«Берсең, балаға бер!»
«Бақытты балалық шақ» акциясы аясында Махамбет ауданында орналасқан №2 арнайы мектеп-интернаты мен облыс орталығындағы тіл мүкістігі бар балаларға арналған №3 облыстық арнайы мектеп-интернатына доптар, үстел теннисі, арқан тарту жібІ, басқа да спорттық құрал-жабдықтар табысталды.
Енді «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылай қолдауының арқасында 2 мыңнан астам ерекше білім беруді қажет ететін, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, өмірлік қиын жағдайға ұшыраған, ақыл-ойы, сөйлеуі, есту қабілеті бұзылған және психикалық дамуы тежелген оқушылар жаңа спорттық құрал-жабдықтармен шыныға алады.
Қор «Самұрық-Қазына» қорының 15 жылдығына орай еліміздің 5 өңіріндегі 15 мамандандырылған мекемеге спорттық құрал-жабдықтар табыстауды көздеп отыр.
– Бұл «Samruk-Kazyna Trust» қорының Қамқоршылық кеңесі тарапынан оң шешімге ие болған жобалардың бірі. Жобаның құны 16 млн. теңгені құрайды. Балаларды тәрбиелеу және оларды қажетті жағдаймен қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз. Ерекше күтімге мұқтаж оқушылар жаңа оқу жылын жақсы көңіл күймен бастап отыр, — деді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Әдиева.
Мектеп-интернатында тәрбие-леніп жатқан балалар қордың ерекше сыйлығына қуанып, спорттық құрал-жабдықтармен ойнауды бастап кетті. Олардың бірі теннис ойнаса, енді бірі доп ойнап, ерекше көңіл-күйге бөленді.
– Жаңа спорттық жабдықтарға ие болып отырмыз. Бұл жабдықтар ерекше балалардың денелерінің шынығып, денсаулықтарының нығаюына орасан зор көмек беретініне сенімдіміз. Әрбір ерекше балаға көрсетілген сый құрмет, шынайы көңіл, бала жүрегінде қуаныш сезімін ұялататыны сөзсіз, — деді облыстық №3 арнайы мектеп-интернатының директоры Сая Жұмағалиева.
Мұндай құрал-жабдықтар қыркүйек айының соңына дейін Астана қаласы және Ақмола, Ақтөбе, Павлодар облыстарындағы мамандандырылған мекемелерге де тапсырылады.
Алмас ҚАБДОЛОВ