Жарнама
Қоғам

Білім мен нәпақа: жастардың қосарлы жолы

Бүгінде жоғары оқу орындарында білім алып жүрген көптеген студент тек оқумен шектелмей, қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Бірі — күнделікті шығындарын өтеу үшін еңбек етсе, енді бірі — болашақ мамандығына байланысты тәжірибе жинауды көздейді. Қалай десек те, оқу мен жұмысты қатар алып жүру – үлкен жауапкершілікті, мықты тәртіп пен уақытты дұрыс жоспарлауды талап етеді.

Неліктен студент жұмыс істейді?

Қазір студенттердің басым бөлігі материалдық қажеттіліктен жұмыс істеуге мәжбүр. Шәкіртақының аздығы мен өмір сүру шығындарының көптігі – басты себеп. Пәтерақы, жолақы, күнделікті тамақтану мен оқу құралдарына кететін қаражат – бәрі қосымша табыс көзін іздеуге итермелейді. Сонымен қатар кейбір жастар ерте еңбекке араласу арқылы өз бетімен өмір сүруге бейімделіп, өмірлік тәжірибе жинауды мақсат етеді. Бұл – олардың өз-өзіне сенімін арттырып, жауапкершілікті сезінуге көмектесетін маңызды қадам.

Жұмыстың оқуға әсері қандай?

Қосымша жұмыс студент үшін пайдалы болғанымен, оның оқу процесіне тигізер кері әсері де жоқ емес. Сабақ кестесі мен жұмыс уақыты қабаттасып жатса, студенттің үлгерімі төмендеп, сабаққа қатысуы азаяды. Көп жағдайда шаршау мен ұйқының жетіспеуі тапсырмаларды уақытында орындауға кедергі келтіреді. Алайда егер студент өз уақытын тиімді жоспарлай алса, білім алу мен жұмыс істеуді үйлестіріп, екі бағытта да жетістікке жетуге әбден болады.

Қандай жұмыс тиімді?

Бүгінде студенттерге арналған икемді жұмыс түрлері жетерлік. Мысалы, жарты күндік жұмыс (part-time), онлайн жұмыс немесе фриланс – білім алу процесіне кедергі келтірмейтін тиімді нұсқалар. Курьерлік қызмет, дәмханада даяшы болу, дүкенде сатушы немесе репетиторлық – студенттер жиі таңдайтын жұмыстар. Мұндай қызметтер студенттің өзіне сенімділігін арттырып қана қоймай, еңбек нарығындағы алғашқы тәжірибесін қалыптастырады.

Кім қолдау көрсете алады?

Кейбір жоғары оқу орындары студенттеріне университет ішінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл – кітапхана, жатақхана немесе әкімшілік бөлімдерде жұмыс істеу секілді жұмыстар. Сонымен қатар мемлекет тарапынан берілетін гранттар мен шәкіртақылар, әлеуметтік жәрдемақылар – жастарға қолдау бола алады. Осындай қолдаулар көбейсе, студенттер тек білім алуға көбірек көңіл бөліп, өзін-өзі дамытуға жол ашылады.

Қосымша жұмыс – студент үшін әрі мүмкіндік, әрі сынақ. Ол өмірлік тәжірибе мен қаржылық тәуелсіздікке жол ашса, екінші жағынан, оқу процесіне кедергі келтіруі де мүмкін. Сондықтан ең маңыздысы – уақытты тиімді жоспарлап, өзіне лайықты жұмыс түрін таңдау. Сонымен қатар мемлекет пен оқу орны тарапынан жастарға жан-жақты қолдау көрсетілсе, студенттердің болашаққа нық қадам басуына жол ашылады.

Айя КОКАЗОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті “Журналистика” мамандығының IV курс студенті

Сурет: gov.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button