БІР ӨЗІ – БІР МЕКТЕП
Ол өз бойындағы астасып жатқан терең білімділік пен байыпты көрегендік қасиеттерімен мағыналы ғұмыр кешіп, артында өшпес із қалдыра білді. Қарап отырсақ, бұл азаматтың өмірінің әрбір парағы Отанымыздың өткен және таяудағы тарихымен астасып, қазіргі заманға келіп тоғысып жатыр. Сындарлы шежіредей боп тұнған ғұмырының басым бөлігін арнаған қырық жылдан аса әскери қызмет жолы – кейінгі ұрпаққа терең теңіздей парасаттылықтың белгісі тәрізді көрінеді.
Бисен Саппайұлының қауіп-сіздік саласы мен жалпы қоғамдық өмір бойынша жүзеге асырған кең ауқымды істері және белсенді бастамашыл іс-қимылдары – халқына деген зор сүйіспеншілік пен елжандылығының айғағы. Оның осыншама өлшеусіз еңбегі елеусіз қалған жоқ, лайықты бағасын алды. Ол көптеген ордендердің иегері болды, генерал-майор шенін иеленді, Атырау қаласы мен облысының құрметті азаматы, МҚК-ҰҚК органдарының құрметті қызметкері атанды. Ол өзінің асыл адамгершілік қасиеттерін көпшілікке бірдей танытып, дара тұлғасын алыс пен жақынға бірдей мойындата білді.
Өткен жылдың желтоқсан айының басында, жасы тоқсанға қараған шағында өмірден озған марқұм асыл азамат, талай жыл әріптес болған Бисен Саппайұлы жайында жылы бір естелік жолдарын жазып, өзімді толғандырған ой тиегін халықпен бөліссем деген ой мені бұрыннан толғандырған болатын. Оның 80, 85 жылдық мерейтойларына орай осы газет бетінде жарық көрген мақалаларымда да Бисекең жайында жан-жақты жазылған болатын. Дегенмен, оның ерен еңбекқорлығы, асқан адамгершілігі, мол мейірімі мен ақжүрек адалдығы, ақжарқын пейілі жайында тағы бір әсерлі әңгіме қозғаудың артықтығы болмас деп шештім.
Өнегелі тұлғалардың өмірі туралы тереңірек білген сайын, олардың бойындағы астасқан қайраткерлік пен жан дүние кемеңгерлігіне, даналығы мен тектілігіне еріксіз таң қаласыз. «Жақсымен өткізген бір сәтің жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» демекші, Бисекеңнің көзтаныс замандастары мен қаруластары қатарындағы елге танымал азаматтар О.Көшеков, Е.Тасқынбаев, М.Сағынбаев, Ә.Кенжебаев, Р.Шырдабаев және бұрынғы облыстық ҰҚК департаментінің бастығы болып қызмет атқарған К.Медеуовтер марқұммен қоштасу кезінде онымен бірге өткізген ыстық сәттерін, өмір кезеңдері мен еңбек жолдарын қимастықпен еске алды. Оның аз сөйлеп, көп тыңдайтын сабырлылығы, ұстамды мінезі, жөні келгенде айтар сөзін іркіп қалмайтын турашылдығы айтылды. Соның ішінде Бисекеңнің «Қандай тергеу жүргізілсе де, ең алдымен адамның кінәсіздігін дәлелдеймін деген мақсатта жүргізілсе, сонда ғана әділдік орнайды» деген ұтымды пікірін аталған азаматтар ризашылықпен еске алды. Шынында да, Бисен Саппайұлының адамға деген қамқорлығы, еш жолдан таймас шыншылдығы, тұжырымды ой-пікірге байлығы, ой-өрісінің кеңдігі мен сыртқы түр-тұлғасы табиғатынан ұлттық қауіпсіздік органдарында басшылық лауазымдарда қызмет ету үшін жаралған адам етіп, көрсететін.
Қоштасу күнінде сөз алған Кеңес Одағы дәуірінде ҚР МҚК басшылары болып еңбек еткен генералдар: В.Шевченко, З.Камалиденов және көп жылдар бойына онымен үзеңгілес жолдас болған В.Целищев, Е.Сабитов Бисекең жайында естеліктер айтып, оның он бес жыл бойына ҚР МҚК Атырау облысы бойынша басқармасында басқарма бастығы болған кезіндегі ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосқанын құрметпен жеткізді. Осы еңбегінің нәтижесінде Қазақстандағы көмірсутек қорының мөлшері дүние жүзі бойынша алғашқы он елдің қатарынан табылғандығы, сонымен қатар осы байлықты игеруге Америка, Германия, Италия, Англия, Жапон елдерінің ірі компаниялары елімізде өз жұмыстарын бастағаны айтылды.
1975 жылдан бастап Гурьев мұнай өңдеу зауытына, кейіннен Теңіз кен орнына шетелдерден мамандар легі келе бастағаны мәлім. Осы кездерден-ақ жасырын тәсілдермен қарсы барлау жұмыстарын үлкен шеберлікпен, біліктілікпен ұйымдастыруды Бисекең өз бақылауына алды. Осы тиянақты жүргізілген жедел іс-шаралар барысында істен шыққан техникаларды көзбояушылықпен шикізатқа айырбастаумен айналысып жүрген шетелдіктер, олардың арасында арнайы органдардың барлау қызметкерлері әшкереленді. Атырау облысы жерасты байлық қоры туралы құпия мәліметтерді алуға талпынған олардың зымияндық әрекеттері нәтижесіз қалды.
Тағы бір айта кетер ерекше еңбегі – 1980 жылғы атышулы «қара уылдырық» контрабандалық ұйымдасқан қылмыстық топ әрекеттерінің әшкереленуі. Бұл істің қорытындысы сол кезде Кеңес Одағының орталық партия комитетінде және мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде талқыланып, жоғары баға берілген болатын.
Осыларды еске алғанда, көз алдыма Бисекеңнің қуқыл тартқан өңіне нұр тарайтын сәттері келе қалады. Өз қарамағындағылардың жұмыстарына баға беріп, атқарылған іс-шараларды сараптау кезінде, өзінің риза болғанын «алақандарыңыздан адалдықтың иісі аңқып тұрғаны сезіліп тұр» деп өзіне тән үнсіз жымиысымен білдіретін. «Біздің қызмет – инемен құдық қазғандай» деп қайталай, әрбір қызметкерден білім нәрімен сусындап, өз біліктілігін жетілдіріп отыруды талап ететін, парасаттылықты ту қылып ұстану қажеттігін ескертіп отыратын еді. Оның айтқандарын ұйып тыңдаушы едік, оған себеп – оның орысша да, қазақша да шешендігі, айтар ойын нықтап толық жеткізе білуі. Оның айтқан көптеген пікірлері мен қолдау сөздері, ақыл-насихаты жас қызметкерлерді жігерлендіре түсетін. Бисен Саппайұлынан тәлім-тәрбие алып, құпия қызметте шыңдалып, генерал атағына дейін абыроймен жеткен қызметкерлер М.Дауенов, А.Дружинин, Ю.Серебряковтар Бисекең жайында сөз қозғалғанда: «Ол ерекше жаратылысты, тағылымы мол тәлімгер еді. «Біреу саған опасыздық жасаса, сен оған жақсылығыңмен жауап бер, сен одан мықтысың ғой» деген сөздері нағыз кемеңгер тұлғаның пікірі емес пе?!» деп сүйсіне баяндайды.
1986 жылғы «Желтоқсан ызғарында» да кей басшылар секілді бұғып қалмай, айбаттана білген генерал-майор Б.Саппаев: «Мен – қазақпын, өз ұлтымды сүйемін, қаһарман халқым үшін қызмет етемін деген жастарды ұлтшыл деп айтуға болмайды» деген пікірінен ешқашан тайған емес.
Бисекең осынау ауыр да абыройы мол жұмыс саласын шебер басқара білді. Ешкімнің ала жібін аттамай, адалдықты ту еткен басшысын қарамағындағылар қатты құрметтейтін. Жауапты операциялардың барлығына да өзі тікелей қатынасатын, өз бойындағы барлық асыл қасиеттерді қызметкерлеріне дарытуға ұмтылатын. Бисекең өзі қанаттандырған шәкірттерінің әр жетістігіне шын көңілден қуанатын.
Бүгінде ҚР ҰҚК-нің Атырау облысы бойынша департаментінің қадірлі ардагерлері қатарындағы В.Целищев, Н.Иглашев, Ә.Ақботин, С.Иралиев, С.Саркитов, С.Бисенов, М.Медетов, М.Амиров, К.Сапиев, Ж.Бисенғалиев, А.Бақтыгереев, К.Ерғазиев, Б.Мақашев, А.Нұржанов және өзге де полковниктер «Генерал Бисен Саппаев адамгершіліктің ең ізгі қасиеттерін бойына сіңірген, ар, намыс, нысап, ұят деген құндылықтарды өмірінің темірқазығына айналдырған абзал жан ғой» деп әңгіме еткендеріне талай куә болғам.
Қазақстанның қауіпсіздік қызметі тарихында Бисен Саппайұлының есімі алтын әріптермен ізін қалдырды. Сол себепті облыстық мұражайда аталған тұлға жөнінде тиісті мәліметтер толығымен жинақталып, арнайы бұрыш берілсе, алдағы уақытта өз қаламызда осы кісінің атымен көше аталса, нұр үстіне нұр болар еді. Өзі ұзақ жылдар бойына басшылық қызметте болған Облыстық ұлттық қауіпсіздік ғимараты алдына ескерткіш бейнесін орнатуды қолдаған қазіргі департамент басшылары мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Ақботин Б.Саппаевтың ақиық азамат, құпия қызметтің арланы, біздің өңірден шыққан тұңғыш генерал-чекист және дара тұлға екендігін жиі алға тартады.
Еліміз еңсесін көтерген шақта, өзіміздің қадірлі азаматтарымызды ұлықтап, құрмет көрсету туған еліміздің абыройын одан әрі асқақтатып, көздеген арман-мақсаттарымызға алқынбай, тартынбай жетуімізге себін тигізер еді.
Бүгінде Бисекең арамызда жоқ, бірақ оның алып денелі келбеті, өнегемен өрілген өмір жолы біздің жүрегімізден мәңгі орын алады. Тірі болса, бүгінде тоқсанға келетін қадірлі азаматымызды құрметпен еске алып, оның биік те асқақ рухының алдында ілтипатпен тағзым етеміз.
Мүтәлі ТӘЙТЕНОВ,
ҚР ҰҚК комитетінің құрметті ардагері.