Жарнама
Қоғам

Білім додасында – ерекше бала: бұл мүмкін бе?

Телеарналардан әлем назарындағы паралимпиада ойындарын көріп отырып мектепте де ерекше балаларды білім додаларына қатыстырса деп ойладық. Шынында, несі бар?!

Жақында осы идеяның болашақта жүзеге асуы мүмкін екенін естіп қуандық. Олай дейтініміз, күнделікті өмірде көбінесе қағыс қалып жатқан ерекше оқушылардың арасында пәндік олимпиадалар ұйымдастырылса, олардың да қабілеттері ескеріліп, мерейі мен мәртебесі арта түсетіні даусыз. Облыста тұңғыш рет өткізілген «Ерекше білім беруді қажет ететін балалар отбасыларының қоғамдастықтар мен мүдделі тараптардың мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері» атты форумда облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, жергілікті мекемелерде ерекше шәкірттерді арнайы олимпиадаларға қатыстыруға ұсыныс білдірді.

Иә, қазір қоғамда күйіп тұрған мәселенің бірі – ерекше баламен жұмысты нығайту, оларды ортаға бейімдеу. Өйткені, дәрігер-мамандар жыл сайын психикалық дамуында ауытқушылығы бар балалардың көбейіп келе жатқанын жиі айтып, дабыл қағып жүр. Демек, осы бағыттағы жұмысты пысықтап, күшейту кезек күттірмейтін маңызды проблеманың бірі болып қала бермек.

Бүгінде Атырау өңірінде ресми түрде ерекше білім алуды қажет ететін 6256 бала бар екен. Демек, олармен тікелей жұмыс істейтін, яғни, үйіне барып сабақ беретін, түзету кабинеттерінде еңбек ететін арнайы педагог-мамандарды да мазалайтын сауалдар назардан тыс қалмауы тиіс. Осыған байланысты, облыстық №1 психологиялық-медициналық педагогикалық консультация ұжымының бастамасымен TED-X форматында арнайы форум ұйымдастырылды. Ондағы басты мақсат – ерекше балалардың құқығын қорғау, білімге қолжетімділігін қамтамасыз етіп, ортаға бейімдеу.

Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманованың айтуынша, ерекше балалардың нормативтік стандарттарға сай білім алуының мәні күн өткен сайын артып келеді. Себебі, өзіміз де күнделікті өмірде байқап жүргеніміздей, мұндай балалар саны да көбейіп тұр. Сондықтан, олармен тікелей байланыста отырған педагог-мамандардың да ұсыныс-пікірлері ескерусіз қалмауы тиіс.

– Форумға дайындық барысында мен әлемдік тәжірибеге айрықша мән бердім. Озық елдердің нәтижелі әрі үлгілі істерін бізде де жүзеге асырсақ деп ойладым. Айтқандай-ақ, педагог ретінде мені Сингапурдың тәжірибесі көбірек қызықтырды. Оның үстіне, бір жылдары сол елге инклюзивті білім беру мәселесімен облыстан арнайы делегация барып келген еді. Олар сингапурлық заманауи тәсілді енгізуге тырысты. Біздің сол бастаманы қолдамақ ниетіміз бар. Нақтырақ айтсақ, Сингапурда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған олимпиада өткізіледі екен. Оған балаларды математика, информатика, тағы басқа бағыттар бойынша дайындайтын арнайы орталық та бар көрінеді, дайындап алған соң әлемдік деңгейдегі арнайы олимпиадаға қатыстырады. Меніңше, бұл – баланы да, ата-ананы да қолдау. Ал, бізде мұндай тәжірибе жоқ. Сондықтан, осы бастаманы пилоттық негізде 4-5 білім беру ошағында ұйымдастырып, кейін нәтижесі болса басқа да мектептерді қатыстыруды ұсынамын, — деді Орынтай Молдашқызы.

Ерекше оқушылар арасында тағы бір мәселе бар. Мәселен, үйден білім алатын балаға пәндер жеңілдетілген түрде оқытылады. Сол себепті, көптеген ата-ана түрлі жобалармен жұмыс істеп жатқан жекеменшік орталықтардың көмегіне зәру. Онда мамандар баламен дербес жұмыс жасаған соң нәтижесі жақсы. Олардың тілі де шығып, ашылып, өзгерістер байқала бастайды. Демек, қосымша білім берудің маңызын арттыру керек.

– Жалпы, оқушы мемлекеттен тегін білім алады. Ол – оның конституциялық құқығы. Шәкіртке орта білім беру – міндетіміз. Барлық мектепте білім балаларға стандартқа сәйкес беріледі. Диктант жазады, есеп шығарады. Ал, дамыту орталығында мемлекеттік білім беру стандарты қолданылмайды. Яғни, олар өздерін еркін ұстайды, сурет салады, эмоцияларын шығарады. Шын мәнінде, осы екі тарап бірлескен уақытта ғана бала жақсы дамиды. Нақтырақ айтсақ, қосымша білім беру мәселесіне мән беруіміз шарт. Егер мектепте осы бағыттағы жобалар дайындалып, әдістемелік орталыққа ұсынылса, арнайы мамандар әрі қарай оны қолдап, жетілдіруге көмектесер еді, — деп О.Биманова тиімді ұсынысын да ортаға салды.

Биыл облыс бойынша Жылыой ауданында психологиялық-медициналық педагогикалық консультациясы ашылса, қазірдің өзінде Атырау қаласында осындай үш консультация жұмыс істеп тұр. Келесі жылы облыс орталығынан тағы біреуі ашылмақшы. Басқарма басшысы орынбасарының пікірінше, Атырау қаласында қосымша білім берумен қамту үшін мектеп жанынан тәжірибе ретінде 4-5 білім беру мекемесін алу көзделген. Егер нәтижесі жақсы болса, облыстағы өзге де білім беру ошақтарында енгізіледі.

«Жарқыра» әлеуметтік бағдарламалар мен инновациялар қорының басшысы Ирина Горбаченконың айтуынша, соңғы жылдары облыста әлеуметтік кәсіпкерлік саласы өркендеп келеді. Бұл бизнес түрінің басқалардан өзгешелігі – оның қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысатындығында. Мысалы, әрбір компания өнім өндірген кезде әуелі табысы мен пайдасын ойлайды. Әлеуметтік кәсіпкер өз бизнесін өңірдің түйткілді мәселелерін шешуден бастайды. Халыққа пайдамды тигізсем дейді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс табуға көмектеседі, осал топтарға жәрдемдеседі. «Жарқыра» жобасы да сондай маңызды мәселелерді шешуге қолғабыс етуді көздейді.

– Мәселен, осыдан тоғыз жыл бұрын Атырау облысында ерекше балаларды оңалту, оларды қоғамға бейімдеумен айналысатын санаулы орталық қана болатын. Өткен жылдың қорытындысында біз осындай 17 жобаға қолдау білдіргенімізді білдік. Әрине, бұл проблема түбегейлі шешілді деген сөз емес. Ең бастысы, салада алға жылжу бар екені анық байқалады. Тағы бір қуантатыны – осы істің басы-қасында жүрген жергілікті азаматтар, яғни, ерекше балалардың ата-аналары. Олар сондай жағдайды бастан өткергендіктен, мәселені жете түсініп, оны шешудің жолдарын іздей бастайды. Соның арқасында табыс та табады, — дейді И.Горбаченко.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button