
Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды
Атырау қаласындағы С.Мұқашев атындағы жоғары политехникалық колледжде «Әке міндеті – жақсы тәрбие» тақырыбында облыстық әкелер слеті өтті. Халықаралық Әкелер күніне орай ұйымдастырылған бұл шарада отбасы құндылықтары, әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі және қоғамдағы орны кеңінен сөз болып, әңгіме арқауына айналды.

– Бұл шара – тек бір күндік басқосу емес. Мұнда көтерілген мәселелер отбасындағы тәрбиеге, әкенің рухани жауапкершілігіне қатысты терең ойларға жетелейді. Әке – отбасының тірегі ғана емес, ұрпаққа бағыт-бағдар беруші тұлға. Слетті өткізудегі басты мақсат – отбасындағы өзара сыйластықты арттыру, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу, – деді тағылымды басқосуға ұйытқы болғандардың бірі, облыстық әдістемелік орталықтың бөлім басшысы Зина Керейқызы.
Ал облыстық әкелер кеңесінің төрағасы Қанат Қуанышұлының пікірінше, слет – әкелер үшін өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін ашық әңгіме құру, ой бөлісу алаңы. Бұған дейін әкелер кеңесінің ұйымдастыруымен «Ұрпағыңмен мың жаса!» атты жоба жүзеге асырылыпты. Аталған жоба аясында мектеп, мұғалім, ата-ана және әке арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі кездесу – әкелердің қоғамдағы өз рөлін жаңаша бағамдап, пайдалы ақпараттармен танысып, ой бөлісуіне жол ашады.

Слетке Қызылқоға ауданының Сағыз ауылынан келген көпбалалы әке Теміржан Санбаев өз ойын былайша жеткізді:
– Балаларым осындағы №9 орта мектепте оқиды. Бұл шараға арнайы шақырту алдым, тіпті алғыс хатпен де марапатталдым. Отбасымызда төрт ұл мен екі егіз қыз өсіп келеді. Ұлдарымның алды – жоғары оқу орнында білім алуда. Еңбекке араласып үлгергендері де бар. Әке ретінде маған жүктелер ең негізгі және маңызды міндет – балаларымды отаншыл, білімді, еңбекқор етіп тәрбиелеу.
Жиын соңында өңірлерден келген әкелер мен мамандар тәжірибе алмасып, пайымды пікір, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды.
Аружан МАКСИМОВА,
студент
Суреттерді түсірген автор