Жарнама
Қоғам

БЕКЗАТ БОЛМЫС ИЕСІ

 Шәкіртінің зерделі зейініне, ерінбейтін еңбекқорлығына, тиянақтылығына ұстазы Қабдол да разы, «осы Зинолладай неге болмайсыңдар?» деп өзге балаларға мұны үлгі тұтатын. Білімге құмарлығы бір басылмаған шәкірт Зинолла орталау мектепті бар баланың алды болып бітірді. Сондықтан да, оған «мұғалім бол, біз сияқты бала оқытып, сауатсыздықты жоюға көмектес» деген қолқа салынды. Осылайша, әлі бұғанасы бекімей жатып, осы топырақта ұстаз ретінде алғаш білім негізін қалаған Қабдол Сақтауов, Есенғұл Ғұмаров, Сәрсен Байтөрин, Ерғали Жүсіпов, Қаби Шәріпов ағаларымен бір қатарда жүріп еңбек етті. 

Шегі шұрқырап аш өзек жүрсе де бір шәкірт үшін бүтіндей бір тәулік тапжылмай отыруға бар Зинолланы маңайдың үлкен-кішісі, білім алушы жастар өте қадірлеп, құрмет тұтты. Жергілікті басқарушы және кеңес, партия  билігі де жас маманға назар аударып, 1936 жылы Оралдағы жоғары білімді мамандар даярлайтын оқу орнына жолдама берді. Бұл болса оны үлгілілер қатарында тәмамдады. «Осында  қалсаңшы, сендей талантты, зиялы жасқа мұнда да орын бар» деген институт басшысының сөзі әлі күнге құлағында жаңғырады. Егер 1939 жылы әскери борышын өтеуге сонау жердің шегі мен шетіндей Қиыр Шығысқа  жіберілмегенде оның тағдыры, мүмкін, басқаша  да қалыптасқан болар ма еді, қайтер еді?! 

Зинолла майданға тізім бойынша шақырылмаған, кейбір қаруластары сияқты үлкен командирлердің есігін жиі аша жүріп ақыры өз  дегеніне жетіп, қанды қасап қырғынға өз еркімен келеді. Қара сұр вагонда өзі сынды сан ұлттың өкілдері бар. Бәрін де бір үйдің баласындай татуластырып  қойған, «қайтсек те жаудан кек аламыз, өлсек те беріспейміз, ел шетінен түре қумай тынбаймыз» деген ортақ мақсат қана. 

Ырс-гүрс етіп, ақшулан түтінін будақтата ұшырған паровоз, міне, үш тәуліктен соң ойбайын  сала шыңғырып, ышқына  барып тоқтады. Курск қаласының маңындағы үлкен бір деревня екен. Түн тыныш өтпеді. Күркіреген жарылыс, аспанды осқылаған оттар. Батальон  командирі Гаубич таң алагеуімде үлкен ұрыс басталарын  хабарлап, дайындықты қайта-қайта тексеріп қояды. Бұл — Зинолла сияқты өрімдей жастардың ұрысқа алғаш түсуі. Бомба, гранаталар жарылысынан құлақ тұнады. Қара құмырсқадай қаптаған танкілер дамылсыз от шашып, алға жылжытар емес. Бұл түн бе, күндіз бе – оны айырудың еш мүмкіндігі жоқ. Екі жақ та сан қайтара шабуылға шығып, бір-біріне алдырар болмады. 

Бөлімше командирі «ендігі шабуылды  біз бастаймыз» деді тар окопта жауынгерлерді аралай жүріп. Әрі-беріден соң автоматтарынан  оқ жаудыра «уралап» алға ұмтылған жүз қаралы  жауынгерлер арасында кетіп бара жатқанын бір біледі. Фашистік құраманың алғы шебі орналасқан окопқа қатарлары селдірей жетті. Міне, нағыз жан алысып, жан беріскен қолма-қол  ұрыс басталды да кетті. Зинолланың бұл басқыншы жауды алғаш көруі. Ойлануға шама жоқ. Көзі  шегірейе көкшиген біреуінің алқымына жармаса  кетті, ол да мұны жіберер емес. Дегенмен, талай асауларға бұғалық лақтырған қыр баласы емес пе,  жандәрмен күйде сұмырай фашисті астына салды ақыры. Майданның  бұл шетінің сетінеуі мұң екен, басқа құрама  жауынгерлері де «уралай» алға ұмтылып, өз міндеттерін абыроймен орындап жатты. Жеңулерін жеңді-ау, өзіндей қаншама боздақтар үйме-жүйме  болып жайрап қалған. Санаулы адамдарының басын қосқан командир Гаубич алғашқы ұрыстағы батылдығы үшін қатардағы Зинолла Хамзаұлына да алғыс жариялады. Бірақ, ол бұл соғыстан аман қаламын деп әсте ойлаған емес, қорқуды да білмеді. Майдандағы шеруі Батыс, Солтүстік Батыс, Балтық бойы 28-і гвардиялық артеллерия полкінің 9-ы атқыштар дивизиясы құрамында өтіп жатты.  

Күндер өте келе сыналған сарбаз ретінде аса  жауапты тапсырмаларға жұмсалып, бұлжытпай орындайтын  Зинолла Хамзаұлы бастаған барлау тобы  «тіл әкелу» сияқты өте қиын міндеттерді де жанкештілікпен атқарып жүрді. Осындай батырлығы  әрі адалдығы әйгіленіп, батальон алдында СОКП қатарына қабылданды. Бір ұрыста мықтап  бекініп алған Зинолла бірнеше қаруластарымен  өршелене ұмтылған жаудың бетін әлденеше рет қайтарып, бас көтергендерін автомат оғымен  баудай түсіргендері бар. Әрине, шешуші тұстардағы мұндай әрекеттер әсте елеусіз қалмайды. Батыр қазақ Зинолланың өңіріне «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі тағылды сол жолы. 

Курск иініндегі ауыр күндерді нағыз ерлер ретінде бастан өткергендердің бірі де – осы Зинолла. Бұларға қарсы жақтың амал әрекеттерін, күш шамасын біліп қайту  жүктелді. Әрине, құр қол қайта алмайсың. Межелі жер жақындаған сайын орман алқабы да сирей түсті. Таң алагеуім уақыт. Мысықтабандап қарсы жақ орналасқан  жерге тақап келді. Күзетші екеу, бірінің көзін  жойып, екіншісінің қол-аяғын байлап, матап ала қашу қажет.  Мұндайға әбден машықтанған олар бәрін сәтті  аяқтағандай болып еді, әрі-беріден соң арттарынан автоматтар оқ нөсерін кезексіз төкті. Яғни, олар болған жайды біліп қалған. 

Зинолла шұғыл шешімге келді. 

— Митя, сендер олжаны алып ілгері асыңдар. Біз Карсанашвили екеуміз бөгей тұрамыз, — деді. Иттерін  арсылдатып алға ұмтылған қуғыншыны бұлар да оқ нөсерімен қарсы алды. Шегіне атысып,  орманның қою тұсына да табандары ілікті-ау, әйтеуір. Өкініштісі, грузин досы Мурмана Карсанашвили  сол аяғынан мықтап жараланған. Оқ сүйегін оңбай  зақымдап өткен. Мұқияттап жарасын таңып, оның  бір қолын  өз мойнына асып алған Зинолла ақ тер, көк тер болып сандаған шақырымдарды артта қалдырып, өз бөлімдеріне де жетті. Олар әкелген олжа сол заматта тоты құстай сайрап, өте құнды мәліметтер берді.  Ертеңіне кеңестік құрамалар үлкен шабуылды бастап, біраз шығынмен жеңіске жетті. Бірқатар жауынгерлер марапатқа ұсынылса, олардың арасында  Зинолла және оның бір топ қандыкөйлек достары да болатын.

Зинолла да майдан жолдарында талай алапат  шайқастарды бастан өткерді. «Әсіресе, Курляндия жері  мен Курск иіні маңында болған қиян-кескі ұрыстарды бейнелеп айтуға тілім жетпейді» деп отыратын, жарықтық. Екі рет ауыр жаралы болып, көрер жарығы таусылмай  әупіріммен аман қалған. Талай құшағы ажырамас достарын жауынгер күрегімен өз қолымен жерлесті. «Қызыл  жұлдыз», «Даңқ», «Ұлы Отан соғысы» ордендері, «Жауынгерлік ерлігі үшіннен» басталған ондаған  медальдары – майдан жолдарының куәсі ғана емес,  мәңгі өлмес ерлігінің ұрпағына қалдырған аманат белгісі де.  

Солдат гимнастеркасын шешпестен елдегі ақсап жатқан шаруаның қазанында бірден қайнап,  жылағанның көз жасын сүртіп, еңсесі түскен елді көтерген де осы Зинолла әкей болатын.  1946-1954 жылдары Қошалақ, Дыңғызыл өңіріндегі  орта мектептерде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директор бола жүріп, жас ұрпаққа білім берудің жаңа  тәсілдерін игерісті. 1948-1950 жылдары Қошалақ өңіріндегі Жасқайрат жеті жылдық мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болғанында қазақтың бүгінгі белгілі тұлғалары Жұмекен Нәжімеденовке, Әзидолла Есқалиевке, Бақыт Қарабалинаға сабақ бергенін, олардың бала күнінен ерекше жаратылған бітім-болмысын есіне алып әңгімелеп отыратын.

