БІР ЕЛ – БІР ТАҒДЫР – БІР КӨШБАСШЫ
Елбасының өз қолымен салған Астанасы Олимпиада, «EXPO-2017» көрмесі, басқа да халықаралық съездер мен форумдар өткізілетін, ұлы ойлар осы жерде тоғысатын Еуразиядағы ең сәулетті қалаға айналды. Бұл — бес ғасыр бойы бабалар аңсаған ұлы мұраттың іске асуы. Тәуелсіздік алған жылдары батыстың да, шығыстың да сәуегейлері «қазақ ел бола алмайды, оған экономикалық та, рухани да негіз жоқ» деп шуласты. Бірақ, ғасырлар бойы еркіндікке шөлдеген елдің ұланы егіншіліктен бастап космосқа дейінгі барлық мамандықты ұршықша үйірді. Сөйтіп, шыңыраудан шыңға шырқаған қыран қанатты ел әлемдегі ең озық елу елдің бірі атанды. Сөз жоқ, осының бәрі ұлтының Көшбасшысы, Елбасының ерен еңбегі арқасында жүзеге асты. Ал, болашақты болжаған Абыздың алдағы жылдарға жасаған жоспары бұдан да биік, бұдан да мәртебелі.
Халқымызда «Адамдар ақылдыға қарап ой түзейді, ажарлыға қарап бой түзейді» деген мақал бар. Міне, бүгін Қазақстан халқы сөйлесе — шешен, ойласа — көсем, ұлтына тірек, еліне жүрек болған Көшбасшысына қарап, бойын да, ойын да түзейді. Өйткені, Елбасы салған сара жол бізге ғана емес, бүкіл адамзатқа өнеге болатын ұлы жол!