
Бір сергіп қайтсам ба екен, елге барып…
Саналы ғұмырын еліне адал еңбек етіп, халқына қалтқысыз қызмет қылуға арнаған, көптің құрметіне кенеліп, ілтипатына бөленген ардақтыларымыз аз емес. Солардың санатында бүгіндері торқалы тоқсан жастың тұғырына қонып отырған Мәдина Ғабдісәлімованы атауға болар еді.
Атырау облысының, Атырау қаласының және Махамбет ауданының Құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері танылған тұлғаның мерейлі тойына орай оның кіндік қаны тамған туған жерінде керемет бір кеш өтті. Шараны Махамбет ауданының әкімдігі мен аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды. «Өнерпаз» мәдениет үйінде «Бір сергіп қайтсам ба екен, елге барып…» тақырыбымен жалғасын тапқан кездесу кешіне жиылған көпшіліктің қарасы аз болмады.

Бұрынғы «Жаманқала», қазіргі Махамбет ауданында кіндік қаны тамып дүниеге келген ол алғашқы еңбек жолын да осында ауыл мектебінде мұғалім болып, ұстаздықтан бастады. Қос дәуірдің қиындығы мен қызығын қатар көрген, заманында ер азаматтармен иық тіресе қатар жүріп, ел ісін шешуге араласқан апамыз әлі де тың, әлі де сөзі нық. Кеңес Үкіметі тұсында Махамбет, Исатай аудандарының партия комитеттерінде жауапты басшылық қызметтер атқарып, облыстың әлеуметтік-экономикалық және идеологиялық дамуына зор үлесін қосқан Мәдина Ғабдісәлімқызы облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы қызметінде де өзін парасат биігінен танытты. Ғасырға жуық ғұмырында біраз өткелден өтіп, атқарған еңбегінің арқасында абыройға кенеліп отырған Ақ Жайықтың ерке қызын жерлестері де құрмет-қошеметпен қарсылады.
Торқалы тоқсан жасқа арналған кездесу кешіне апайымыздың шашбауын көтеріп, көз көрген замандастары, оны құрмет тұтатын ауылдастары мен еңбек жолынан ізін жалғап келе жатқан белгілі қоғам қайраткерлері де келіп қатысты.

Кездесу кешінің шымылдығы бір кездері тыңдарманның жүрегін жаулап алған тамаша туындының дүниеге келуіне өзі себепкер болған Мәдина апайдың сүйікті әні «Ақерке, Ақ Жайық» әнімен ашылды. Тоқсанның төріне көтерілген шағында туған жерінің топырағына табан тіреген мемлекет қайраткері жиылған жұрттың қолпаштауымен сахна төріне озып, ақтарыла сыр шертті.
Сөзін «Жаманқалада туылып, бүгін жақсы адам болып алдарыңызда тұрмын» деп бастаған апамыз, сонау соғыс кезіндегі балалық шағынан бастап, даналық шағына дейінгі өмірбаянына қысқаша тоқталып өтті:
«Құрметті жерлестер, махамбеттіктер, бүгін міне 33 жылда бір келіп тоғысатын Наурыз бен Рамазанның аяқталар тұсында сіздермен жолығу бұйырған екен. Бұл да бір Жаратқанның сыйы болар. Біз соғыс кезеңін көрген ұрпақпыз. Жаңа ауылға келісімен марқұм анамның басына бардым. Сөйтіп, ойыма сол анам өмірден өткен 1947 жыл еріксіз елестеді. Сол жылы да өңірде алапат су тасқыны болған еді. Халық бірлікке жұмылып бал соқты, қара жұмыстан қашпады. Мына тұрған Мойнақтан атам, Шойдан анамның бауырлары келіп жерлеуге қатыса алмады. Әкем де, ағам да соғыс басталысымен майдан шебіне қосылды. Ағам ол кезде небәрі 10-сынып оқушысы еді. Анам он саусағынан өнер тамған шебер, ісмер жан еді. Сол қасиеті маған да дарыған. Біз көрген балалық шақ соғыспен тікелей байланысты. Жаманқаланың «Митинговая» көшесінде тұратын үлкен қара радиодан жаңалықты тыңдап, ауылға келген хаттарды үй-үйге үлестіріп шығатынбыз. Үшбұрышты болса, сарбаздан келді, төртбұрышты болса қара қағаз деп бірден танушы едік. Кейін соғыс біткен соң әкем мүгедек болып оралды, ал ағам Чехословакия жерінде ерлікпен қаза тауып, қыршынынан қиылды. 2019 жылы басына барып, бір уыс топырағымды салып келдім. Бұл жағдай сол кезеңді көрген әр ұрпақтың, әр отбасының басынан өтті. Соғыстан соң да, ел еңсесін оңай көтермеді…»

Айтқан сайын түйдек-түйдек ойлары көмейінен ақтарылып жатқан апамызды жиналған жұртшылық та ұйып тыңдады. Әсем кештің себепкері болған апамызға аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев та құттықтау сөзін арнап, сый-сыяпатын көрсетті.
«Сіз туралы айтар дүние өте көп. Талай қайнаған істің бел ортасында жүріп, шәкірт тәрбиеледіңіз, тұтас облыстың идеологиясын дамытуға үлес қостыңыз. Сіз қашан туған жерге сағынып келсеңіз де, біз қошеметпен күтіп алуға әзірміз», – деді аудан басшысы құттықтау сөзінде. Тоқсандағы қайраткер апамыздың иығына шапан мен жаулығын жауып, махамбеттіктердің атынан ақ ботаны сыйға тартты. Осындай құрметті алыс-жақыннан келген кеш қонақтары да көрсетіп, жылы лебіздерін бөлісті.
Елдің ыстық ықыласы мен сый-сыяпатынан соң осы кештің арнайы қонағы, күміс көмей әнші, алғашқы еңбек жолын Махамбет ауданының сахнасынан бастап, Ғарифолла Құрманғалиев сынды ұлы тұлғаның сыныбына сол сахнадан қадам басқан Гүлмайдан Сүндетова апамыз бен «Өнерпаз» мәдениет үйінің өнерпаздары ән-жырдан шашу шашты.
Дәулетқали АРУЕВ
Махамбет ауданы