Жарнама
Қоғам

БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМНЫҢ БІРЕГЕЙ ОРДАСЫ

Бүгінгі таңда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті – Болондық жүйенің толықтай құқылы мүшесі. Сондықтан, университет әркез білім беру жүйесінде болондық үрдістің барлық талаптарына сай болуға ұмтылуда. Бұл жүйеде, ең бастысы – жоғары оқу орны беретін білімнің сапасы. Оның негізін университеттің жаңа құралдармен жабдықталған материалдық-техникалық базасы, зертханалар құру, жаңа инновациялық технологияларды пайдалану, электронды және қашықтан оқытуды жүзеге асыру құрайды. Екінші  талап – профессор-оқытушылық құрамның сапасы, кәсіби біліктілігі. Бұл жерде  оқытушының ғылыми дәрежесі туралы ғана сөз болып отырған жоқ, педагогтің қазіргі әдістемені пайдалана білуі, ақпаратпен жеткілікті қарулануы, қаншалықты  шынайы білім бере алатындығы маңызды. Қазіргі  ғалым, жоғары оқу орнының оқытушысы  бүгінгі күнге қажетті білім мен дағдыны өзі меңгеруі керек. Өмірлік тәжірибесін жинақтаған білімін үнемі жаңартып отыруы қажет,  себебі уақыт бір орында тұрмайды, техника күнбе-күн жаңаруда. Ғаламтор, компьютер – білімнің негізгі бұлағы саналмайды. Елбасымыз айтқандай, бүгін кітап оқығандар, ертең компьютер алдында ғаламторда отырғандарды басқаратын болады. Біз бұл жерден үшінші маңыздылықты аңғарамыз, ол – кітап пен кітапханалық қор. Барлық жоғары оқу орындарында студент кез келген кітабын таба алатындай, ол қай жерде басылса да,  өзіне қажетті маңызды да құнды  ақпарат алатындай кітапханасы болуы қажет.

М.Өтемісов атындағы БҚМУ бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға байланысты  жобаға қатысуда. Униерситетте физика және математика бағыты бойынша екі бірлескен білім беру бағдарламасы енгізілді. Бұл бірлескен бағдарлама Отто фон Герике атындағы (Германия) және Ұлы Казимир атындағы университеттердің (Польша) қатысуымен жүзеге асуда.

Біз қосдипломдық білім беру жүйесіне келе жатырмыз. Университетте РХДУ-мен (Мәскеу) бірлескен магистрлік бағдарламалар жүргізілуде. Бұл біздің магистранттарымызға  ресейлік диплом алуларына мүмкіндік береді. Болашақта біздің студенттеріміз қос дипломды: германдық және польша университеттерінің дипломдарына қол жеткізетін күн де алыс емес деп ойлаймын. Президент бізге  Қазақстанның білікті мамандары әлемнің әрбір түкпірінде сұранысқа ие болу қажет деген талап қойған болатын. Қазірде біздің тарапымыздан осы бағытта  нақты қадамдар жасалуда.

Бүгінгі таңда университетімізде 24 мамандық бойынша магистратура мамандығы бар. Осында оқып жатқан магистранттарымыз магистрлік зерттеу жұмыстарымен айналысуда.

Университетімізде білім алып жатқан магистранттар үшін шетелдік оқу орындарында ғылыми тағылымдамадан өтуге қолайлы жағдайлар жасалған. Жылына бірнеше  жас ғалымдарымыз тағылымдамадан өту арқылы өз білімдерін шыңдауда.              

Қазіргі кезде университетімізде 100-ге жуық шетел студенттері білім алып жатыр. Олардың арасында алыс шетелден – Германиядан,  Қытайдан, Ресейден, соның ішінде, Қалмақ мемлекеттік университетінен  студенттер бізде оқып, білім алуда. Биыл университетімізге бірқатар шетелдік профессорлар, шетелдік бағдарламалар өкілдері іссапармен келіп қайтты. 

Университет 2010 жылы институтционалды аккредиттеуден өтсе, 2012 жылдан бастап бірқатар оқу бағдарламалары халықаралық аккредиттеуден сәтті өтіп келеді. Елбасының халыққа арнаған Жолдауында білім беру ұйымдарындағы білімнің сапасын тәуелсіз агенттіктер сараптайтын  болады делінген. Бүгінде біздің оқу орнымен ресейлік АККОРК және еуропалық ACQUIN аккредиттеу орталықтары тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келеді. М.Өтемісов атындағы БҚМУ Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары аккредиттеу мен рейтингі тәуелсіз агенттігінің мәліметі бойынша 55 жетекші жоғары оқу орнының арасында 9-шы орынды иеленді. Он тоғыз мамандық мамандарды дайындаудың бағыты мен деңгейлік рейтингісі бойынша І, ІІ, ІІІ орындарға ие болды. Бұл да үлкен көрсеткіш деп білеміз. Түлектеріміз мамандық таңдауда жоғары оқу орындарының рейтингісіне мән беру керек деген ойдамын. 

Асхат ИМАНҒАЛИЕВ, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, профессор.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button