
Мемлекеттік тіл – татулықтың тұғыры
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХIV сессиясында сөйлеген сөзі – ел бірлігін, қоғамдық келісімді және мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы нақты әрі терең ойластырылған ұстанымдарды айқындап берді.
Президент атап өткендей, этносаралық қатынастар мен ұлттық бірліктің негізі – «Біз – әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз» деген берік қағидаға сүйенеді. Бұл қағида – еліміздегі барша азаматтың тең құқықтары мен мүмкіндіктеріне кепілдік беретін басты бағыт. Мемлекет өз азаматтарының ұлтына, дініне, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, барлығына бірдей жағдай жасауы – әділетті қоғам құрудың негізі.
Сонымен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оны этносаралық қатынас тілі ретінде орнықтыру мәселесіне Мемлекет басшысы ерекше назар аударып отыр. Бұл өте орынды. Себебі бүгінде жастардың басым бөлігі – 80 пайызға жуығы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырып, алғаш мектепке баратын бүлдіршіндердің 70 пайыздан астамы қазақ сыныптарына қабылдануы – мемлекеттік тілдің болашағының жарқын екенін көрсетеді.
Сонымен қатар Президенттің тіл мәселесінде сабырлы, парасатты көзқарасты ұстану туралы пікірі — баршамыз үшін үлгі. «Мына тілде сөйле!» деп біреуді мәжбүрлеу, қоғамда алауыздық туғызуға әрекет ету – бұл ұлтымыздың ұйытқысы болған татулыққа сызат түсіретін әрекет. Сондықтан мұндай теріс қадамдарға тосқауыл қойылғаны да дұрыс. Қазақ елінің шаңырағының астында өмір сүрген әр адам саналы түрде оның мемлекеттік тілін де құрметтей білуі керек деп ойлаймын.
Ассамблея мінберінен айтылған осы маңызды тұжырымдар — ұлт бірлігін бекемдей түсуге бағытталған салмақты саясаттың көрінісі. Президенттің байыпты бастамаларын біз, халық қалаулылары, әрқашан қолдаймыз және оны жүзеге асыру жолында жұмыла жұмыс істеуге дайынбыз.
Азамат ДӘУЛЕТҚАЛИЕВ,
Мақат аудандық мәслихатының депутаты
Сурет: assembly.kz