БЕРЕКЕ БАСТАУЫ
Сондай-ақ, аудан басшысы бүгінде 2016-2018 жылдарға арналған жұмыспен қамту картасы жасақталғанына тоқталды. Мәселен, аудан тұрғындарына «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жұмыс көзі кәсіпкерлікпен айналысып, теңіз жағалауынан балық аулау, құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарымен айналысуға мол мүмкіндік беріліп отыр.
Индустриялық-инновациялық даму бағыты бойынша да ауданда желілік газ айдау станциясы, баламалы электр энергиясы қондырғысы, резина өңдеу зауыты жобалары іске қосылмақшы. Алайда, республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахан» тасжолы бойында кәсіпкерлік нысандары саусақпен санарлықтай. Осыған тоқталған аудан басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу жобалары іске аспай жатқандығын да жасырмады. «Шұбатты, қымызды дүкендерден аламыз. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы өсіп, малдың ортасында отырғанда жұмыстың да, табыстың да көзі мал өнімдері екенін біліп қана қоймай, бұл іске бірлесіп бет бұруымыз қажет, -деген Т.Сұлтанбеков еңбек ете білген елдің болашағы да баянды болатынын айтып, жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады.
Форумда сөз алған әр саланың майталмандары еңбектің қоғамдағы рөліне тоқталып, өскелең ұрпақты ел игілігі үшін пайдасы мол еңбекпен шұғылдандыру қажеттігін сөз етті. Сондай-ақ, салтанатты шарада еңбек адамдары марапатталды. Ауыл шаруашылығы маманы Қажығали Науановқа «Қазақстан Республикасының Конституциясына – 20 жыл» мерекелік медалі табысталса, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өлкеміздің өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін ауыл шаруашылығы саласының ардагері Кәки Сапаров пен мәдениет қайраткері Гүлмайдан Сүндетоваларға Исатай ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Еңбек күні мерекесіне орай бір топ азаматқа аудан әкімінің Алғыс хаты да ұсынылып, мерейлі жасқа толған еңбек ардагерлеріне Құттықтау хаты табысталды. Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР,
Суретті түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ.