Белгілі суретші Әділқайыр Жантасов дүниеден өтті
Бүгін, 4 қарашада, 63 жасқа қараған шағында атыраулық суретші Әділқайыр Жантасов дүниеден өтті, деп хабарлайды atr.kz
Суретшінің достары мен өнер сүйер қауым әлеуметтік желілерде қайғылы жаңалықпен бөлісті. Әділқайыр Жантасов – Атырау облысы Индер ауданының тумасы.
1958 жылы дүниеге келген. Алматы көркемсурет училищесін бітіріп, Атыраудан алғашқылардың бірі болып, жастайынан КСРО Суретшілер одағынының мүшесі болған. Кейін Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдады. Қазақстан Суретшілер Одағының және дизайнерлер Одағының мүшесі болды.
Ол сондай-ақ, Атырау Елтаңбасының авторы (1993 жылы байқауды жеңіп алған). Өмірінің соңғы жылдары Әділқайыр Жантасов Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші Өнер академиясында сабақ берді.
Суретшінің жеке қорында жүзден астам түрлі суреттер бар. Оның әйгілі қазақ күйлері желісінде салған «Адай», «Сарыарқа», «Ақсақ киік», «Махамбет», «Көңіл толқыны» атты туындылары сурет сүйер қауымға өте жақсы таныс. Өз сұхбатында да Әділқайыр Жантасов ешқашан атақ, даңққа ұмтылмағанын, кескіндемедн сабақ беретін қарапайым мұғалімінің жолын таңдағанын айтып жүрді.