Жарнама
Қоғам

Бір сәт бірнеше жылға пара-пар

ЖУРНАЛИСТ АТАНҒАЛЫ БҰЛ МАМАНДЫҚТЫҢ ҚЫРЫ МЕН СЫРЫН ТАНЫП, ЫСТЫҒЫ МЕН СУЫҒЫН ДА КӨНІП КЕЛЕ ЖАТЫРМЫЗ. КӨРГЕНІҢ МЕН ЕСТІГЕНІҢДІ ЖАЗУ, ОҚЫРМАНҒА ЖЕТКІЗУ ШЕБЕРЛІККЕ БАЙЛАНЫСТЫ БОЛАР, ДЕСЕК ТЕ МАҚАЛАНЫ СУРЕТІМЕН ҚОСА БЕРГЕНДЕ ЖАСАҒАН ДҮНИЕҢНІҢ БОЯУЫ ҚАНЫҚ, ӘСЕРІ ЕРЕК БОЛАРЫ СӨЗСІЗ. БҰЛ ОРАЙДА, ҚАСЫҢДАҒЫ ФОТОТІЛШІНІҢ КӘСІБИЛІГІ МЕН БІЛІКТІЛІГІ МАҢЫЗДЫ ЖӘНЕ ҮЛКЕН РОЛЬ АТҚАРАДЫ. «АТЫРАУЛЫҚТАР» ҮШІН САНАУЛЫ КҮНДЕРДЕН СОҢ ЕЛУДІҢ ЕСКЕГІН ЕСКЕЛІ ОТЫРҒАН ФОТОТІЛШІ ЕРЛАН АЛТЫБАЕВТЫҢ ОРНЫ БӨЛЕК. СУРЕТКЕ ТҮСІРУ ОҢАЙ КӨРІНГЕНІМЕН, СӘТТІ КАДРДЫ «ҰСТАП АЛУ», БІР ҒАНА КАДРМЕН АДАМНЫҢ, ТАБИҒАТТЫҢ ЖАЙ-КҮЙІН ЖЕТКІЗЕ БІЛУ ТАЛАНТПЕН ҚАТАР ЕҢБЕКТІ ТАЛАП ЕТЕДІ. ӨЗІ АЙТҚАНДАЙ, «БІР ҒАНА СӘТКЕ – ӨМІРДІҢ ӨЗІН СЫЙҒЫЗА САЛАТЫН» ӨНЕР ИЕСІ ЕРЛАН СӘКЕМБАЙҰЛЫ ҚАШАН ДА ҚОҒАМДЫ БЕЙНЕЛЕП КЕЛЕДІ. ҚАЛТАРЫС-БҰЛТАРЫСЫН АЙНЫТПАЙ ОЙ АРҚАЛАТАТЫН ӨНЕР ИЕСІНІҢ ӨЗ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН АЛДАРЫҢЫЗҒА ӨЗІ ҰСЫНСЫН ДЕГЕН НИЕТПЕН СҰХБАТТАСҚАН БОЛАТЫНБЫЗ. КЕЙІПКЕРІМІЗ ҚАЗАҚ ФОТОӨНЕРІНІҢ БОЛАШАҒЫ МЕН КЕМШІЛІКТЕРІ ТУРАЛЫ ОЙ БӨЛІСІП, ЖАС ФОТОГРАФТАРҒА БІРНЕШЕ АҚЫЛ-КЕҢЕСІН ДЕ ҰСЫНДЫ. ЕНДЕШЕ… МАРХАББАТ

– Əңгімені фотожурналистикаға қашан бет бұрғаныңыздан бастасақ… Негізгі мамандығыңыз кім?

– Иə, айтқандай-ақ, əңгімені негізгі мамандығымнан бастайын, суретшімін. 1989- 1994 жылдары А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында сурет-кескіндеме факультетінде білім алдым. Бала кезімнен сурет салуға, сызып-жазуға жақын болып өстім. Бұл қасиет анамның жағы, нағашы жұртымнан берілген болуы керек. Анамның туған інісі Табылды Мұқатов – республикаға танымал суретші. Мен фотоөнерге кездейсоқ келдім. 2005 жылы болатын, цифрлы аппараттың жаңа шыққан кезі еді. Ол кезде облыстық «Atyraý» газетінде бет құрушы дизайнер болып еңбек етіп жүрдім. Сол сиқырлы цифрлы фотоқұрылғы мені өзіне баурап алды. Қызықтым. Алдымыздағы Қайрош Қабдешев, Олег Свидин, Амангелді Мутигуллин сынды мықты маман фототілшілердің мектебінен өттім. Сурет салу мен суретке түсіру – өнер. Сондықтан, суретшілік мамандығым фототілші ретіндегі алғашқы баспалдағым болар…

41581ede b5ed 4d2d aeb6 6c11c0a110c2

– Фототілші ретінде алғаш түсірген суретіңіз есіңізде ме?

 – Жаңа айттым ғой, мен редакцияда жұмыс жасап жүргенде газеттің фототілшісі Қ.Қабдешев еді. Ол 36 кадрлық фотоаппаратымен шедевр дүниелер жасады. Жаңа цифрлы құрылғыны түсіне алмады. Мен компьютерде газеттің макетін жасап, бет құрып жүрген соң, жаңа модельдегі фотоаппараттың жаңалығы таңсық болмады. Бір күні сол кездегі басшымыз Е.Дошаев мырза жаңа фотоаппаратпен жиналысқа барып келуімді тапсырды. Тапсырманы орындап келдім. Дегенмен, елге көрсететіндей, газетке жариялайтындай сəтті кадр болмады. Өйткені, мұндай фотоаппараттарда суретке түсіретін батырмасын басқанда үш секундтан кейін түсіреді. Сол уақытты есептемей қалдым-ау деймін, сол кездегі облыс əкімінің тіке отырған суретін таба алмадық. Сол жолы басшылықтан ұрыс естідім. Алайда, ол маған үлкен сабақ болды.

– Фотомұрағатыңызда қанша фото бар?

– Жалпы санын жобамен айтар болсам, бес мыңдай фото бар. Солардың арасында өзіме ұнайтын ерекше фото деп 300-ге жуық суретті айтар едім. Оларды 9 желтоқсан күні өтетін жеке шығармашылық көрмеме шығарып отырмын. Түрлі эксперименттер жасалды. Фотографтардың тілімен айтқанда, осы уақытқа дейін бірнеше терабайт контент жасадым.

eb00f7b4 9fd1 4b7a ad61 73a56025bc7a

 – Қазіргі фотожурналистика мен бұрынғы фотожурналистиканың айырмасы қандай деп білесіз? Болашағы қалай болады деп ойлайсыз?

– Бізге жол салып кеткен Сиезд Бəсібеков, Нұрғожа Жұбанов, Сайлау Пернебаев, Дендербай Егізов, Асылхан Əбдірайым, Шүкір Шахай, Қайрош Қабдешев, Олег Свидин, Амангелді Мутигуллин секілді ардагер фотожурналистердің атын атамай кетуге болмайды… Олар бізге жол салып кетті, бағытты көрсетті. Қазіргі қазақ фотожурналистикасы дамыды деуге болады. Өйткені, заман, технология бір орында тұрған жоқ, техника дамыған сайын, біз де алға қадам басып келеміз. Бұрынғы уақытта жастар барынша білімге қызығатын. Бүгінде түрлі техниканың жақсы дамуына байланысты олар фотоаппараттардың сан алуан түріне, қосымшаларға əуестенеді. Ал, композиция, ракурс сияқты фотоның композициялық құрылымына аса мəн бермей жатады. Дегенмен, мақсат айқын болғандықтан, фотожурналистика саласының болашағы зор деп ойлаймын. Жалпы, фотографтарға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп, дамыған мемлекеттердегі фотография саласымен байланыс мықты болса, бəсекелестік артады, бəсекелестік болған жерде даму болатыны белгілі. Біздің ел – қай жағынан алып қарасақ та өте бай мемлекет. Неге əсем табиғатымызды, мақтаныштарымызды сурет арқылы жеткізбеске?! Елдің мақтанышына айналған Геннадий Головкин, Димаш Құдайбергенов, Жанқош Тұраровтарды түсіретін шетелдік фотографтар жетіп артылады. Бірақ, өзіміздің қаракөз қазақ фотографтар оларды өзгеше қырынан көре алады жəне көрсете алады. Біздің проблемаларымызды, мысалы, Жайық өзенінің, Каспий теңізінің тартылған жай-күйін сурет арқылы неге көрсетпеске?! Осының бəрі дами түссе, қазақ фотоөнерінің болашағына сенім артуымызға болады.

