Atr.kz/30 шілде, 2020 жыл. Әрбір ұлттың бір-бірінен басты айырмашылығы – тілі, дәстүрі және дінінде. Осы орайда қазақ халқының беташар салты туралы қанша айтсақ та артық емес. Өйткені, бүгінде бұл рәсім аясында ой қозғайтын мәселелер әлі де жетіп артылады.
Халқымыз қыз ұзату тойын тойбастармен, ал келін түсіруді беташармен бастайды. Әдетте беташар үш бөліктен тұрады. Алғашында келінді таныстыруда мадақтай келіп құтты қадам тілесе, ал, екінші бөлімде қайын жұртын таныстырады. Бұл рәсімнің барлығы келін түсіретін шаңырақта түскі уақыттан кешікпей жасалуы керек. Етжақындар, туыстар жиналып, жаңа құдалармен дастарханда танысып, құрмет көрсетілген дұрыс. Бұл мәселе жуырда «Атырау» газетінде де жазылды. Расымен де, келінді үйде көріп алып, шашуын шашып қабылдап, кейін мейрамханадағы тойда беташар өткізу жасанды әрекет. Ал, мұндай жасандылықпен дәстүрлеріміздің шырқын бұзамыз.
Бұрын келінді күйеу жігіт өзінің аға-жеңгесінің үйіне түсірді. Бұл үйде шымылдық құрылып, оның ішінде келін қасындағы құрбы қыздарымен көрінбей отырған. Беташар өтпей қайын жұрты оны көрмеген. Үлкен үйге әзірліктен кейін апарылып, беташар сол жерде өткен. Мұндай жағдайда жас келіннің табалдырықты баспай аттап өтуін, босағаға қолын тигізбей өтуін қадағалау – екі жетекші абысынның міндеті. Жас келін келерде табалдырықты басып немесе босағаны ұстап аттаса, көне ырымымызда дау, құн сұраушы табалдырықты басып екі қолымен босағаны ұстап тұрып құн сұрайтын болғандықтан, үйге дау, ұрыс келеді деп жорыған. Сондықтан, келін түскенін әдетте табалдырық аттады деп атайды.
Беташар айтылар жерге бұрын тулақ немесе кілемше жайылып келін арналған орынға тұрады. Жасөспірім қайнысының қолындағы қамшысына сыйлы үлкен жеңгелерінің орамалдарын байлап, екінші шеті келіннің бетін жапқан орамал перде шетіне ұсталады. Бұл – алдыңғы абысындарының жолымен солар секілді болып шаңыраққа қадірлі болсын деген ырым.
Жас келінге беташар айтушы қайын жағын таныстырғанда, ата-енеден бастап ретімен қайнаға, абысын, қайны, құда-құдағай, нағашы-жиен, жеңгелер айтылады, айтылған адамдар келіп көрімдігін салар кезде келін иіліп сәлем еткенде, қайнысы қамшысын көтеріп жеңгесінің бетіндегі пердесін сәл ашып, көрімдік берген адамды көруіне жағдай жасайды. Бұл – келінге кімнің кім екенін есте сақтап, таныс болсын дегеннен туған үрдіс.
Қазіргі беташар рәсімдерінде келінге насихат айтылмай жүр. Сәлем етіп қысылып тұрған жас келіннің есінде тап сол кезде айтылған насихат қалар-қалмас, бірақ, көкірегінде сәулесі бар жастарға, ұлттық дәстүр, талапқа мән бермегендіктен отбасында бірбіріне реніші барлардың әдепті естіп түзелуіне немесе ұл-қыз тәрбиелеп олардың көргенді болып өсуін армандайтын әкешешелер үшін жағымды болар еді.
Осы орайда атақты Балқы Базар беташарының әсіресе келінге насихаты күні бүгінге дейін мәнін жойған жоқ деп ойлаймын. Бұл ретте «Елсана» руханият клубы ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда бүгінгінің асабаларына осы мәтінге бет бұрып жаттап алуын құптайды. Алдағы уақытта қазақ тойлары осынау әдемі көріністермен жалғасса екен.