БІРЫҢҒАЙ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫ
Салым да, жинақ та көбейді
Филиал басшысының айтуынша, ағымдағы жылдың 1 қаңтарына қор салымшыларының (алушыларының) жеке зейнетақы шоттарының саны шарттардың барлық түрлері бойынша 9 959 267 бірлікті құрады. Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 4,5 трлн. теңгеден асып, соның ішінде, салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына бөлінген инвестициялық табысы 183,96 млрд. теңгеге теңгерілді. Тұтастай алғанда, өткен жылы қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 784,4 млрд. теңгеге, ал салымшылардың (алушылардың) инвестициялық табысының мөлшері 234,4 млрд. теңгеге дейін өскен.
Мұның сыртында, 2014 жылы зейнетақы активтері табыстылығының жылдық көрсеткіші 6,31 пайызға тұрақтап, 2013 жылғы деңгейден (2,2%) үш есеге жуық көбейді. Есепті мерзімде, қордан зейнетақы төлемдеріне барлығы 93,04 млрд. теңге қаржы берілсе, осыдан сақтандыру ұйымдарына 13,6 млрд. теңге аударылған. Бұдан бөлек, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша шартқа отыру жұмыстары да жалғасын тапты. Осылайша, жыл ішінде 348 889 жеке зейнетақы шоты ашылып, олар 26,3 млрд. теңге жинақпен толықтырылды.
Өңірлік желінің өрісі кеңейді
Әңгімесін осыдан бастаған филиал директорының түсін-діруінше, салымшылардың (алушылардың) жинақтаушы зейнетақы қорының өңірлік бөлімшелеріне келіп тікелей өтініш жасауы қызметті пайдаланудың бірден-бір кең тараған тәсілі болып қалуда. Осы жерде айта кетер бір жайт, акционерлік қоғам тарапынан салымшыларға қызмет көрсету кеңселерінің жұмыстарына үнемі талдау-шолу жасалып отырады. 2015 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға қарағанда, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өңірлік желісі 240 қызмет көрсету кеңсесінен құралған. Бұл желіге әрбір облыс орталығында, республикалық маңызға ие қалаларда (Алматы және Астана), сондай-ақ облысқа қарасты ірі қалаларда (Жезқазған мен Семей) бір-бірден, барлығы 18 филиал кіреді. Ал, филиалдар жанынан 23 бөлімше және 199 қызмет көрсету орталығы ашылды. Былтыр қор кеңселеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселесіне қатысты ақпарат алу үшін үш миллионнан астам адам өтініш жасады. Тек биыл-ғы жылдың өзінде Алматы, Астана, Қарағанды және Павлодар қалаларында тағы да алты қызмет көрсету орнын ашу жоспарланып отыр.
Қалыптасқан дәстүр бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өз салымшыларына (алушыларына) өткен жылдағы зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы міндетті хабарламалар беру науқанын жүргізуде. Осылайша, былтырғы 12 айда қызмет көрсету орталықтарына 3 млн. адамның аяқтай келіп, соншасы пошта, 400 мың адамның интернет және 300 мыңының электронды пошта арқылы, сондай-ақ 150 мың адамның халыққа қызмет көрсету орталықтарынан өздеріне қажетті мәлімет-деректерді алуы қамтамасыз етілген.
Интернет байланысы – ең тиімді тәсіл
Қызметтерді іске асыруда қолжетімділігі мен үнемділігі жөнінен интернет тиімді әрі аса ыңғайлы тәсіл болып табылады. Былайынша айтқанда, ол уақытты мейлінше үнемдеп, қор қызметі мен жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты тәулік, апта бойына арнайы сайт (www.enpf.kz) немесе ұялы телефон байланысы арқылы алуға мүмкіндік береді. Осыған орай, қаперлей кетер бір жайт, соңғы кездері қолданысқа енгізілген Android және iOS (iPhone iPad) және Windows Phone операциялық жүйелерінде жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF мобильдік қосымшаларын қор мамандарының өздері әзірлеген. Сол себептен де шығар, бұл жүйенің қызметін салымшылар (алушылар) кеңінен пайдалануда. Оған дәлел келтірсек, осы мобильдік қосымша іске қосылғаннан бері тұтынушылар тарапынан 27 мыңнан астам жүктеу жасалынған, яғни осынша рет пайдаланылған.
Қайталап айтсақ, мұндай мүмкіндікті интернет желісіне қосылған салымшылар (алушылар) ғана пайдалана алады. Оны қуаттау үшін салымшының «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ сайтына кіру құқығын беретін логині мен паролі болуы тиіс. Интернет арқылы ақпарат алу тәсілін таңдау үшін қордың кез келген бөлімшесіне бір рет келіп, келісімге отыру (ақпарат алудың жолын өзгерту-белгілеу жөнінде) қажет. Мұндай қадамды әрбір салымшының өзі жеке келіп жүзеге асыруы тиіс. Тек сонда ғана зейнетақы жинақтары туралы ақпараттың құпиялылығының сақталуына кепілдік беріледі.
Электронды үкімет – жаңаша қызмет
Бұдан бөлек, 2014 жылы акционерлік қоғам тарапынан көрсетілетін қызметтердің egov электронды үкімет порталы және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ салымшыларын (алушыларын) зейнетақы жинақтарының жай-күйінен хабардар етуді мемлекеттік қызметтер тізіліміне кіргізу мәселесін тиісті мемлекеттік органдармен келісімдеп, Министрлер кабинетіне бекітуге жолдады. Осыған байланысты, ҚР Байланыс және ақпараттандыру жөніндегі агенттігі өткізген тексерудің нәтижесінде қордың белгіленген ақпараттық қауіпсіздік талаптары мен республика аумағында қабылданған стандартқа сәйкестігі туралы №105.2014. 066 аттестаты (растайтын құжат) табысталды.
Ұлттық банк активтерді басқарады
Осындай жайлардан хабардар қылған Вячеслав Есқайырұлы одан әрі бүгіндері қордың әлеуметтік желілерде ресми парақшаларының ашылғандығын мәлімдеді. Қазіргі уақытта оларға жазылушылардың жиынтық саны 4 мыңнан асып жығылған. Орта есеппен алғанда, парақшалардағы ақпараттармен күніне 1500-дей адам оқып, таныса алады екен. Қолданыстағы зейнетақы заңнамасына сәйкес, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналарын тартумен айналысады; зейнетақы жинақтарын төлеуді және зейнетақы активтері мен инвестициялық портфельді есептеуді жүзеге асырады. Ең бастысы, қор зейнетақымен қамсыздандыру туралы барлық шарттар бойынша құқық мирас-қоры болып табылады және бұған дейін жеке жинақтаушы зейнетақы қорларына бөлініп кеткен барлық зейнетақы активтерін жинақтайды. «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес, еліміздегі зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару міндеті Ұлттық банкке жүктелген.
Әңгіме барысында осыларды егжей-тегжейлі баяндаған сұхбаттасымыз зейнетақы қорының жұмысын уақыт талабына сай жетілдіріп, салымшыларға (алушыларға) көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің деңгейін көтеруге бағытталған іс-шаралардың алға қарай да жаңа арнада жалғасатындығына, бұл үрдіске облыстық филиал ұжымының да өзіндік үлесін қосатындығына сендірді.
Дәулетқали АРУЕВ.