Жарнама
Қоғам

Жаралы жүректерге жанашыр болды

Атырау облысында «Жанашыр жүрек» халықтық қайырымдылық акциясы басталды.
Шара аясында «Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталығы» КММ-сі үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) өкілдері мен волонтерлік топ мүшелерімен бірлесе отырып, мұқтаж азаматтарға азық-түлік себеттерін, кеңсе тауарларын, киімдер, тұрмыстық техникаларын табыстады.

Волонтер жастар қайырымдылық сыйларын ғана ұсынып қоймай, қаладағы оқу орындарында жастар арасында қайырымдылықты насихаттап, дамыту үшін «Жақсылық сабағын» ұйымдастыруды көздеп отыр. Қайырымдылық шара барысында волонтер жастар Атырау қаласындағы Г.Бисенғалиеваның шаңырағында болды. Қол арбада отыратын қырық жастағы ұлын бағып отырған жалғызбасты ана жуырда ғана кенже ұлының қазасына қайғырып отырғандығын айтады.

– Арбада отыратын үлкен ұлымды екінші қабаттан көтеріп-түсірудің өзі қиын. Жанашыр жандар үй алып беруге көмектессе екен. Біз тұрған үйдің айналасы жайсыз. Елеп-ескеріп көмек қолын созып жатқан жастарға алғысымды айтамын, — деді ана.

Халықтық акцияға үн қосуға келген волонтер Мира Есниязова көптеген шараларға белсенді қатысып жүргендігін айтады.

– Бұған дейін де бірнеше топтағы адамдарға қолғабыс етіп келеміз. Бүгін де мүгедектігі бар жандардың отбасына келіп, азық-түлікпен көмектесіп жатырмыз. Алдағы уақытта бірнеше жобалармен жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға көмектесеміз. Тіпті көкейлерінде алаңдатқан сұрақтары болса, соған жауап табуға тырысамыз, — деді волонтер.

Шара ұйымдастырушылары басқа да отбасыларға барып, көңілдеріне демеу болды.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button