Жарнама
Қоғам

Бір қолында –  бала. Бір қолында – сыра

Тал бесіктен жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің бастапқы негізі ата-ана болып қала береді. Баланың қоғамдық-әлеуметтік дамуы отбасында өз орнын алуынан басталады. Дегенмен, «әттеген-айлайтын» кездер де кездеседі. Білуімізше, облыста жүзден астам отбасы – жайсыз жанұялар санатында. Яғни, ересектер ішімдікке салынып, олардың тәрбиесіндегі балалар қараусыз қалған.

Облыстық полиция департаменті берген мәліметке сүйенсек, 400-ден астам бала қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатыр. Ал, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 178 жайсыз жанұяда 409 бала болған.   

Маскүнем әйел ұлттың түбіне жетпей ме?

Өткен жылы ғой деймін, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия отырысында араққа салынып азғындалған ана, анасынан айырылғысы келмей жылаған баланың тағдырына алаңдадық. Ол ол ма, бұл маскүнем келіншек облыс орталығындағы жекеменшік балабақшалардың бірінде тәрбиешінің көмекшісі болып еңбек ететінін естігенде қайран қалғанымыз рас.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» демей ме, облыстық комиссияға дейін қалалық комиссияда тағдыры талқыға салынғанда арақтың арбауына түскен апамыз жиынға балабақша басшысын да еріте келіпті. Екеуі де алкогольді сусынға сылқия тойып алған. Айтпақшы, азаматтық некедегі жары есірткіге қатысты істі болып, жазасын аяқтай өтеп жүргенге ұқсайды. Бұл туралы Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұхановтың өз аузынан естігенбіз.  

  Мәселе мынадан басталады. Өткен жылдың маусымында полиция басқармасына 1961 жылғы Н.Ж есімді азаматшадан келіні (бірінші күйеуі – арыз иесінің баласы өмірден өткен. Автор) азаматтық некедегі екінші жолдасы Е.Ж.-мен  бірге кәмелеттік жасқа толмаған немерелерімен бірге ешқандай жағдайы жоқ жалдамалы үйде тұратындығын, балалардың көзінше ішімдік ішіп, бар ақшасын темекі, алкогольге жұмсайтындығы жөнінде арызданады.

Полиция қызметкері арыз негізінде көрсетілген мекен-жайға барып, келінінің ол жерде тұрмайтындығын анықтайды. Үй иесі оны шығарып жібергенін айтып, балалардың тәрбиесімен айналыспайтынын, Е.Ж есімді ер адаммен бірге жиі ішімдік ішетінін растап, түсініктемесін де береді. Тексеру кезінде әлгі әйел адамның Құрсай ауылындағы балабақшада тұрып жатқандығы анықталады.

­– Қалалық комиссия отырысында келіні өзінің енесі Н.Ж-мен біраз сөзге келіп, өз тарапынан дөрекілік танытты. Азаматша жасөспірім балаларын тұрғылықты мекен-жаймен қамтамасыз ете алмай, тиісті аналық міндеттерін орындамай отыр. Осының нәтижесінде жасөспірімдердің тұрақты тұрғылықты жерінің болмауынан әжелері Н.Ж-ның тәрбиесінде Бірлік ауылында тұрып жатыр,- деген аталған комиссия төрағасы, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов комиссия мүшелері балалардың әжесі болса да заңдылыққа сәйкес заңды өкілі болып табылмайтындығын ескере отырып, балаларды уақытша облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастыруға, ал анасын ата-аналық құқығынан шектеу туралы сотқа ұсыныс жолдауға дауыс беру арқылы бірауыздан шешім қабылдағандарын жеткізді.   

Қорғаушы Алтын Меңдіғалиева ене мен келін арасы түзеліп, келінінің ішімдіктен бас тартқанын, азаматтық некедегі адамымен қарым-қатынасын үзгендігін, түзелгендігін жеткізіп, балаларды отбасына қайтаруын және ата-аналық құқығынан айырмауды сұрап, заң тілімен түсіндіріп берді. Басты кейіпкер де ортаға шыққанымен, жарытып ештеңе айта алмады. Мұны ол қобалжып тұрғандығымен байланыстырып, сылтау айтты. 

– Заң аясында шешілді деп ығыстыра салуға болатын еді. Алайда, ана мен баланың тағдырына немқұрайлы қарауға болмайды. Қалалық комиссияның әрекеті орынды. Десе де, екі бірдей ұлдың анасына бір мүмкіндік беріп, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, аяқтан тұруларына жағдай жасап көрсек… Азаматшаның бұл қателігі өміріне үлкен сабақ болатыны сөзсіз. Жауапты органдар бақылауда ұстауы керек. Қайткенде де толыққанды отбасы болғаны дұрыс, — деген облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев ана мен баланың болашағына бейжай қарамай, араша түскен болатын. 

  Бұл – біз білетін бір ғана отбасының тағдыры. Мұндай қолайсыз отбасында өсіп, маскүнем ата-ананың тәрбиесін көріп жүрген қаншама жасөспірім бар. Олардың жағдайлары қалай?

Өкініштісі, талай бала ата-анасы бола тұра, тірі жетім атанған. Олардың болашағы да бұлыңғыр. Психолог Мәрзия Ермұханованың айтуынша, ұрлық-қарлық, төбелес, т.б. қылмыстарға да, көп ретте, осындай отбасылардан шыққан жасөспірімдер барады екен.

Балабақшада кімдер жүр?

Бұл оқиға біздегі көптеген проблеманың бетін ашып берген секілді. Оның бірі – балабақша мәселесі…

Бүгінгі ішкілікке салынған жанның балабақшада еңбек ететініне бет шымшып отырғанда, қызметкерінің «шашбауын» көтеріп, айығып үлгермей, алкогольді масаң күйде жиынға келген мектепке дейінгі білім беру мекемесі басшысының қылығы білім саласындағы олқылықтан хабар бермей ме?

Оның үстіне бұл қызметкердің азаматтық некедегі жолдасы есірткімен байланысты істі болып, 2025 жылға дейін жазасын аяқтай өтеп жүргенін естен шығармайық. Сонда біздің балаларымызды кім тәрбиелеп жүр?  Біз баламызды кімдерге аманаттап жүрміз өзі? Балабақшаның санын көбейтеміз деп сапасыз білім беру орындарына жол берген жоқпыз ба? Мынадай мамандардан әлі тілі де шығып үлгермеген, не көргенін, не естігенін жеткізе алмайтын бөбектерімізге қауіп көп қой.

«Балық басынан шіриді», қызметкерімен қоса араққа тойған басшыға не дейміз? Бала өмірі бейқамдықты көтермейді. Кәсіпкерлікті қолдаймыз деп кәсіпкерлерге ауыз ашудан қалғанымыз бөлек әңгіме… Баланы бизнеске айналдырған балабақшаларды тексеріп, мамандарының  дайын «данныйын» дұрыстап зерттеп, зерделеу қажет болар. Бұл жағдай қасқырға қой бақтырғанмен бірдей. Әрине, барлық балабақшаға топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, санынан бұрын сапасына мән беру керек-ау. Сан қуып, балабажыр жасап, бауыр ет–баламыздың болашағына балта шаппайық.

Жасырып қайтеміз, бір қо­лымен баласының арбасын сүйреп, екінші қолымен сыра ішкен әйелді көріп, көз үйренгелі қашан. Біз мұндай күйге қалай жеттік? Алқаш анаға аманатталған үйлердің берекесі де, ме­рекесі де жоқ. Одан соң ішкіш ана тұтас ұлттың болашағына қауіп төндіруі мүмкін…

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button