Жарнама
Қоғам

«БІЗ АТЫРАУДАН БАҚЫТ ТАПТЫҚ»

 

Біз осы ұжымда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара еңбек етіп жүрген әртүрлі ұлт өкілдерін жолықтырдық. Солардың бірі – өзбек ұлтының өкілі, дәрігер-хирург Мухайехон Хасанова. Ол – Қырғызстан мемлекетіндегі Ош облысының тумасы. Сондағы медициналық институтта білім алып, онколог мамандығын меңгеріп шыққан. «Мені 2009 жылы қызмет бабымен «уақытша жұмыс атқарып келесің» деп осында жіберді. Бірақ, аурухана ұжымы аз уақытта ыстық ұяма айналып, жергілікті тұрғындармен тонның ішкі бауындай араласып кеттім. Бірлік пен береке орнаған қазақ жері жаныма жағып қоя берді. Содан туған еліме қайтуға зауқым соқпай қалды. Оның үстіне, осы жерде отау құрып, бала сүйдім емес пе?!» дейді ол.

 Осы ұжымда абыройлы қызмет ат-қарып жүрген келесі бір ақ халатты абзал жан – астрахандық қазақ, дәрігер-рентгенолог Гүлжан Дүйсеева. Ол Астрахан облысының Харабайлы ауданынан Қазақстанға қоныс аударып келген.  Астрахан мемлекеттік медицина институтының түлегі Атыраудағы ағайын-туыстарының шақыртып, қолқа салуымен 2011  жылы көшіп келеді.  «Атырауда шаңырақ көтердім, кішкентай қызым қазақ мектебінде оқып, білім алуда. Әкем зоотехник болатын, ал анам – жоғары санатты ұстаз. Бала кезден солардың қазақы тәрбиесін бойыма сіңіріп өстім. Біздің ауданды мекен еткен тұрғынның дені қазақтар болды. Сондықтан, ол жерде ұлтымыздың бар болмыс-бітімі мен салт-санасы, атакүлдігіміз бен дәстүріміз қатаң сақталады. Тіпті, астрахандық қазақтар жыл басы – Наурыз мерекесін мұндағыдан да артық тойлайды. Жақында Астана қаласына барып, магниттік резонанстық томография оқуын үйреніп келдім. Егер осындағы заманауи томограф құрылғысы болмаса, сол алған тәжірибемді жүзеге асыру-асырмауым екіталай еді» дейді Гүлжан.

 Тағы бір кейіпкеріміз Леля Қазбекова – орыс ұлтының өкілі, техника қауіпсіздігі инженері. Ол қазақшаға судай, керек десеңіз, кейбір қазағыңның өзінен де асырып сөйлейді. Леля Федор-қызы қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, төрт бала сүйді. Анасы – Самара, әкесі – Оренбург қаласының тумасы, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері. «Мен 1978 жылы қазіргі Теңдікте орналасқан сол кездегі медициналық экспедицияда еңбек еттім. Еліміз тәуелсіздік алған соң, теміржол ауруханасына ауыстым. Үлкен қызым Ресейде, ал қалғандары осы Атырауда тұрады. Кейінгі екі қызым қазақ жігіттерімен көңіл жарастырып, тұрмыс құрды. Ал, үйдің сүткенжесі – ұлым қазақтың қызына үйленді. Қос күйеу балам, келінім, құдайындай сыйласқан құдаларым, тіпті көрші-көлемге дейін – бәрі де қазақ. Ендеше, менде орыстығымнан ештеңе қалмаған сияқты» дейді жарқын күлкісін жасыра алмаған ана.  

Ауруханадағы қызмет барысын үйлестіруші, татар ұлтының өкілі Муслимат Рахманкулова өзін «Доссордың татарымын» деп таныстырды. Гурьев политехникумында техник-механик мамандығына оқып, Мақаттағы локомотив депосында қызмет қылған ол облыс орталығына ауысып, түрлі мекемеде кадр бөлімін басқарады. Кейін теміржол ауруханасында тұрақтап, осында он үш жылдан бері жұмыс жасап келеді. «Бірі жүргізуші, екіншісі медбике болып адал еңбекпен табыс тапқан әке-шешем бізді қазақ жерінің сұлу табиғатын сүйіп, елдегі тыныштықтың қадірін білуге үйретті», – дейді Муслимат Рамильқызы бізбен әңгімесінде.

 

Иә, ынтымағы жарасқан елде бәрі бар. Әңгімемізге арқау болған кейіпкерлеріміздің әңгімелерінен осыны аңғардық. Ендеше, мерекелерің құтты болсын, Атыраудың арулары!

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суреттер автордікі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button