ФАРИЗА – Х.ДОСПАНОВА АТЫНДАҒЫ ШӘКІРТАҚЫ ЖЕҢІМПАЗЫ

Аманшылық болса, алдағы жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерейлі тойы атап өтілетіні белгілі. Осыған орай, өткен жылы Атырау облыстық ардагерлер кеңесі Халық қаһарманы, Қазақтың қанатты қызы атанған, даңқты жерлесіміз Хиуаз Доспанованың есімін мәңгілік есте қалдыру, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында бір игі бастамаға мұрындық болған-ды. Атап айтқанда, Атырау қаласындағы жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орындарының студенттері үшін батыр атындағы арнайы шәкіртақы тағайындауды ұйғарған-ды.

Жақында, қоғамдық ұйымның жанынан құрылған комиссия өзінің кезекті отырысын өткізіп, Х.Доспанова атындағы шәкіртақының жеңімпазын анықтады. Ол – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жаратылыстану факультетінің физика мамандығы бойынша тобының үшінші курс студенті Фариза Еділжанқызы болып шықты.

Білгеніміздей, комиссияның сарабына осындағы алты бірдей оқу орнынан ұсыныс түскен. Солардың арасынан үміткерлерге қойылатын барлық талаптарға (үздік оқуы, үлгілі тәртібі, қоғамдық жұмыстарға қатысы немесе белсенділігі, т.б.) сәйкес келіп,  сыннан сүрінбей өткен Фариза атаулы шәкіртақының иегері ретінде танылған.

Cтипендияның тағайындал-ғандығын куәландыратын сертификат таяуда студентке өзінің дәріс алып жатқан білім ордасында салтанатты жағдайда табысталды.

Дәулетқали АРУЕВ. 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз