Брест қамалын қорғаған қазақтар

 Биыл Ұлы Отан соғысының басталғанына 75 жыл толып отыр. 1941 жылдың 22 маусымы күні таңғы сағат 4-те неміс-фашист басқыншылары Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл бастады. Осы атаулы тарихи датаға орай құрамында тарихшы-ғалымдар, зерттеушілер, жастар ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, студент-жастар бар Атыраудан шыққан «Атырау-Брест» әскери-патриоттық экспедиция Атырау-Волгоград-Мәскеу-Волоколамск-Минск-Брест бағыты бойынша аттанды. Біз жол бойы алапат шайқастар өткен өңірлерді аралап, ерлік шежіресімен танысуды да мақсат тұтқанбыз.

МАМАЙ ҚОРҒАНЫНДА

  Brest2Экспедиция ат басын, алдымен, Волгоград қаласына тіреді. Бұл жерде жан беріп, жан алысқан бір миллионнан астам кеңес әскері ерлікпен қаза тапқан Сталинград шайқасы болғаны тарихтан белгілі. Мамай қорғанында Гиннестің Рекордтар кітабына енген «Отан-Ана» ескерткіші бар. Оның жалпы биіктігі 85 метр, ал салмағы 8 мың тоннаға тең. Бір ғана семсерінің өзі 14 тоннаға жуықтайды. Әлемде теңдесі жоқ ескерткіш Отан қорғаудағы ерен ерліктің үлгісі іспетті. Қорғанда 35 мыңға жуық жауынгер жерленіпті. Жаудың бетін қайтаруда шешуші рол атқарған Сталинград шайқасы кезінде бұл төбе 22 рет қолдан қолға өткен екен. Бүгінде қасиетті мекен ескерткіштерге толы. Тұнып тұрған тарих. Мүсіндердің сыртқы келбетінен де соғыстың суық ызғары сезіледі.

  Бұл қорғанда Сталинград үшін ерлікпен қаза тапқан қазақстандық батырлардың есімдерін де көптеп кездестіруге болады.Осында Кеңес Одағының Батыры, даңқты ұшқыш Нұркен Әбдіровке ескерткіш тақта орнатылған.

  Алаңдағы «Мәңгілік алау» кешені – әруақтар рухына тәу етер қасиетті орын. Мұнда боздақтардың есімі қабырғаға қашалып жазылған. 1943 жылы санақ кезінде 500 мың тұрғынның 30 мыңы ғана аман қалғаны анықталды. Әскери қарауылдар монументті күні-түні күзетеді

ӨШПЕС ЕРЛІККЕ – ТАҒЗЫМ

 «Атырау-Брест» әскери-патриоттық экспедициясы Панфиловшылар ерлік көрсеткен Мәскеу маңындағы Волоколамск қаласына барды. Жерлестеріміз қазақстандық батырлардың қаһармандық ерліктеріне тағы бір мәрте қанығып, рухына тағзым етті, ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.

  Алматы облысынан құрылған әйгілі 316-атқыштар дивизиясы құрамындағы Мәскеу қаласын ерлікпен қорғаған 28 панфиловшының жаумен қоян-қолтық ұрыста бір адым да артқа шегінбей, қаһармандықтың үлгісін көрсетуі майдан даласында аңыз болып тарағаны тарихтан аян. Панфиловшылар күші жағынан төрт есе басым неміс басқыншыларына қарсы тегеурінді тойтарыс берді.

  Волоколамскіде батыр панфиловшыларға арналған мұражай ашылған. Мұнда соғыстың бастапқы кезінде батальон командирі болған, қазақтың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлының жеке қолданыстағы әскери бұйымдары да қойылған..

  Жергілікті жұрт Волоколамскіні кеудесімен қорғап, қанын төккен қазақстандықтардың ерлігін ешқашан ұмытпақ емес. Қаланың қақ ортасында қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлы ескерткішінің тұруы, арнайы мұражай мен ондағы көздің қарашығындай сақталған жәдігерлер – соның нақты дәлелі.

БАУЫРЛАСТАР ЗИРАТЫНДА

 Brest3 Бүгінде Беларусь Республикасының Радошкович поселкесі маңындағы бауырластар зиратында 200-ден астам жауынгер жерленген. Солардың отызы Қазақстаннан аттанған азаматтар. Атыраулық экспедиция сарбаздары соғыстың бастапқы кезінде қиян-кескі шайқасқа қатысқан боздақтар зиратына арнайы барып, гүл шоқтарын қойды.

  Радошкович поселкесі Ұлы Отан соғысы кезінде нағыз кескілестен ұрыс алаңы болыпты. Осы ауыр шайқастан қалған бір белгі – бауырластар зираты. Мұнда отыздан астам жерлес жауынгердің сүйегі жатыр. Әсіресе, Бақтыораз Бейсекбаев, Әбдіжаппар Мәми (ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәмидің атасы – А.Қ.) секілді азаматтардың қиян-кескі ұрыстарда көрсеткен қаһармандықтары мен ерліктері жайлы осындағы тарихшылар мен қызыл ізшілдер де біраз деректерді біледі екен. Біз майдан даласында қаза тапқан асыл боздақтар рухына тәу етіп, бейіт басына туған жердің топырағын салдық.

