ЕСБОЛДА ТУҒАН ЕР

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ағымдағы жылдың қаңтар айы Кеңес Одағының Батыры Иван Николаевич Березиннің өмірі мен ерлігіне арналып отыр. Осыған орай Атырау бизнес және құқық колледжінде қалалық әкімдік пен аталған колледж ұжымының ұйымдастыруымен оқытушылар арасында әскери-патриоттық эстафета ойындары өткізілді.  

Иван Березин 1923 жылы Есбол (Индер) ауданында дүниеге келген. Осы ауданның әскери бөлімінен 1943 жылы әскер қатарына алынады. Белоруссия, Балтық бойын жаудан құтқару шайқастарына қатынасып, ерен ерлік үлгісін көрсетеді. 1944 жылы Батыс Двинадан жауынгерлерді бастап өтіп, жауды талқандайды. Жерлесіміз әскери борышын өтеген 975-атқыштар полкінің 7-атқыштар ротасы өзенге алғашқы болып шығып, жауға қарсы тұрады. Сөйтіп, жауынгерлер қарсылас жақтың пулемет пен минометтерінің құрсауында қалады. Взвод командирі Кузнецов ауыр жарақат алып қалған кезде қызыл туды басынан жоғары көтерген Березин алдыңғы шепке шығады. Қасында Береснев пен Юркин бар, үш жауынгер қарша бораған оққа қарамастан өзенді кешіп өтіп, сол жақ жағаға өтеді. Көз алдарында болып жатқан ерлікті үлгі етіп, қалған құрам да соңдарынан ереді. Діттеген жағаға жеткен бойда Ибраев қансыраған Березиннің әлі кеткен қолдарынан туды алып, биік шоқыға байлайды. Оны көрген жау сарбаздары артқа шегінеді. Осы жолда Березин ерлікпен қаза тауып, 1945 жылы 24 наурызда оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

Ұйымдастырушылар атынан шараны Светлана Құбашева ашты. Экономикалық-құқықтық пәндер кафедрасы «Әділет», арнаулы техникалық пәндер бірлестігі «Комета», жалпы гуманитарлық және жаратылыстану пәндер бірлестігі «Айбын» топтарын құрып, өзара сайысты. Алғашқы бөлімде әр топ өздерін таныстырды. Одан әрі спорттық эстафета ойындарын дене тәрбиесінің оқытушысы Талғат Айтбаев жалғастырды. Қатысушылар арқан тартыс, қаппен секіру, баскетбол ойындары бойынша сынға түсті. Нәтижесінде әділқазылар алқасының ортақ шешімімен «Айбын» командасы жеңіске лайықты деп танылды. Колледж басшылығы топ капитаны Н.Теміров, І.Хамзина, Г.Мұқажанова, Ж.Талиева, А.Каппановаларға жүлделі мақтау қағаздарын табыстады.

– Ұлы Жеңіс – 1418 тәулікке созылған айбынды күрестің нәтижесі ғана емес, бұл ата-бабамыздың ізгі мұраты, ұзақ ғасырлық арманы. Біз – достықты жырлаушы, бейбітшілікті жақтаушы, тыныштықты сақтаушы елміз. Сондықтан елімізде ғана емес, күллі жер бетінде де мәңгі татулық орнағанын қалаймыз, – дейді колледждің тарих пәні бойынша оқытушысы Ақмарал Қазиева.

Батыр айлығы аясында колледжде «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес» атты іс-шаралар жоспары бекітілді. Шаралар легі кітап көрмесінен бастау алып, студенттердің қатысуымен спорт жарыстары, мұғалімдер арасындағы баскетбол ойындарына ұласты. 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз