БЕКЗАТ БОЛМЫС
… 1969 жылдың желтоқсан айының ортасында Кеңес Армиясы қатарынан оралған мен «енді қайда қызметке орналассам екен» деген оймен аудандық білім беру бөліміне хабарласқан едім. Ондағылар мені «сіздің мамандығыңыз бойынша ешбір мектепте де орын жоқ» деген сылдыр жауаппен бірден шығарып салды. Бірақ, оған қинала қойған мен жоқ. Себебі, бұған дейін-ақ әбден бауыр басып алған «үйреншікті қызмет орным» бар болатын. Ол Қызылқоға аудандық «Коммунизм туы» газетінің редакциясы еді. Осында мектепті бітіре сала-ақ оқуға кеткенге дейін бір жыл корректор болып қызмет істеп кеткенім бар. Сонымен қатар, Алматыдағы оқуымнан жыл сайын жазғы демалысқа келген кезімде де корректор болып қызмет істеп, біраз ақша тауып қайтатынмын. «Алтын шыққан жерді белден қаз!» дегендей, салып ұрып тағы да сонда келдім. Мамандығым бойынша жұмысқа бармауыма толықтай сылтауым бар.
Редакцияда бұрыннан етене таныс болып қалған бастығым Ізни Нұрқасымов ағам мені бірден қуана қарсы алды. «Аппаратта «әдеби қызметкер», – деген бос тұрған бір штат бар еді. Егер Жұмекең рұқсат етсе, сені соған қабылдайын», – деді ол. Жұмекең деп отырғаны аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі екінші хатшысы Нақпаев Жұмаш ағай болатын.
Жұмаш ағаны мен бұрыннан да білетінмін. Сол кісінің ұдайы қамқорлап, қадағалауымен осы редакцияның жанынан бұрынғы кезде «Жас әдебиетшілер бірлестігі» дейтін құрылып, жұмыс істегені есімде. Оның басқосуларында жаңадан қалам тербеп жүрген кілең жас талапкер қыздар мен жігіттер өздерінің әлі сиясы кеуіп үлгермеген жауқазын өлеңдерін жарысып тұрып оқитын. Әсіресе, Сұлушаш Ғұмарова, қазіргі белгілі жазушы Марат Мәжитов, тіпті біздің кейбір мұғалімдеріміз Сәрсен Мұратов, Кенжеғали Қаюпов сынды ағайларымызға дейін оған үзбей қатынасып, жаңадан жазған шығармаларымен таныстырып тұратын. Бірлестіктің осындай басқосуларына кейде Жұмаш ағаның өзі де келіп жүргенін көретінмін. Төралқа столында отырған сол кездегі аудандық газет редакторы Теңдік Жауыров ағаның жанында шаштары бұйралана бұрқырап, кейін қарай желбірей төгіле түсіп, кескін-келбетінен бір ерекше қасиет шашырағандай болып отырушы еді. Сөйтсем, ол аудандық партия комитетінің екінші хатшысы екен.
Ізекең ол кісімен дереу хабарласып, маған: «ал, балам, алатын болдым, екінші хатшы рұқсат етті» деді. Менің қуанышымда шек жоқ. Себебі, бұған дейін корректор ғана болып қызмет істеп көрген мен сол орынға қабылдаса да риза болатын түрім бар еді. Ойда жоқта мен бірден-ақ «творчестволық қызметкер» болып шыға келдім.
Келесі күні мені «райкомға, Жұмаш Нақпаев ағай шақыртып жатыр» деп хабарлады. Редакциядағы кейбір қызметтестерім маған: «Сені райкомға өсірейін деп жатқан болар» деп көңілімді одан бетер алып-ұшыртып қойды. Келдім. Есік алдындағы хатшы әйел ішке кіріп, мәлімдеп шықты да, маған «кіре бер» деді.
Кірдім. Кең де жарық, мұнтаздай тап-таза кабинеттің іші бірден-ақ менің мысымды басып сала берді. Бірақ, Жұмаш аға жылы шыраймен қарсы алып, алдындағы орындықты нұсқап, отыруымды сұрады. Қолында аудандық газеттің кешегі менің «новеллам» жарияланған соңғы санын ұстап отырғанын көріп, жүрегім қылп ете қалды. Хатшы мен жайында қысқаша сұрап, жай-күйім туралы әбден біліп алды да келесі әңгімесін менің «новеллам» жайында өрбітіп кетті. Сөйтсем, менің «керемет ой-қиял» дегенім оншалықты керемет емес екен. Менің айтайын деген ойым екіұшты мағына беретін көрінеді. Хатшы қатты дауыс көтермесе де жаймен ғана түсіндіріп бергенінің өзі-ақ менің «кругозорымды» едәуір кеңітіп тастағандай болды. Содан бастап, өзімнің әрбір жазған дүниелеріме екі шұқып, бір қарап, кәдімгідей жауапкершілікті түсіне бастаған едім.
Кейін білсем, ол кісінің өзі де үлкен журналист екен. Осы аудандағы аудандық газетте алғаш редактор болып жасаған көрінеді. Ол кісі жайында баспаханада жасайтын Мәру дейтін газет басып шығаратын апамыз: «Жұмаштың өзі де жақсы журналист, редактор болып жасаған адам ғой. Қарамағындағы қызметкерлерін ақырып, жекірмей-ақ өте жақсы үйретіп отыратын еді» деп айтып жүретін. Сөйтіп, мен де Жұмекеңнің алғашқы сондай тәлімді мектебінен өте бастағандай болдым. Содан бастап, Жұмекең мен үшін үлкен ұлағатты ұстаз, өмірдегі тәрбиешім тәрізді бола бастады. Біздің әрбір жазған материалдарымызды ол кісі әрдайым түп-түгел оқып шығып, жақсысын жақсы, нашарын нашар деп ескертіп отыратын.
Шынымен де, Жұмаш аға өзі осы салаға басшылық жасайтын болғандығынан ба, әйтеуір, газет ісіне өте көп көңіл бөлетін-ді. Біздің кейбір материалдарымызды талдағанда ол жілікше шағатын. Ол кісінің кабинетінен шыққанымызда біздің біліміміз едәуір кеңейіп, көзіміз ашылып қалғандай болатын.
Жұмекең біздің газетке ара-тұра «идеологиялық жұмыс және партия комитеттерінің міндеттері» жайында өзі де мақалалар жазып тұратын. Әдетте газетке жарияланатын үлкен бастықтардың мақалаларын редакция қызметкерлері өздері дайындап беруші еді ғой. Ал, Жұмаш ағай олай етпейтін. Ол өз мақаласын өзі-ақ бірнеше ақ бет қағазға машинкамен тап-таза етіп бастырып, редакторға беріп жіберетін. Ал, машинкасыз берген жағдайда қарапайым жазу үрдісінің өзін әрдайым күлгін түсті сиямен әп-әдемі етіп, төгілтіп тұрып жазып беретін.
Бірде ол облыс бойынша Мысыр еліне үлкен делегацияны бастап барып қайтты. Келгеннен соң ұмытпасам, «Сфинкстер елінде» деген тақырыппен үлкен мақала жариялады. Ол бізде де, облыстық газетте де қатарынан бірнеше нөмірге суреттерімен көрнекі етіп берілді. Біз ол мақаланы қайта-қайта бас алмай оқып шығып, алғаш рет Мысыр елі туралы да, сол Мысыр жерінде қалың елді аузына қаратып, сұлтандық құрған өзіміздің Беріш әулетінен шыққан Бейбарыс атты сұлтанның болғаны жайында да үлкен мағлұмат алған едік. Мен өз басым Жұмаш ағаның үлкен журналистік шеберлігін, терең білімі мен дүниеге деген кең көзқарасын сол жолы әбден нақты танып, шынымен тәнті болған едім.
Жұмекең жиналыстарда асықпай, аспай-саспай жай сөйлейтін. Оның басқаларға көп ұқсай бермейтін бөлекше салмақты табиғаты мен болмыс-бітімінен, бекзат тұлғасынан ерекше бір тереңдік, көрегенділік, тіпті қасиеттілік те байқалып тұратындай еді. Мен ойлаушы едім, Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарынан білім алған дәл осы ағайлар ғана нағыз білім кәусарынан әбден қанып, сусындап шыққан екен ғой деп.
