БІРЛІК ПЕН МЕЙІРІМ ҮНДЕСІП
Облыстық орталық мешіттің бас имамы Батыржан Мансұров жиналған жамағатқа «оразаларыңыз қабыл болсын» деген тілегін айтып, қасиетті Рамазан айымен құттықтады.
— Ел егемендік алған жылдардан бастап Ислам діні мемлекет қоғамының кез келген ісіне араласып, лайықты орнын ала бастады. Ең алдымен, тәуелсіздігіміздің және ұлтжанды азаматтардың арқасында қолға алынып, жоғалтқанымызды тауып жатырмыз. Алла тағала өзінің сүйікті құлдарына сын жібереді екен. Мен ораза ұстауды, тақуа жолында болуды Алла тағаланың жіберген сыны деп білемін. Тек осындай ғибратты сындардан өтіп, аман-есен оразадан оразаға жете беруге жазсын, — деді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан.
Сондай-ақ, өңіріміздің құрметті азаматтары Сахабиден Бекенов, Төкен Жұмағұлов сөз сөйлеп, ақ батасын берді.
— Мешіттің наиб имамы, теолог Ерсін Әміре мен Түркиядан бір айға келген Қари есімді азамат жамағатқа күн сайын Құранды толық түрде жеткізуде. Қадыр түні күні «Қазақстан-Атырау» телеарнасымен бірігіп үш сағаттық тікелей эфир өткізуді жоспарлап отырмыз.
«Сен де үлес қос» деген атаумен Рамазан айында қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, әлеуметтік жағдайы төмен 105 отбасын азық-түлік өнімдері тарту етілді, — деді мешіттің бас имамы Батыржан Мансұров.
Ауызашар рәсімі соңында құран оқылып, бата берілді.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.