БЕСІКТІ ТЕРБЕТІП, КӘСІПТІ ӨРЛЕТІП…

Облыстық әкімдікте өңірдің әр округінен жиналған, бірі бірнеше жылдан бері өз бетінше нәсібін тауып, енді бірі өз кәсібін ашуды алдына мақсат етіп қойған нәзік жандар бас қосып, «Ауылдық жерлердегі әйелдерге арналған шағын бизнес» тақырыбында ойларын ортаға салды.

Аталмыш «дөңгелек үстел» кәсіпкерлікті жандандыру, яғни ауылда тұратын әйел кәсіпкерлерді оқыту мақсатында бастауын алған «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының жобасы аясында өтіп отыр. Бұл – әйелдердің бизнес-бастамаларын қолдау бойынша Қордың бірінші жобасы емес. Осыдан екі жыл бұрын, 2011 жылы осындай бағдарламаны Қордың тапсырысы бойынша «Қазақстан іскер әйелдері одағы» қауымдастығы жүзеге асырған болатын.
Бұл шара ауылдық жерлерде әйелдердің кәсіпкерлігін дамытуға мүдделі тараптардың сұхбаттасу алаңына айналып, онда әйелдердің ауылдық жерлердегі бизнесіне тосқауыл болып отырған негізгі кедергілер ортаға салынды.
Бүгінгі таңда еліміздің шағын және орта бизнес саласында кәсіпкер әйелдер көптеп кездеседі. Мәселен, соңғы уақытта «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша шағын несие алатын әйелдердің саны өскен. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша несие алушылардың 40 пайызын әйелдер құрайды екен.
– Облысымызда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда белсенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстың басты мақсаты – кәсіпкерлікті тұрақты дамыту үшін нақты жағдайлар құру, барлық мемлекеттік құрылымдардың жұмыстарын бағыттау және оны үнемі жаңғырту, – деп атап өтті семинарды ашқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан.
– Еліміздің барлық облысында әйел кәсіпкерлерінің саны өсуі байқалады. Олардың басым бөлігі жеке бизнес бағытында табысты жұмыс істеп жүр. Жалпы ішкі өнімді қалыптастыруда олардың үлесі 40 пайызға жуық көрсеткішті құрайды. Бағдарламаның енді басталғанына қарамастан, әйелдердің кәсіпкерлікке деген қызығушылықтары артып, олардың қаржылық сауаттылықтары мен елімізде шағын бизнесті дамыту мақсатында мемлекеттің жүзеге асырып жатқан бағдарламалары туралы кеңінен хабардар болып отыр. Бүгінгі таңда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ белсенді қарыз алушылардың 31 пайызы – әйелдер. Қордың даму стратегиясына сәйкес, келер жылға әйелдердің несие бағдарламаларға қатысуын 42%-ға дейін көтеру жоспарланған», – деп атап өтті «Шағын несие ұйымдарын қолдау орталығы» ЖШС басшысы Светлана Жанайдарова.
Оқыту семинарда Светлана Алмабекқызы қатысушыларға Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Ислам даму банкімен жасалынған қарыз беру туралы келісімнің шеңберінде ұсынылатын бағдарламалар – «Салам» және «Мурабаха» несие беру бойынша ақпарат берді. Келісімде көрсетілген міндетті шарттардың бірі – қорға ауылдық шағын несиелеуге берілетін соманың тең жартысы әйелдер жүзеге асыратын жобаларға жұмсалуы керек. Жалпы, Ислам даму банкінен 2012-2014 жылдары 10 миллион доллар тартылмақ.
Әйел, ең алдымен, ана, ол – отбасының ұйытқысы. Отанымыздың болашағын ұрпақ тәрбиесі арқылы қалыптастырушы. Бұған қоса, әйел – кәсіпкерлікпен шұғылдануға ниет білдірсе ше? Әрине, қолдау керек. Егер әйел – ана, өз балаларын бағып, үй шаруасын жүргізу кезінде, жаңа табыс көзі болуы мүмкін жаңа идея тауып жатса неге қолдамасқа?!
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» облыстық филиалы соңғы бес жылдың ішінде 2 181 несие алушыға 1 705 071 600 теңге несие берсе, оның 632 801 600 теңгесі (30 пайызы) тек биылғы жылы берілген. Бұл жөнінде баяндаған аталмыш филиал директоры Гүлзада Шалағұлова «Үстіміздегі жылы облыс әкімінің қолдауымен ауылдағы шағын және орта бизнесті дамытуға жергілікті бюджеттен 150 млн. теңге қаражат бөлініп, оның шеңберінде жеке кәсіпкерлерге 14 млн. теңгеге дейін несие беру мүмкіндігі туындады. Қормен берілген несиені мақсатына жұмсап, табысын көріп, жемісін жеген әйел кәсіпкерлер мемлекет саясатының қамқорлығын, Қормен берілетін несиенің төмен пайыздылығын, яғни тиімділігін түсініп, бұрынғы несиелерін жауып, қайтадан несие алып, бизнестерін айналдырып отыр.
Қазір кәсіпті дөңгелентіп, бизнесте жүрген аруларымыз аз емес. Облыстық кәсіпкерлік, индустриалды және инновациялық дамыту басқармасының бөлім басшысы Жанаргүл Жоламанова мәлімдегеніндей, өңірдегі кәсіпкер әйелдердің дені негізінен шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Оның ішінде, әйелдердің қонақ үйлер мен мейрамханалар, сауда, коммуналдық және әлеуметтік қызмет көрсетулер, ауыл шаруашылығын дамытудағы үлестері мол. Жыл басынан бері 31 жоба 8,7 миллиард теңгеге мақұлданып, несие бойынша пайыздық мөлшерлеме бөлігінде субсидиялау түрімен 17 кәсіпкер ару мемлекеттік қолдау алған.
Басқосу барысында сөз алған «Атамекен» Одағы ҰЭП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ардақ Түкенова шағын және орта бизнес секторындағы әйел кәсіпкерлерге қолдау көрсету төңірегінде әңгімеледі.
– Егер бизнес жоспарларыңызды алып келсеңіздер, біздер бағалап, қаншалықты іске асатынын тексеріп, әртүрлі көмектер ұсынамыз. Мәселен, Ресейден инвесторлар тауып, тауарыңызды шет елге шығаруға жәрдем бере де аламыз,- деген ол бизнесте жүрген әйелдер кәсібіне, алдымен, жарнама жетіспейтініне тоқталды.
Ал, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы Атырау филиалының Қаржы программалары бойынша бас менеджері Салтанат Құрманбаева «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша әйел кәсіпкерлердің қызметін қаржыландыру жайында мәлімет берсе, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясының инвесторларға қызмет көрсету орталығы басшысы Азамат Асылбеков аталмыш корпорацияның әйел кәсіпкерлер бастамаларын қолдаудағы тәжірибесіне тоқталды. Айтуынша, уәкілетті мекеме тарапынан 2011 – 2013 жылдар аралығында конкурс жарияланып, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына сәйкес 64 несие серіктестігі конкурс қорытындысымен жеңімпаз болып анықталған.
Кәсібін де дөңгелентіп, отбасын да аялы алақанымен мәпелеп отырған кәсіпкер әйелдер семинарда қаржылық, заңнамалық сауатсыздық, кәсібіне кең тұсау болып отырған тарифтердің өсуі секілді бәріне ортақ сан алуан мәселелерді талқылап, өз пікірлерімен бөлісті.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз