Бір жылдық белес: cанаға – рух, жанға жігер берген жоба
Астана қаласындағы Ұлттық музейде Елбасының «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының бір жылдығына арналған есеп беру жиыны өтті.
Атқарылған іс аз емес
Ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, жоғары оқу орны ректорлары, жергілікті және өңірлерден келген БАҚ өкілдері қатысқан игі шарада Мемлекет басшысының мақаласындағы «Туған жер», «Киелі жерлердің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа есім», «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Қазақ тілін латын қарпіне көшіру» жобаларының жүзеге асуы кеңінен талқыланды. Жиын барысында Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева сөз алып, бағдарлама аясында елдің барлық өңірлерінде атқарылған жұмыс нәтижелерімен таныстырды. Оның айтуынша, осыған дейін жасалған жұмыстарды әрі қарай тиімді жалғастыру қажет. Сонымен қоса, бір жылғы атқарылған жұмыстарды атап өтіп, алдағы кезеңдерге белгіленген шараларға тоқталды.
Туған жер – тұғырың
Президент Әкімшілігі мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі Мақсат Мұқанов «Туған жер» арнайы жобасы туралы сөз қозғады. Жалпы, бұл жоба бойынша меценаттардың қолдауымен 51 млрд. теңге көлеміндегі 700-ге жуық нысан бой көтеріп, қайта қалпына келтірілген. «1700-ден аса демеуші осы жұмысқа атсалысып 2018 жылғы бірінші тоқсанда 4 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлген. Биыл 61 млрд. теңгеге 450 нысанды салу мен жөндеу жұмыстары жоспарлануда» деді М.Мұқанов.
Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова бағдарлама аясындағы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасында алдағы уақытта атқарылмақшы шараларға тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама еліміздің мәдениеті мен руханиятын жер жүзіне таныстырып, олардың әлемдік деңгейден өз орнын табуға мүмкіндік береді. Соңғы бір жыл ішінде отандық мәдениеттің жауһарларын төрткүл дүниеге таныту бағытында орасан зор жұмыстар атқарылды. Қазақтың театр және кино өнерін әлемдік деңгейде насихаттау да – осы бағдарламаның алға қойған басты бағыттарының бірі.
Вице-министр сөз барысында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген өнер қайраткері Медет Шотабаевқа ерекше тоқталып өтті. Ол бүгінде «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі. Талай ірі халықаралық байқауларда топ жарып жүрген опера әншісі жақында Италияның «Италия Жұлдызы» орденімен марапатталған.
Киелі Сарайшық – мемлекеттік қорық
Тағы бір негізгі жоба «Киелі жерлер географиясы» туралы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы сөз алып, жаңадан ашылатын үш мемлекеттік қорыққа қатысты Yкімет тарапынан арнайы қаулы қабылданғанын жеткізді. Жүргізілген жұмыстар барысында жалпыұлттық және өңірлік маңыздағы нысандардың тізімі жасалған. Оған жалпыұлттық маңыздағы 185 және жергілікті маңыздағы 463 қасиетті нысан енгізілген.
– Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысымен арнайы үш мемлекеттік қорық ашылады,-деді ол. – Оны Президент Әкімшілігі қолдады. Бұл – Елбасының тапсырмасы. Бірінші қорық – елорданың іргесіндегі Бозоқ қалашығы. Тарихымыздағы елеулі оқиға болған жер. Көбіміз оны біле бермейміз. Болашақта сол жерде үлкен музей-орталық ашылады. Екінші қорық – Ботай. Бұл жерде адам баласы алғаш жылқыны қолға үйретті. Оны әлем ғалымдары да мойындап отыр. Үшіншісі – Сарайшық. Атырау облысында орналасқан. Қазақтың талай ардақты хандары жатқан жер. Былтырдан бері онда Атырау облысы әкімдігінің бастамасымен үлкен жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары атқарылып жатыр. Кезінде Қасымхан елдің астанасын Ұлытаудан сол жерге арнайы көшірген. Сөйтіп, Алтын Орданың мұрагері кім екендігін көрсетті. Сондықтан, Сарайшық – біз үшін үлкен геосаяси құндылық. Оны кеңінен насиxаттап, баршаға жеткізе білуіміз керек.
Осындай маңызды бастаманың тағы бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша сөз алған Ұлттық аударма бюросының директоры Рауан Кенжеханұлы жобаны жүзеге асырудың жай-жапсарына кеңінен тоқталды. Сонымен қоса, жиылғандарға осы жоба аясында жарыққа шыққан 18 кітап таныстырылды.
Сондай-ақ, шара шеңберінде әрбір жоба бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелерін көрсететін көрме ұсынылып, «Мәдениет» порталының таныстырылымы болды. Көрмеге келгендер, сондай-ақ, қойылған стендалар мен интерактивті тақталардан әр жоба бойынша атқарылған жұмыстар туралы мәліметтерін тамашалай алды.
Мұратбек Жаңабай
Атырау-Астана-Атырау.