Жұмаш ағаның осындай терең тәлімді тәрбиесі мен қамқорлығын көріп, өзіне ұстаз тұтқан адамдар жалғыз мен ғана болмаспын деп ойлаймын. Олай дейтінім, ол кісіні әлі күнге дейін Қызылқоға елі аса қадірлеп, қасиеттеп, үнемі есте сақтап келеді. Бізге, Қызылқоға еліне қаншама басшылар келіп, қаншама басшылар кетпеді. Алайда, солардың жуан ортасында Жұмаш аға Нақпаевтың орны тым ерекше бөлек болып көрінеді де тұрады. Кейіннен Жұмекең қызмет бабымен көрші Мақат ауданына жұмысқа ауысып кетті. Біз әртүрлі жағдайларда кездесіп жүрдік. Кездескен сайын ол жып-жылы сәлемдесіп, «мен үлкенмін, сен кішісің» деп жатпай, елдің амандығын сұрап, шүйіркелесіп тұратын. Сонысының өзінен де оның аса қарапайымдылығы, елден ерек ақыл-парасаттылығы мен адами қадір-қасиеті айқын аңғарылып тұратын еді. Ол кісінің біздің елден жырақ жерде, басқа ауданда тұратындығына қарамастан, біздің жазған оны-мұнымызды ешбірін қалт жібермей, көзден таса қылмай оқып жүретінін байқайтынмын. «Қалай, бірдеңе жазып жүрсің бе, қарағым? Өткенде бір мақалаңды оқып едім. Жаман емес екен. Кітап шығаратындай ретің бар ма?» деп сұрағаны да бар-ды бірде менен. «Анда-санда ғана материал жазып жүргенім болмаса, кітап шығарам дейтіндей мен ең болмағанда үлкен журналист емеспін ғой» дегенмін. «Неге, журналист болмасаң да әдебиетшісің ғой» деп еді ол сонда маған, «әдебиетшісің ғой» деген сөзге ерекше мән бере сөйлеп. Шынын айтқанда, Жұмекеңнің сол бір сөзі маған ойдай түрткі болып еді. Содан бастап-ақ әр жылдардағы өмірге келген, жергілікті тарихи оқиғаларды арқау еткен «осы қалай» деген дүниелерімді жинақтай бастаған едім.
Менің Жұмаш ағаны өзіме жақын тартуыма себеп болатын тағы бір жайды айтпай кетуіме болмайтын сияқты. Ол – Жұмаш ағаның өмірлік серігі Сұлуқия апай. Ол кезде Қызылқоға ауданының орталығындағы Миялы селосында жалғыз ғана орта мектеп болған. Сол мектепте бізге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Мурзиева Сұлуқия апайдың әсерінен де біз, сірә, әдебиетке көбірек жақын болған шығармыз деп ойлаймын. Сұлуқия апайымыз оқушыларын өте жақсы көретін. Дауысын көтеріп, айқайлап ұрсу дегенді ол кісі, сірә, өмірі білмеген де болар-ау деп ойлаймын. Осы апайымыздың әсерінен сол мектептен дәріс алған Тілеш Балмағамбетов, Оңай Тұрғалиева, Сұлушаш Ғұмарова атты шәкірттері дәл сол кездің өзінде-ақ өздерінің алғашқы өлеңдерімен баспасөз беттерінде таныла бастады.
Жұмекең, Жұмаш аға Нақпаев қай жерде қандай қызмет орнында істесе де, өзіндік ой өрнегі қалыптасқан елеулі ізін қалдыра білді. Ол – партия мен Кеңес қызметінің ғана еңбегі сіңген биік тұлғалы ардагері болып қойған жоқ, тілінен бал тамған, қалың оқырман қауымды бірнеше мағыналы да мазмұнды тарихи еңбектерімен тұшындыра білген қаламы қарымды майталман журналист. Өзінің тұнып тұрған аса әсерлі де өрелі ойы мен жан-жақты терең білімді, байсалды жазушы деңгейіне көтерілген ғұлама абыз болып та баршаға танылды. Ол өз жанұясының да биік бәйтеректей қамқоршысы, тірегі болды. Ол соңынан ерген ұрпақтарының кеудесіне өз жүрегінің өшпес жылуын құйып, асқан мейірімі мен ақыл-парасатын еге білген, тәрбиелеп қалыптастырған ұлағатты әке ретінде де есте қалды.
Сонымен қатар, Жұмаш ағамыздың әртүрлі жылдарда жарық көрген бірнеше кітаптары да бұл күнде қалың оқырман жерлестеріміздің сусынын қандыратын құнды дүниелер ретінде бағаланады. Солардың ішінде 1997 жылы жарық көрген «Дақпырт пен дәйектер» және сол жылы жарық көрген «Тұрлан», 2000 жылы шыққан «Құрандағы пайғамбарлар туралы әңгімелер», 2003 жылы шыққан «Іңкәр дүние», 2004 жылы өңделіп, жетілдіріліп қайта жарық көрген «Құрандағы пайғамбарлар туралы әңгімелері» және басқалары қазіргі кезде облыс тұрғындарының әр үйінде де кітап сөрелерінде ең бағалы орнына ие болып тұр.
Иә, қазақ айтса айтқандай, «Батырдың аты өшпейді, ғалымның хаты өшпейді» дегендей, өз жерлестерінің жүрегінде Жұмаш аға Нақпаевтың есімі ешқашанда солғын тартпайды, ол өзінің ерек болмысымен, ұлағатты да бекзат тұлғасымен жадымызда жылдар бойы жарқырап тұра беретін болады десек, артық айтқандық емес.
Хамит ӘУБӘКІРОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Атырау қаласы.