапондар бала тәрбиелеуде «ұл», «қыз» деп бөлмейді. Екеуін де қазақ халқы сияқты еркелетіп өсіреді. Күншығыс елі мен қазақ халқының ұлттық тәрбиесіндегі бір ұқсастық – ер баланы ел қорғаны, қыз баланы келешек отбасы ұйытқысы болуға бау­лу. Қатаң қағидалар негiзiнде өскен жапон баласы он бес жастан кейiн тәртiптi, оң-солын таныған, жақсы мен жаманды айыра алатын толыққанды аза­мат саналады. «Патша» болып еркiн өскен бала 5-6 жасынан бастап, тастай темiр тәртiпке бағынатын «қиын» күндерге тап болады. Егер бұл тәртiпке бағынбаса, қатаң жазаланады. Жапон баласы үшiн ең үлкен жаза – жалғыз қалу. Отбасы мүшелерiнен бөлек, бөлмеде жалғыз отырудан асқан азап болмайтынын сәби күнiнен са­насына сiңiрген бала сол жазаға ұшырап қалмауға күш салады. Көпшiлiктен, қоғамнан тыс өмiр сүру түсiнiгi жапондардың орта­сында кешiрiлмес күнәмен тең.

Кәрістер балалардың өмірінің басталуы деп оның бір жасқа толу жасын есептейді. Осы кез­ден бала толыққанды адам бо­лып есептеледі. Балалардың әрқайсысының бір жасқа то­луын міндетті түрде атап өту керек, егер атап өтілмесе, онда ержеткенде баланың үйлену тойын, мерейтойын және басқа тойларын атап өтуге болмай­ды. Сондықтан, ата-аналар балаларының бір жасын ерекше атап өтуге тырысады. Кәрістер үшін бала тәрбиесі – сөз бен істегі адалдық, мақсатқа жетудегі табандылық пен төзімділікке тәрбиелеу.

АҚШ-та бала тәрбиесі «әрбір бала өз бетінше өмір сүріп үйрене алу керек» деген ұстанымға негізделген. Көбіне ата-ана­лар балаларының талап-тілегін бірінші орынға қояды. Жыл­дам орындауға тырысады. Ал, бұзықтық жасаған балаларын екі түрлі тәсіл арқылы жазалай­ды. Біріншісі – ойыншықтарын алып қойып, теледидар көруден шектеу, екіншісі – орындыққа отырып, өзінің қате жасаған іс-әрекеті жайында ойлану. От­басында баланы ұру қатаң түрде заңмен жазаланады.

Қытайлықтар балаларын кішкентайынан төзімді, сабыр­лы және қанағатшыл болуға тәрбиелейді. Аспан асты елінде тәрбиенің дәстүрлі стильдері еуропалық тәрбиеден мүлде өзгеше. Бала тәрбиесі мемлекеттік маңызы бар шаруа саналады. Қытайлықтар елде бала санына шектеу болғандықтан, жақсы тәрбие беруге тырысады. Дегенмен, көп қытайлықтар отбасы жағдайларына байла­нысты балаларын ерте жастан-ақ бөбекжайларға береді.

Израильдегі бала тәрбиесі де өзгешерек. Еврейлер отбасында бала тәрбиесі қатаң бақылауда болады. Тәрбие берудің өзіндік ұстанымдары да бар. Мәселен, баланың әлжуаз, көп шағым айтуына жол бермейді. Баланың көзінше ақша туралы сөйлеуге де болмайды. Себебі, бала та­нымында маңызды дүние ақша деп қалыптасып, адамдық қасиеттерден алшақтай түседі деп топшылайды. Еврей отбасын­да жұбайлар бір-біріне ерекше құрметпен қарайды. Ата-ана ара­сында сыйлы қатынас болса, бала өзін батыл сезінеді екен. Олар баланы үнемі мақтап жүреді. Бұл оның дүниеге келген сағатынан басталады. Тіпті, оның ең бірінші салған түкке тұрғысыз суреті үшін де мақтап отырады. Кез келген жетістігін барлық туыста­рына, достарына хабарлайды.

Үндістер балаларын қатаң ұстайды. Оларда ата-ана мен бала арасындағы достық қарым-қатынасты өте сирек кездестіруге болады. Балалар кішкентай кезінен бастап ата- анасының таңдауына, қалауына мойынсұнып өседі. Сондықтан, ержеткенде немесе бойжеткенде әке-шешесі кімді қалайды, сол адаммен бас қосады.

Испанияда баланы ешуақытта қараусыз қалдырмайды. Үйде жалғыз тастамайды. 12 жасқа дейін баланы мектепке ертіп апарып, ертіп алып қайтады. Баланың танымы кең болып, ман­сап жолында ірі жетістіктерге жету жолдарын кішкентайынан құлағына құйып өсіреді. Бала­ларын өзгелермен салыстыра қарамайды. Отбасын, ұлттық құндылықтар мен үлкендерді сыйлауға баулиды.

Швед отбасылары балаға сәби кезінен жеке тұлға ретінде қарап, еркін тәрбиелеуге тырысады. Балаларын ұрып-соғуға тыйым салынған. Тіпті оны қылмыс ретінде санайды. Сондықтан, әрбір шведтік бала әке-шешесі өзіне қол жұмсаса, полицияға хабарлауға құқылы. Мұндай кезде ата-аналарға әкімшілік тарапынан жаза қолданылады.

Германия – тәртіптің елі. Бала тәрбиесінде де бірінші орынға тәртіпті қояды. Ал, ата- аналар үшін басты орында – жауапкершілік. Қазіргі таңда Германия – бала туу көрсеткіші бойынша құлдырап бара жатқан елдердің бірі. Себебі, жастар көбіне мансап қуып, 30-дан аса, 40 жасқа таяғанда үйленеді. Сондай-ақ, бір-екі баламен шектелуді жөн санайды. Бүгінде бұл процесті жою мақсатында мемлекет түрлі жобаларды қолға алуда.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

«Баланы қалай тәрбиелеу керек?»

Әр ата-ана «баланы қалай тәрбиелеу керек?» деген сұраққа жауап іздейді. Баланы қалайша тәуелсіз, бірегей, мақсатты және жинақы етіп тәрбиелеуге бо­лады?

Бала тәрбиесі – ауыр да үздіксіз еңбек екенін бәріміз де білеміз. Сондай-ақ, бала біреуге қарап еліктейтіні айдан анық. Сондықтан да, ата-аналар бала үшін ең бірінші «модель» болады. Мысалмен айтатын болсақ, әкесі баласына: «Тамақ ішпес бұрын қолыңды жу» деп, өзі жұмыстан келген бетте сол талапты орындамаса, балаға қанша ұрысқанымен, ол әкесін қайталайды. Бұл кезде тәрбие берудегі қақтығыс – «ережелік» талап ету мен нақты іс- әрекеттің сай келмеуі. Осы қайшылық түсінбеушілік пен қарсылықты туғызады.

Осы орайда, «Үй энциклопедиясы» деген кітаптан алынған бала тәрбиелеудің тоғыз қағидасы оқырманға қызықты да пайдалы болады деген ойдамыз.

1. Балаң өзіңнің көшірмең болады деп күтпе. Оған қоса, сенің қалауыңдағыдый болады деп ойлама. Тәрбие бала үшін сен болуға емес, өзіндік ерекше болуға көмектесуі тиіс.

2. Барлық жасаған іс-әрекеттер үшін балаңнан құн сұрама: сен оған өмір сыйладың, ол қалайша саған алғысын жеткізе алады? Ол басқа адамға өмір сыйлайды, бұл – алғыстың қайтымсыз заңы.

3. Тәрбиелеу процесінде бар өшіңді балаңнан алма, өйткені, не ексең, соны орасың.

4. Баланың проблемаларын түкке тұрмайтын деп асқақтап қарама: өмір ауыртпалығы әр адамға күшіне байланысты беріледі. Сондықтан, баланың жүгі сенікімен бірдей. Мүмкін, одан ауырлау да шығар. Өйткені, баланың әлі дағдысы қалыптаспаған.

5. Тәрбие беруде баланы мұқатып, кемсітпе.

6. Өз балаңа бір нәрсені жасай алмасаң, ол үшін өзіңді қорлама. Бірақ, жасау қолыңнан келіп, жасамасаң, сол жаман.

7. Бала үшін барлық жағдай жасау – тәрбие берудің ең маңызды заңдылығы. Осыны ұмытпа!

8. Біреудің баласын сүйе біл. Басқа біреудің баласына өз балаңа жасамайтыныңды жасама.

9. Балаң дарынсыз, қырсық, ересек болса да, оны сүйе біл. Балаңмен қарым-қатынаста әрдайым қуанып жүр. Өйткені, балаңның жанында болу – бұл сенімен өмір бойы бола бермейтін мереке уақыты.

Айтылғандардың бәрінен мынадай тұжырым шығаруға болады: балалар бұл өмірге үлкендердің тәрбиесін алу үшін ғана емес, ба­лалар ересектерді де тәрбиелеу үшін дүниеге келеді. Ата-аналар өз балаларын жақсылыққа тәрбиелеу барысында өздері де жақсы бола бастайды. Бұл – тәрбиелеудің негізгі мақсаты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған