БЕРЕКЕГЕ БАСТАҒАН БАҒДАРЛАМА
Президент Үкіметке педагогтардың жалақысын көтеруді тапсыра отырып, үш ауысымдық мектептерді жоюды міндеттеді. Сонымен бірге, педагогикалық университеттер құру идеясын ортаға тастады. Бұл қадам мектептерде мамандардың жетіспеушілігін шешуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Сонымен қатар, Президенттің мемлекетпен кепілдендірілген орта техникалық білім алу идеясы – ұрпақ болашағына берілген үлкен мүмкіндік.
Президент Жолдауда: «Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан, оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды» деген болатын. Бұл – ұлт болашағы –бүлдіршіндеріміз, олардың ата-аналары мен педагогтар үшін де қуанышты хабар. Ендігі жерде үлкен жауапкершілік жүктеліп отырған мұғалімдерге жаңашылдықпен жұмыс жасауға тура келеді. Сондай-ақ, барлық пән бойынша білім сапасын заман талабына сай арттыруға баса назар аудару қажет. Қазіргідей кезеңде мектеп түлектерінің үш тілді білгені орынды. Бұл олардың әлемдік дәрежеде білім алуына жол ашады. Жоғары білімді ұлт қалыптастыру бағытының ұстаздар қауымына жаңа міндеттер жүктейтіндігін ескерген жөн. Сондықтан, педагог қауым алдында оқыту әдістемелерін жаңғырту, отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді және құралдарды қарқынды енгізу міндеті тұр.
Жолдауда медицина саласына да баса назар аударылды. Яғни, денсаулық сақтаудың бес инновациялық объектісі – балаларды оңалту орталығы, ана мен бала орталығы, нейрохирургия, шұғыл медициналық көмек және кардиология орталықтары кіретін медициналық кластер құрылғандығын айтты. Әсіресе, ана мен бала мәселесінде «Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз. Біз ананы қорғап, қолдауымыз керек. Мені отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жайттарының көбеюі алаңдатады. Әйелді құрметтемеу деген болмауы керек. Бірден айтайын, ондай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс» деген Елбасы ұлттық тәрбиені қайта жаңғырту мәселесін меңзеді. Демек, біз отбасылық игі дәстүрді қайтаруға жұмыстануға тиіспіз.
Ерболат Дәулетқазиев,
Қазақстан Коммунистік Халық партиясы
Атырау облыстық
филиалының бірінші хатшысы.