Дүбірлі дода – Атырауда

screenshot 5 1 Мәдениет

Атыраудың төрінде Құрманғазы сарайында «Егемендігім – ерен елдігім» атты республикалық ақындар айтысы өтті.

screenshot 6 1

Бабадан қалған саф өнерді ұлықтаған 16 ақын өндірісті өңірдің жұртшылығын кәусар жыр бесігінде тербеді. Республика күніне орай ұйымдастырылған шара шымылдығын түрген облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысушыларға сәттілік тілеп, Атырау айтысының дамуына үлес қосқан бірқатар өнер иесіне облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.

screenshot 7 1

Айта кетелік, ауыздығымен алысқан дүлдүлдердің өнерлеріне ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов бастаған, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айт, ҚР Жазушылар және Жүрналистер одағының мүшесі Бауыржан Халиолла, Ақпарат саласының үздігі Исатай Балмағамбетов қостаған жақсылар мен жайсаңдар қазылық етті. Ал,ақындар айтысын ақын Шынарбек Қабиев жүргізіп отырды.

screenshot 8 1

Бүгінгі ақындардың ішінде «бұ қалайы?»болмады. Олар еліміздің бүгінге дейін жүріп өткен жолы мен даму жолын, жетістіктерін өлеңмен өрнектеді. Халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді дөп басып, жұртшылықты желпіндіріп отырды. Өздеріне ғана тиесілі ойларын ірікпей-ақ ақ жаңбырша төкті кеп. Сөзден сойыл соққан ақындар несие, қымбатшылық пен экологияны жырға қосып, елді сүйсінтті. Қазақтың жері мен халықтың шері де дүлдүлдердің домбырасының үнімен астасып шықты. Түрлі мақаммен түрлендіріп, әдемі рухани кеш те сыйлады.

Аламан айтыстың бас бәйгесін Айбек Қалиев (Қостанай облысы) иеленді. Жеңімпазға 1 млн 500 мың теңге ақшалай сыйлық берілді. І орынды Серікбол Панабердиев (Атырау облысы) қанжығасына байлады. Сыйлық қоры 1 млн теңге. Ал ІІ орын 700 мың теңге жүлдесімен Нұрболат Нұғманов (Атырау облысы) пен Серік Қуанғанға (Шығыс Қазақстан облысы) бұйырды. ІІІ орын 500 мың теңге жүлдесімен Рүстем Қайыртайұлы (Абай облысы), Сырымбек Сәрсенбаев (Атырау облысы) пен Батыржан Кәдірбайға (Атырау облысы) бұйырды. Сондай-ақ Жұлдыз Қожабекова (Ақтөбе облысы ) мен Жансая Мусина (Батыс Қазақстан облысы) арнайы жүлдеге ие болды. Жүлде қоры 400 мың теңге. Өнербек Дәулекенов (Атырау облысы), Аспанбек Шұғатаев (Павлодар облысы), Алшынбек Мұқанғалиев (Атырау облысы), Нұрбейбіт Нұғманов (Атырау облысы), Ержан Әміров (Қызылорда облысы), Дидар Аббас (Жамбыл облысы) мен Олжас Отарға (Астана қаласы) ынталандыру сыйлығы (300 мың теңге) мен Алғыс хат берілді.


Рита Жайғали

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз