БЕРЕКЕ МЕН БІРЛІККЕ ҮНДЕГЕН…
Мерекелі датаға орай безендірілген залда және қатысушыларды қарсы алатын фойеде Елбасының қызметі туралы слайдтар көрсетіліп, арнайы дайындалған материалдар таратылды. Екі жүзден аса адам қатысқан конференция жұмысын «Атамұра» қоғамдық қорының төрайымы Ағиба Қатешова жүргізіп отырды.
Атырау мұнай және газ институтының тәрбие жұмысы және әлеуметтік-әкімшілік мәселелер бойынша проректоры, техника ғылымдарының кандидаты Олжас Абилдаев «Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен дамуындағы еліміздің Тұңғыш Президентінің рөлі» деген тақырыпта баяндама жасады. Баяндамашы алмағайып кезеңдерді бастан өткерген еліміздің өткені мен бүгінін салыстыра отырып, болашақтағы жарқын қадамдарын Елбасының ерен еңбегімен сабақтастыра әңгімелеп жеткізді. Бейбіт идеялармен кемелденген еліміздің көшін өркениет керуеніне ілестіріп берген Президентіміздің сарабдал саясатын әр жылдардағы басты Жолдауларынан мысалдар келтіре отырып, нақты орындалған тапсырмаларды дәлелдеп жеткізді.
Келесі ауқымды баяндаманы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаев жасады. «Атырау облысы экономикасының дамуындағы Елбасы тапсырмаларының маңызы» деп аталған баяндамада Тәуелсіздік алған жылдардан бергі өңірдің жаңаруы мен өркендеуінің негізгі бағыттары қалай жоспарлы жүргізіліп келе жатқаны талдаулармен айтылып, нақты өзгерістердің жетістігін мысалмен келтірді. Мемлекет басшысының көрегендігі мен дамудың келешегін болжайтын даналығына тоқталды. Тек соңғы жылдардағы Атырау облысының әлеуметтік және экономикалық даму қарқынында мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуымен іске асып жатқан маңызды жұмыстардың легін атаған баяндамашы мұның бәрін бір ғана баяндамада жеткізу мүмкін емес екенін айтты.
Мінберге көтерілген қосымша баяндамашылар: «Теңізшевройл» БК ЖШС-нің Бас директорының кеңесшісі, облыстық мәслихат депутаты Мария Қаражігітова, Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының директоры Долорес Тасқарина, облыстық халық шығармашылығы орталығы басшысының орынбасары Абат Кенжеғалиев, Атырау аграрлық-техникалық колледжінің бас әдіскері Ақкенже Жұмақұлова, Каспий өңірі қазіргі заманғы колледжі директорының орынбасары Маржангүл Сүлімова, «Азаматтық альянс» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау филиалының атқарушы директоры Динара Қожасова өз кезектерінде конференция мазмұнын тақырыптық баяндамаларымен аша түсті.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті туралы, оның қазақстандық даму жолы, экономика, білім, ғылым, жастар, бейбітшілік бағытындағы тапсырмаларының маңыздылығы баяндамаларда кең түрде сөз етілді. Әсіресе, Студент жастар мол мағлұматқа қанықты. Конференцияға қатысушылар Елбасының биылғы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жүзеге асыруға бір кісідей атсалысатындықтарын жеткізді.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Оразбек Қасымов конференция жұмысын қорытындылап, 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнінің маңыздылығын атап өтіп, бұл күн халқымыздың береке-бірлігі жарасып, Елбасы маңына топтасып, бейбіт болашаққа сеніммен қарайтын мейрам екенін айтты. «Әсіресе, жастарымыз бірлік пен ынтымақ жолында бұл күнді патриоттық сезіммен өткеріп, бабаларын мақтаныш ететін рухани ұлылық мейрамына айналдыруы тиіс» деді ол.
Светлана Муньянова.