Жарнама
Қоғам

Өр суы екпіндеп келеді

Биыл облысқа өр суының мол мөлшерде келуі жайбарақат жатқан халықтың дегбірін қашырып, әлі күнге дейін сары уайымға салып отыр. Ал, осы тілсіз жау ауыл-аймаққа қауіп төндірген кезде бір атаның баласындай жұмылған қызылқоғалықтардың бірлігі мен жылыойлықтардың жағдайынан сабақ алуды үйреткендей.

Терістіктегі елден бастауын алатын Жайық өзенінің бүгінгі жағдайы да алаңдатып отыр. Екі-үш апта бұрын Индер ауданына ентелей келген судың қарқыны сейілгенмен, Махамбет ауданы мен Атырау қаласы аумағында қауіп төндіріп тұр. Сондықтан, тасқын судан қорғану мақсатында жергілікті атқарушы билік өкілдері де жұмыла жұмыс істеп жатыр. Сын сағатта қоғам белсенділері мен еріктілер де күндіз-түні жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Жайық өзенінің Атырау қаласына қарай мол ағысын азайтуға арналған негізгі су арналарының бірі – Соколок каналы. Облыс орталығына қауіп төндірмеу үшін өзеннің солға қарай осы каналмен ағатын суы Каспий теңізіне барып құяды. Жалпы ұзындығы 32 шақырым болатын каналдың бойында бүгінде 50-ге жуық адам, 40-қа жуық техника үш учаскеге бөлініп қауырт жұмысқа кіріскен.

Тасқынға қарсы шараларға бекітілген 108-учаске бойынша жауапты үйлестіруші Олжас Сұлтанов каналда тәулік бойына қойылған кезекшілер бөгеттегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жатқанын айтады.

– Сәуір айында Соколок каналында тазарту, түбін тереңдету және қосымша канал қазу жұмыстары жүргізілді. Су мол келіп жатқандықтан, каналдың өне бойын бақылауда ұстап отырмыз, әзірге жағдай бірқалыпты. Су кетіп, қауіп төндіріп тұрған учаскелер жоқ. Кейде тұрғындар тарапынан наразылықтар болып жатады. Ресми өкілдерден сұрамай, көргенінен асығыс тұжырым жасайтындар да бар. Байыппен келіп сұраса, біз жөндеп түсіндіреміз. Ерікті түрде осы жұмыстарға қатысып, тәжірибем мен білімімді жұмсап жүрсем де, ол үшін ешкімнен ақы дәметпеймін. Бөгет соғуға шетелдік және отандық компаниялар үлес қосты. Доссор көпірінен бастап теңізге құятын бетте өскен қамыстар кедергі келтірді, оны тазалауға да күш жұмсалды. Сондай-ақ сулы жерде жұмыс істегендіктен ауыр техникалардың балшыққа батып қалған кезі де жиі кездесті. Басты мақсат – су тасқынынан қорғанып, мал-мүлкімізді аман сақтау. Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде бәрі оңынан болады деп сенемін, — деді О.Сұлтанов.

Жауапты үйлестірушіден білгеніміздей, су өткізу қабілеті секундына 100 текше метр болатын Соколоктың бойында қосымша нығыздау, техникалық бақылау, басқа да қосалқы жұмыстар атқарылған.

Ал қала беттегі қосымша 112-учаскенің жауапты үйлестірушісі Әлібек Семғалиевтің айтуынша, каналдың жанынан 24 шақырымдық қосымша канал қазылған. Оның ені – 7, тереңдігі – 2 метр. Соколоктың арнасынан су асып кеткен жағдайда екінші канал резервтік гидротехникалық құрылыс қызметін атқарады.

– Су мол келіп жатыр, ағысы қатты. Соколок каналының толып ағып жатқанына жиырма шақты күн болды. Мақсат – қала жақ бетті аман алып қалу. Каналдан Қарабатан зауыты бағытына қарай жайылмаға су шығып жатыр. Алға ауылының тұсында да Жайық суы жайылмаға шықты, Бесіктіден Индер бағытына шығатын 35 шақырымдай жолдың екі жағы да суға толы. Жайық бетінен қарсы бетке жолдың астынан су өткізу үшін жыралар жасап, суды қырға қарай ағызу үшін жұмыс жасалуда, — деді Ә.Семғалиев.

Оның айтуынша, Соколок каналына қосымша 18 шақырымдық бөгет соғылған. Бұл – канал арнасынан асып кеткен жағдайда қосымша қорғаныс. Қазір қалаға төніп тұрған қауіп болмаса да, Атырау-Индер тасжолына су шығып кетсе көлік қозғалысына шектеу қойылуы әбден мүмкін. Ал, каналдың Бесікті ауылы тұсындағы бөлігінен су шыққанымен, қосымша бөгет оны ұстап тұр. Қазір сол бөгетке қарай су келіп жатыр екен. Бұқар беттегідей көлік жолына кесел келтірмеу мақсатында барлық күш жұмылдырылған, тәулік бойы кезекшілік те бар.

Қос-қостан жүк тиегіш пен КАМАЗ және бір экскаватор көлігінің күшімен бөгет соғу басталғалы тұрғындар мен белсенділер күш біріктірген. Олар тек тиесілі телімді ғана емес, басқа да көмекті қажет ететін жерлерге қолдан келген жәрдемін аянып жатқан жоқ.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттер автордікі

* Сіз не дейсіз?

Нұрлан ЖАНТОҚОВ, 64-68 учаскелердің жауапты үйлестірушісі:

– «Талқайраң-2» ауылының тұсындағы саяжай аумағындағы екі-үш үйге қауіп төнуі мүмкін. Судың қарқыны күшейсе, амалсыздан сол жаққа бұрып жіберудің қамын жасаймыз. Дәл қазір айтарлықтай қауіп жоқ. Техника дайын, сол аумақта төтенше жағдай департаментінің 20-дан астам өкілі тұрақты кезекшілікте. Ақтөбе облысынан 20 адам келсе, қалғаны жергілікті қызметкерлер. Мемлекеттік қызметшілер де жұмылдырылған. Мердігер «Атырау көлік орталығы» ЖШС 1 жүк тиегіш, 3 КАМАЗ көлігін әкеліп қойды. Саяжай тұрғындарына қауіп төне қалса, оларды уақытша көшіруге мәжбүр болатынын алдын ала хабарлама арқылы айттық.

«Шаңырақ» балалар ауылына еш қауіп жоқ. «Талқайраң», «Талқайраң-2» ауылдарының тұсындағы бөгеттің жалпы ұзындығы – 6 шақырым. Сол маңдағы саяжай учаскесі бөгетпен қоршалған. Ауылдағы қатқыл табанды жолға су келіп тұрғанмен қатты ағыс жоқ, су өз арнасымен қалыпты ағып жатыр. Қауіп болса, бірден Жайыққа қарай ағызып жібереміз.

Қангерей ЖОЛМҰХАН, «Жолмұхан Қ.Б» ЖК төрағасы

– Индер бағытындағы жолдан үш шақырым жерде, Соколок каналының қала жақ ернеуінде егін алқабым бар еді, қазір түгелдей су астында қалды. Он жылдан бері мемлекет тарапынан ешқандай көмек алмай, ақ-адал еңбегіммен өсіргенмін. Алқапта жалпы саны 600-дей әртүрлі жеміс ағашы бар. Алма, алмұрт, өрік, қараөрік, шие, қызыл шие секілді жеміс ағаштары мен қарақат, құлпынай, таңқурай секілді жемістер өнім беріп тұрған.

Енді судың әсерінен жер босап, қашықтағы талдарға жету қиынға соғып тұр. Алқаптағы судың тереңдігі тізеге жақындайды. Тасжолдан шаруа қожалығына дейін жеткенше судың ағысы қатты, қылтиған шөп көрінген жермен жүрмесе қауіпті. Соның өзінде қатты ағыстан аяқ алып жүру қиын.

Соколок каналының ескі арнасын тереңдетіп, екі жағын көтеруге техника жұмылдырғанда, параллель қазған каналдың да екі жағын қазып, теңізге қарай ағып кетуіне мүмкіндік жасау керек еді. Қазір каналдың қала бетіне бөгет салынған да, қарсы бетін ашық қалдырып, «құрбандыққа шалғандай» әсер қалдырады. Тасқын судан қорғану үшін шаруашылықтарға кесел келтірмес үшін реттегіштерді үйлестіргенде, су өз ағысымен кетер еді. Ол үшін техника да жеткілікті, уақыт та болды ғой.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button