– Фотоөнерге өнер деп қарайсыз ба, əлде кəсіп деп қарайсыз ба?

– Екіжақты қарау керек болар. Біз пайдаланатын техниканың жабдықтары арзан тұрмайды. Əрбір керек қуаттағыш батарейкалар болсын, флешка дейміз, жарық дейміз, осының бəрін ақтау үшін, əрине, кəсіп ретінде қарауға мəжбүрміз. Себебі, оған қаражат керек. Ал, енді екінші бір қырынан тек кəсіп деп қарайтын болсақ, өнер жағы кемшін түсуі əбден мүмкін. Сол себепті, таразының басын тең ұстаған жөн деп санаймын. Өнер жоқ жерде идея, жаңашылдық, ізденіс болмайтыны анық. Кəсіп жоқ жерде қаражат жоқ. Сол себепті екеуіне тең қараймын.

46d7dee9 8088 4980 a89f d346db542d2c

 – Ал, фотожурналист мамандығының беделі туралы не айтасыз?

– Фото тарих қойнауына кететін асыл дүние ғой. Осыдан 20-30 жыл бұрынғы суреттеріңді қарап, ерекше əдемі əсерге бөленесің. Шежіре деуге болатын шығар, ал фотоға түсіретін маманды шежіреші деуге болады-ау. Мысалы, ғаламтор, сайттардың келісімен газет-журналдар жойылып кетеді деген еді. Алайда, газетжурналдар саны, керісінше, өсіп келеді. Бейне, компьютер пайда болғанда фотоаппарат, фото жойылып кетеді дегенімен, фотографтар əлі бар. Ойлап отырсақ, бір сəт бірнеше жылға татиды, ол енді қайталанбайды. Мұны тек фотограф ғана жасай алады. Өміріміздегі еске алатын əдемі шақтарды есте қалдыратын, тарихта қалдыратын фотожурналистердің еңбегі. Сондықтан да, фотожурналист – ескірмейтін, заман өзгерсе де беделі бар мамандық.

– Сапалы сурет түсіру үшін нені білу керек? Қандай кеңес бересіз?

 – Камера – адамның көзі. Бір нəрсені түсірмес бұрын фотограф ойша жоспар құрып алады. Сол жоспардың іске асуына камераң көмектеседі. Объектив те дəл солай. Алдымен, сапалы фотоаппаратты таңдау қажет. Одан соң, фотографиядағы ең бастысы – жарық. Сондықтан телефон, бейнекамерамен түсірсе де, жарыққа мəн беру керек. Суретке түсіріп жатқанда жарық жаққа қарай емес, жарық артынан түсетіндей етіп суретке түсіру керек. Онымен қоса, əр кадр сəтті шыға бермейді. Осы орайда, қажет емес деген, сəтсіз кадрларды бірден алып тастауға кеңес берер едім. Ең бастысы, жылдамдығын, арақашықтығын дұрыс қойса, сапалы, əдемі сурет шығады.

31dd2d33 af9b 4b4e 8f60 a2c8679b734d

– Болашақта балаларыңыздың фотограф болғанын қалар ма едіңіз?

– Қызым Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының сурет класын бітірді. Хобби ретінде айналысып жүр. Балаларым шығармашылыққа жақын. Болашақта суретші, қолөнерші, фотограф болса да, өнер жолында жүргенін қалар едім. Себебі, келешекте өнер саласынан, шығармашылық саладан өзге мамандықтардың жұмысын роботтар атқаратын болады. Ал, өнерді тек адамдар жасай алады. Өнер – шегі жоқ дүние.

– Фотожурналист отбасын, өз жұбайын, балаларын суретке жиі түсіре ме?

– Иə, отбасымды түсірген суреттер өте көп. Үйімізде том-том альбом фотоларын көрген адамдар таң қалмайды. Өміріміздегі əрбір қызықты сəттерді мүлт жібермеуге ұмтыламын. Естелік қой…

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button