«БІЗ БАҒЫНДЫРМАЙТЫН БИІК ЖОҚ»
Әдемілігі ғана емес, мінезі, іскерлігі жөнінде қандай теңеу айтсақ та, қазақ қыздарына жарасар еді. Қызбалыққа, асығыстыққа салынбай, мәселені ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдайтын қазақтың қыздарына тән қасиет оларды өзгелерден ерекшелендіріп тұрады. Мұндай өзгешелік пен іскерлік қабілет кәсіпкерліктің сан саласымен ғана шұғылданып қоймай, бір өзі үш бірдей перзентін тәрбиелеп, жетілдіре білген Райса Көшекованың да бойынан табылады. Райса Тәжіғалиқызы – Атырауда алғаш рет химиялық тазарту орталығын ашқан жан. Кейін кәсібінің қанаты кеңге жайған соң қонақ үй, әсемдік салонын ашып, кәсіпкерлікке бел буа кіріседі. Бүгінде қарамағында отыз шақты қызметкер бар. Ол кісімен жүздесу барысында жан сарайына үңіле отырып, біз алдымен кәсіпкерлікті бастарда қандай қиыншылықтар кездескені жайында сұрадық.
— Еліміз егемендікке қол жеткізіп, аяққа тұрып, нарыққа көше бастаған жылдары алғашқылардың бірі болып мен де өз кәсібімді бастадым. Ол кезде жеке кәсіпкерлікке деген халықтың сенімі аз болды, тіпті халық кәсіпкерліктің не екенін де түсінбейтін. Көпшілігінің батылы жете бермеді. Мен де «соңы не болады? Мақсатыма қол жеткізе аламын ба, әлде құлдырап қаламын ба?» деген сан түрлі оймен жүрдім. Бір жағынан қаражат та қысты. Дегенмен, тәуекелге бел будым. «Шешінген судан тайынбас» демей ме халқымыз, не болса да жүре-бара көрермін деген шешім қабылдадым. Қазір оныма өкінбеймін де, өйткені кәсібімнің жемісін көре бастадым, — дейді ол. Әйтсе де, әңгіме барысында Райса Тәжіғалиқызы қазіргі қоғамда әйелдердің рөлін әлі де арттыру керектігін айтып қалды. Әйелге де, ерге де тең құқық берілген біздің елімізде әйел адамдар өз құқығын пайдалана білу керектігін жеткізді. «Мемлекет басшысының өзі «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Біз Қазақстан қыздарының сапалы білім алып, жақсы жұмысқа ие және тәуелсіз болулары үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет» деген болатын. Қазақ қыздарының заманға сай болуы турасында айтқан Елбасының сөзін мен де құптаймын. «Әйелдің орны – ошақ қасы» деген ойдан мүлде арылатын уақыт жетті. Керісінше, бүгінгі қазақ әйелі мейірімді ана бола отырып, қызмет биігіне де көтеріле білуі тиіс» деді ол.
Иә, Елбасымыз көпшіліктің көкейінде жүрген ойды дөп басып, аталған Жолдауында жеткізген болатын. Жолдауда әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралту керектігін айтқан Мемлекет басшысы әйелдерді мемлекеттің және қоғамдық басқару ісіне белсене тартуды, әсіресе, жергілікті деңгейдегі өңірлерде бизнес ашып, жүргізуіне қолайлы жағдай тудыру қажеттігін қозғады. Біз әңгімелеп отырған Райса Тәжіғалиқызы да әйел адамға құрмет пен ізет көрсетілген мемлекетте әйел-аналардың қоғам дамуынан қалыс қалмай, қай сала болмасын қолынан келер іспен шұғылдануы керек деп санайды. Сондай-ақ, еліміз тәуелсіздік алып, аяққа тұра бастаған қиын-қыстау шақта өз ісін бастаған Р.Көшекова бүгінде кәсіпкер боламын деген адамға мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктің мол екендігін айтады.
Әйелдердің қолынан ерлермен иық тіресе жұмыс істеу де келеді. Қазір Үкімет басында ел үшін маңызды шешім қабылдап отырған біздің қаракөздеріміз бар. Қарапайым ғана мысал, такси көлігінің рөлінде әйел адам отырса да таңғалмайтын болдық. Бұл гендерлік теңдік стратегиясы негізінде әйелдер мен ерлердің теңдігіне қол жеткізу мақсатында жүргізілген жұмыстардың нәтижесі деп білеміз. Мәселен, Райса Тәжіғалиқызы химиялық тазалау орталығы, әсемдік салоны, қонақ үй ғана емес, 2001 жылдан бастап қойнауы кенге бай Индер ауданынан қиыршық тастар өндіруді қолға алған. «Еркор» ЖШС деген кәсіпорын жылына қуаттылығы 2000 тонна болатын өнім өндіреді. Құрылыс саласы қарқынды дамып келе жатқан Атырау аймағы үшін қиыршық тас қазіргі таңда жоғары сұранысқа ие болып отыр. Бұл іс те кез-келгеннің қолынан келе бермесі анық. Алайда, кейіпкеріміз кәсіпкерлікті бастаған алғашқы жылдармен салыстырғанда қазір қонақ үй, сән салондарының көптеп ашылғанына байланысты бәсекелестіктің артқанын, тұрғындар талабынан шығу қиынға соғып отырғанын айтады. Осы орайда «кәсіпкерліктің де өз сыры бар, уақыт өткен сайын адамдардың да сұраныс-талабы өзгеріп отырады, сіз ісіңізді уысыңыздан шығарып алмас үшін қалай әрекет етесіз?» деген сауалыма Райса Тәжіғалиқызы:
— Менің бизнеске келгеніме 15 жыл болды. Уақыт секілді бизнес те өзгеріп отырады. Қазір технологияның дамыған уақыты болғандықтан, қонақ үй болсын, сән салоны болсын, тіпті, химиялық тазалау орталығын да заман талабына сай қылуға жұмыстанып келемін. Бар уақытымның көбін осы жұмысыма бөлемін десем, менің артық айтқаным болмас. Себебі, бизнес шаршап-шалдығуды көтермейді, — деп жауап қайырды.
«Еңбек етсең – емерсің» деген. Отбасының бабын тауып, кәсібін де бір кісідей атқарып жүрген Райса Көшекованың ісі көпке үлгі боларлықтай. Ең бастысы, ол әйел затына тән қасиетін жоғалтпай, елінің дамуына аз да болса өз үлесін қосып келеді. Осыдан соң кейіпкеріміздің: «әйел бағындырмайтын биік жоқ» деген сөзіне толықтай келісетінімізді айтамыз.
Мәлике МӘЛІК.