Сонау елуінші жылдардың аяқ тұсында Азғыр  өңірінде үлкен кеңшар — Балқұдық ірге көтерді. Саяси  ұйымдастыру жұмыстарын ұршықтай иіріп ұстайтын  партком хатшысы ол — Зинолла деп таныды сол кездегі облыс, аудан билігі. Қателеспепті. Балқұдық кеңшарының  шаруасы шалқып, ел дәулетін еселеуге сүбелі үлес қосты. Қой саны 60 мыңды құраса, құйрық-жалы төгілген сәйгүліктер 7 мың басқа дейін жетті. Мұны сол кездегі жоғары ұйымдар әбден саралап біліп отырды. Нәтижесінде есімі халық арасында аса құрметпен аталатын Зинекең 1960 жылдары түгел дерлік Азғыр аймағын қамтитын партиялық хатшылыққа жоғарылатылды. 

Өз заманының от пен оқ арасында ширығып шыныққан, қандай қиындықтың да әлсіз тұсын тез  таба білетін, соңынан халық ерген Зинолла Хамзаұлы көп жылдар «Құрмет белгісі» орденді Сүйіндік кеңшарының өсіп-өркендеуіне ебіл-себіл еңбек ете жүріп, өлшеусіз үлесін қосты. Аталмыш шаруашылықтың ақсап жатқан тұсына кезек-кезек таңдалды. Партком хатшысы, директордың орынбасары, ферма меңгерушісі болған жылдары нағыз кемелденген азаматтық болмысын қалыптастырып, ел жадына, жақсы-жайсаңдардың жүрегіне мықтап ұялап қалды. Алпысыншы жылдары Сүйіндік кеңшарына қазіргі жазушы — ғалым Жәрдем Кейкин директор болғанында оның орынбасары лауазымын иеленсе, Жәрдем аға қызмет орайымен жоғарыға таңдалғанда Зинолла ағамыз осы шаруашылықтың директоры болды. 

Ағамыздың ақ адал ниетін бағалағандай Жаратқан оның маңдайына  асылдан ғұмырлық серік бұйырмыс етті. Аружамал  Бисенғалиқызы – Батыс Қазақтан облысы Орда ауданының қызы. Ауданның сонау қиын жылдары  білім беру бөлімін басқару Аружамал анамызға  жүктелсе, тек осыдан-ақ оның кім екенін  шамаларсыз. Ат белін суытпайтын азаматтың өз ортасында  қарағайдай шаншылып тік жүруі, артына алаңсыздығы, күндіз-түні есік ашар қонағының бабы, бала тәрбиесі, мектептегі ұстаздық қызметі — бәрі-бәрі осы  бір бекзат болмысты әйелдің көзі тірісінде бір ақаусыз атқарған тірлігі еді. 

Зинолла мен Аружамалдың  ұрпақтары өз саласында тәуелсіз елдің тәубешіл, тамырлары адалдықпен сусындаған ұрпақтары болып қалыптасты. Үлкен ұлы Уәлитхан бастаған көш Астана  қаласына барып тоқтаған, мамандығы – экономист. Қызы Клара ұстаз, күйеуі Кәкиммен бірге Атырауда. Бесаспап құрылысшы Фатихолла ұлы тамылжытып ән шырқап, таңғажайып күйге бөлейтін Күләш  жарымен әманда бақытты! Облыстық санитарлық қызметті басқарып отырған ұлы Өмірзақ Әлия ұстазбен тағдыры біріккен. Дәрігер Гүлнәз қыз мұнай саласының маманы, күйеуі Махмуды екеуі кішілік жолдарын жете сезініп, ағайын арасында елпілдеп ұшып жүргендері. 

Зинолла әке мен Аружамал ана соңғы бір жылдары бала-бауыр қамымен киелі Нұржау  топырағына келіп қоныс тепті. Зиялы жандар  мұнда да төңірегіне шапағат-нұрымен шуақтады. 1987-89 жылдары  Нұржау ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы, селолық кеңестің депутаты ретінде де ел тірлігіне тынбай араласты. Алла өзі лайық көрген күні осы бір екі арыстың да  қалың елдің қабырғасын қайыстырып жүздері құбылаға бұрылды. 

Биыл адамзат баласының фашизм құрбандығынан азат етілгеніне 69 жыл толады. Алда –70 жылдығы. Сол сұрапыл күндердің қаһарман жауынгері, бейбіт еңбектің де туын жықпаған  айтулы ері — Зинолла Хамзаевқа көп көше, иә, бір нысанның аты бұйырмағанын айтсаңшы, бәрінен бұрын… 

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ.  
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button