БІР СУРЕТТІҢ СЫРЫ
Тұңғыш Президент күні қарсаңында редакциямызға ардагер мұнайшы Төлеген Байзақов келді. Қолында бір сурет бар. Қарасақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2001 жылы мұнайлы өлкеге келген сапарында «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өткен волейбол ойынынан кейінгі фотосуретте қалған естелік екен.
— Сол жолы біз Президентімізді жаңа қырынан тани түстік. Күндізгі түрлі шаралардан кейін, кешкі мезгілде дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде волейбол ойнауға келдік. Бір сәт кешенге Елбасы кіріп келді. Ол кісі көп кешікпей спорттық киімін киіп, бізге қосылып кетті. Қарсылас команда ойыншылары қысылып, еркін ойнай алмады. Соны байқаған Нұрсұлтан Әбішұлы «Әй, жігіттер, дұрыстап ойнасаңдаршы» деп дауыстады. Ойынға өзі де беріліп, жеңімпаздар әділ сараланғанын қалады. Мен Президент командасы сапында Елбасымызбен бірге ойнадым, біз жеңіске жеттік. Бұл ойын менің есімде мәңгілік қалды, — деп еске алады ардагер мұнайшы.
А.ЕРТІЛЕУ.