Бейбітшілік жолында
Әлем бейбітшілік жолында бірігуі тиіс. Күллі әлемді ізгілікке үндейтін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев манифесінің мәні мен маңызы осында.
Халықаралық саясаттағы күрделі ахуал, санкциялық қарсы тұрушылық, тұрақсыздықтың жаңа ошақтарының пайда болуы мен «созылмалы жанжалдардың» қайта бықсуы сынды жағдайлар ынтымақтастықтың жаңа формаларын іздеуге ұмтылдырып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгершілік бастамалары әлемді ізгілік жолына бастайды.
Эдуард ПОЛЕТАЕВ, «Еуразия әлемі» қоғамдық қорының басшысы:
ҚАЗАҚСТАН – ӘЛЕМГЕ ҮЛГІ
Елбасы манифесі – әлемді бейбіт өмір сүруге, рухани, адамгершілік асқақ сезімдерді құрметтеуге шақырған аса маңызды бағдарлама. Мемлекетіміздің басшысы өткен ғасырлардағы қанды қырғындардан сабақ алып, алдағы уақыттарда соғыссыз әлем құру қажеттігіне айрықша назар аударады.
Қазақстан алапат қарудан бас тартқан төрткүл дүниедегі тұңғыш ел ретінде басқалардың да өзінен үлгі-өнеге алуын қалайды. Сондықтан, оның бұл ізгі қадамына ешкім күдікпен қарамайды. Бір кездері атомды бейбіт мақсатта қолдану бағдарламасын жүзеге асырып жатқан бәзбір державалардың Иранға «олар ядролық қару жасауға ұмтылуда» деген жала жапқаны жасырын емес.
Бұдан 25 жыл бұрын Қазақстан басшысы өз Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын жапты. Содан кейін ғана ядролық державалар атом қаруын сынауға мораторий жариялаған еді. Ал, былтыр БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен Ядролық қарудан азат әлем құру жөнінде декларацияны қабылдағаны бәрімізге аян. Сондай-ақ, 2015 жылы Қазақстанда Төмен байытылған ядролық атом банкі құрылды. Бұл біздің еліміздің атом қуатын бейбіт мақсаттарға пайдалануға мүдделі екендігін көрсетсе керек.
Елбасы манифесінің Азия, Еуропа және Африка елдері саясаткерлерін демилитаризациялау бағытына қарай қадам жасауға бастайтынына сенімім мол.
Георгий КАН, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
ОТАНЫМЫЗДЫҢ АСҚАҚ МӘРТЕБЕСІН АЙҚЫНДАЙДЫ
Біз әлемдегі жағдайдың қалайша өрістеп жатқандығын ерекше алаңдаушылықпен бақылап отырамыз. Жер-жерде қақтығыстар ошағы пайда болып жатыр. Мәселен, Кавказда, Таулы Қарабақтағы біраз уақыт тынышталып қалған қақтығыс қайта белең алды.
Осыдан 60 жылдан астам уақыт бұрын ядролық қаруды ойлап тапқан Альберт Эйнштейн мен Бертран Рассел қарусыздану жөніндегі манифесін жариялаған еді. Енді, міне, Қазақстан Президенті ядролық қарудан бас тартқан елдің басшысы ретінде өз манифесін жариялады.
Көрнекті оқымыстылар Альберт Эйнштейн мен Бертран Рассел манифесін қабылдаған кезде жағдай, психология мүлдем басқаша болатын. Адами қарым-қатынастар да өзгеше еді. Әлем қос полярлы-тұғын: коммунизм, антикоммунизм сынды екі жүйе арасындағы күрестен тұратын. Бүгінде көріп отырғанымыздай, терроризмнің шегі де, тосқауыл болар шекарасы да қалмай барады. Ал, ядролық қару лаңкестердің қолына түскен жағдайда не болатынын болжау тіпті қиын.
Осы жағынан келгенде бастамашысы Қазақстан болып табылатын бейбітшілік манифесінің маңызы өте зор.