  1941 жылдың 26 маусымында Радошкович деревнясының тұсында болған шайқаста қазақстандық батыр Бақтыораз Бейсекбаевтың қаһармандығы көпке дейін айтылмай келді. Ол отқа оранып, жанып бара жатқан ұшағын жердегі кеңес жауынгерлеріне шабуылдаушы неміс техникаларына қарсы бағыттаған ұшқыш Александр Маслов экипажының құрамында болған еді. Аңызға бергісіз осынау өшпес ерлік біразға дейін даңқты ұшқыш Николай Гастеллоға телініп келген-ді. Алайда, тарихи шындық елге аян болды. Қазір бұл жерде арнайы мұражай бар. «Әуе отты таран» мұражайында 100-ден астам жәдігер жинақталған. Солардың бірі – Бақтыораз Бейсекбаевтан қалған пулемет. Бұл қаруды соғыс жәдігерін іздеушілер ұшақтың құлаған жерінен тапқан.

ҚАНДЫ ШАЙҚАС – КӨЗ АЛДЫҢДА

  Әлемнің 13 мемлекеті қатысқан халықаралық әскери шара Беларуссияның Брест қаласында өтті. «Брест қамалы – 1941 жыл, 22 маусым» деп аталатын фестиваль осымен алтыншы рет өткізілді. Осыдан тура 75 жыл бұрын Ұлы Отан соғысы дәл осы Брест қамалын қорғаудан басталған болатын. Халықаралық фестивальға 500-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында қазақстандық «Атырау-Брест» экспедициясының сарбаздары да болды. Отан соғысының алғашқы күнінде Гитлердің жоспары бойынша Брест қамалын 8 сағатта жаулап алып, әрі қарай Кеңес Одағының территориясына емін-еркін өту еді. Неміс әскері біздің жауынгерлердің тегеурінді қарсылығына тап болды. Жан аямай соғысқан ерлердің арасында қазақстандықтар да аз болмады.

  Арнайы қойылым аясында Брест қамалындағы бейбіт күннің соңғы сағаттары мен соғыстың алғашқы күні көрсетіледі. Бәрі де шынайы. Мұнда кеңес әскерлері неміс басқыншыларына қарсы ұрысқа қатысып, майдан даласында әскери техникалар қолданылды. Ал, атыраулық делегация сол кезде құрамының 80 пайызы қазақстандықтардан құралған 125-атқыштар полкінің қатарында болады.

  «Ұлы Рейх» армиясының 4 бірдей дивизиясы, аса қуатты 2 танк тобы Батыстағы басты қақпа – Брестке баса көктеп кірді. Ол кезде Брест қамалында шамамен 20 мыңнан астам әскер бар еді. Жаудың күші 10 есе басым болса да, жауынгерлер басқыншыларға тойтарыс беріп, ерлікпен шайқасты. Әсіресе, кескілескен шайқас Холм қақпасының маңында болды. Бұл жерде полк комиссары Ефим Фомин ерен ерлік көрсетті. Алайда, 1941 жылдың маусым айының соңғы күндерінде осы қабырғаның жанында неміс басқыншыларының айуандық әрекетімен ол атып өлтірілді.

 Тарихи деректерге сүйенсек, Брест қамалындағы шайқасқа үш мыңнан аса қазақстандық қатысқан. Олардың жартысына жуығы әр өңірден жиналған қарапайым қазақ жігіттері еді. Әсіресе, Нұрым Сыдықов, Ботабай Сүлейменов секілді даңқты ұлдардың ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Кобрин бекінісінің солтүстік-батыс секторы. Бұл жерде қазақстандықтардан құралған 125-інші атқыштар полкі неміс басқыншыларына қарсы тұрды. Әрбір метр үшін қасық қаны қалғанша шайқасты.

– Бресттегі қойылым аясында атыраулық сарбаздар дәл осы 125-нші полк құрамында жауынгер аталарының образын сомдады. «Қолға шын қару алып, соғысты шынайы түрде бастан өткерудің әсері бөлек», – дейді Атырау мұнай және газ институты мұражайының директоры, «Атырау-Брест» экспедициясының жетекшісі Талғат Ілиясов. – Келер жылы Ұлы Отан соғысы кезінде Гурьевте жаяу-әскер училищесінің ашылғанына 75 жыл толады. Соған байланысты қаламызда сол бір отты жылдардағы Гурьевтің кейпін жұртшы-лықтың алдына театрландырылған көрініс арқылы беруді ұйымдастырсақ деген ой туып тұр.

 Брест шайқасы – соғыс тарихында қанды әріппен жазылған зұлмат. Гитлершілер қорғанды тез арада қоршағанымен, жекелей бекіністерді бір айға жуық уақыт басып ала алмады. Қамалды қорғаған қаһарман қазақстандықтардың ерлігі ғасырлар бойы кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Айдос ҚАРАБАЛА, «Қазақстан» ұлттық арнасының Атырау облысы бойынша тілшісі, экспедиция мүшесі.

Айдос ҚАРАБАЛА,

«Қазақстан» ұлттық арнасының Атырау облысы бойынша тілшісі, экспедиция мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз