Жарнама
Қоғам

БЕДЕЛ БИІГІНДЕ

Кадрлық резервте  тұрған,  елінің  тарихын,  әдебиетін, мәдениет саласын  жақсы білетін жанашырлар  ұсынған  бірнеше  адамның  ішінен  іріктей  келе  өнер  десе  ішкен  асын  жерге қоятын  Бақытжанның  кандидатурасына  тоқталдым.  Маңдайы  ашық,  жүзі  жарқын,  мінезі байыпты, сөзіне ісі  сай  осы  бір  атпал  азамат  мені де, өзін де жерге  қаратпайтындай көрінді.  Уақыт  өте  келе  қызмет  бабында да,  одан  тыс  уақыттарда  жанұямызбен  де жақсы  тіл  табысып,  жолдас  болып  кеттік.  Жұмысына  ерекше  беріліп  қана  қоймай, қарауындағы  қызметкерлердің  әлеуметтік-тұрмыстық  жағдайларын  шешуде, ел ішінен  жылт  етіп  көрінген  талантты  жастарды  іздеп,  тауып,  тәрбиелеуде  жасаған  ұлан-ғайыр  қызметін  айтып,  тауысу  мүмкін  емес.

Орта  мектепті  аяқтаған  жылы  редакция  ұйғарымымен  Бақытжан  Индер  аудандық «Индер» газетіне  әдеби  қызметкер  болып  жұмысқа  орналасады.  Қызығы  мен  қиындығы  көп  кездесетін  редакция  қабырғасында  ұзақ  жылдар  бойы  қызмет ете жүріп, әдеби  қызметкер, бөлім меңгерушісі,  жауапты  хатшы  сатыларына  дейін  көтерілді. Осы  кезде КСРО және Қазақстан Журналистер одақтарының мүшелігіне өтті. Көптеген жүлде мен марапаттаулардың иесі атанады.

Жалындаған  жастық  шақтың  жалынан тарта жүріп, ауданның  саяси  өміріне белсене араласа  бастады. Аудандық  партия  комитетінің  нұсқаушысы болды.  Әдейі жолдамамен жергілікті  өндірістік  комбинатының  директоры қызметіне тағайындалды. Сонымен  қатар, Бәкең  ауданда    облыстағы  алғашқылардың  бірі  ретінде «Мусағалиевтар  жанұялық  ансамблін» ұйымдастырды.  Сөйтіп, облыстық, республикалық  фестивальдардың бірнеше рет  лауреат атанып,  диплом және Құрмет  грамоталарымен  мадақталды.

Егеменді  еліміз  тәуелсіздігін  алған  кезінде  даңқты  батырларымыз  бен  дәулескер күйшілер,  азулы  ақындар мен  заңғар  жазушылар  туған  ауданның  мәдениет  бөлімін ұзақ  жыл  басқару  арқылы  аймақ  тарихына  өзіндік  қолтаңбасын  қалдырды. Ол ауданның  ауыл-селолық жерлеріндегі  кітапхана  жүйесі  мен  мәдениет  үйлерін  сақтап  қалу  бағытында  ерекше еңбек сіңірді. Мәдениет  қайраткері  атағының  берілуі де –  осының  айғағы.  Сол жылдары  пәтер  мәселесі  өте  қиын  жағдайда  еді. Мәдениет  бөлімі  үшін  әупірімдеп алған  пәтерді «Менің жағдайым  шүкіршілік, егерде  сол  пәтерді  маған  бергендеріңіз рас  болса,  онда   мен  оны  қарауымдағы  қызметкеріме берейін» деп табандап  тұрып алуы  — өнер адамдарына жаны ашығандық.   Сонымен қатар,  Бақытжан  Әділұлының  туған  жерінің  мәдениетін  одан  әрі  дамытуына құлшынысының  көптігі ме, әлде,  қимастығы ма,  сол жылдарда  облыс орталығының мәдениет  саласының  басшылық  қызметтеріне шақырылғанында келісімін берместен,  жүйелі  жұмысын  одан  әрі  жүргізе  беремін  деуі де – туған жеріне деген патриоттығы.   Ол  Индер  ауданының  мәдениет  бөлімін басқарған   кезде  қарауындағылармен  «жарты  құртты  жарып, бүтін  құртты  бөліп  жеп»  дегендей, бірлесе  жұмыс жасады.

Ол 2008  жылдан  құрметті  демалысқа  шыққанға  дейін  аудандағы  негізгі де,  үлкен  сала – аудандық  білім  беру  бөлімін  басқарған  жылдарында да  тиянақтылық  пен  ұқыптылықтың  көрінісін  көрсетіп,  жемісті еңбек  ете  білді. Жас  ұрпаққа  сапалы  білім  мен  саналы  тәрбие  берудегі  педагогтардың  көшбасшысы  бола  жүріп, ауданның  білім  беру саласының қарқынды  дамуы  мен  өркендеуінде  шебер басшылық, ұтқыр да  білікті ұйымдастырушылық  қабілет пен қасиет танытты. Аудан  оқушыларының  Ұлттық  бірыңғай  тестілеуі  ( бұдан әрі-ҰБТ) кезінде  2008-2013 жылдары  37  оқушы  «Алтын  белгі»,  8  оқушы  «Үздік аттестатқа»  ие  болды. «Әрбір жаңа жетістіктер мен  ҰБТ кезіндегі  ата-аналардың, оқушылардың,  тіпті  ұстаздар  қауымының  ыстық  ықыласына бөлену –  ең  ерекше қуаныш  еді,» деп еске алады бүгінде Бәкең. 

Еңбегі еленген  Бақытжан Әділұлының  есімі  «Индер  ауданының  шежіре энциклопедиясына» енген.  Республика  көлемінде  тұңғыш  рет  аудандық  білім бөлімінің  «Ұстаз  айнасы» атты  газетін шығаруда  да Бәкеңнің  ерекше  еңбегі  зор  деп  айтуға   болады. Себебі,  шығу таралымы  аз  болғанмен,  бұл  басылымның ұстаздарға, оқырманға  берер тәлім-тәрбиелік, сабағы  көп  екені  сөзсіз  еді. 2009 жылы мектеп  оқушылары  арасында жас ақындардың  аудандық  айтысы Бәкеңнің  тікелей  ұйымдастыруымен  өткізіліп, ол  бүгінге  дейін  жалғасып  келеді.  Оның  бұл  бастамасына  кезінде  ҚР  Білім  және ғылым  министрлігі де жоғары  баға  берген  болатын.  «ҚР  Білім  беру  ісінің  Құрметті қызметкері»  атағын алуы  осындай  тың  жетістіктер  мен  жаңаша  ізденістердің нәтижесі  деп  түсінеміз.  Оның  омырауында  өзге  наградаларымен  қатар, «ҚР Журналистикасына-50 жыл», «Кәсіподаққа  сіңірген  еңбегі  үшін», «Атырау  облысы кәсіподақтар  федерациясына – 60 жыл», т. б.  төсбелгілері де  жарқырайды.  Ал,  2014 жылы  осы  ардақты азамат  туралы  «Келбет»  атты  кітап  «Шежіре»  баспасынан басылып  шығып,  оның тұсаукесер  салтанаты  Г.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында   өткен болатын.

1972  жылдың  күзінде   отау  құрып, жан жары  Зәмзәгүл  Өтешқызымен  екеуі  9  немере,  үш  жиендерінің  бал  тілі мен  сыңғырлаған  күлкісіне  сәнденіп,  мағыналы да  мәнді  ғибратты  ғұмыр  кешіп  келеді.

Ұл-қыздары –  бір-бір  шаңырақтың  иелері.  Тәрбиелі  отбасынан  түлеп  ұшқан,  иман  нұрымен  қанаттанған  ұлдары  мен қыздарының қатарының  алды,  ұлтжанды  азаматтар  болып  өсіп  келе  жатқаны  көңілдегі қуанышты  бұрынғыдан да  арттыра  түседі. Жәнібегі –білім беру, Сәттібегі – өндіріс, Бақтыбегі темір жол салаларында, Ақмаралы Атырау мемлекеттік университетінде, ал, Мейірбегі  облыс орталығындағы мемлекеттік мекемеде заңгерлік  қызметте жұмыс жасайды. 

Әрдайым да  абырой  биігінен  көрініп,  азаматтық  принципін  адал  ұстанған  азамат  бірнеше  рет  облыс  әкімінің  және  облыстық  мәслихаттың,  сондай-ақ  облыстық  мәдениет,  білім  басқармаларының,  аудан  әкімінің  Алғыс  хаттарымен,  Құрмет  грамоталарымен  марапатталып  отырды.  Аудан  басшылығы  бүкіл  саналы  ғұмырының  47 жылында  Индер  ауданының  саяси,  экономикалық  және  әлеуметтік-мәдени,  білім  беру  саласын өркендетуге  зор  үлес  қосқан,  алаш  жұртының  тілін,  тарихы  мен  әдебиетін  көздің  қарашығындай  сақтап,  сол  үшін небір  тар  жол,  тайғақ  кешулерді  басынан  өткерген  Бақытжан  Әділұлы  Мусағалиды  «Индер  ауданының  Құрметті  азаматы»  атағына  лайықты  деп  шешсе  деген  тілегіміз  де  бар.  Оның  оң  қолдау  табуына  сенім  білдіремін.  Ол  бүгінде  де  білім  беру  саласындағы  еңбегінен  қол  үзбей,  өмірлік  тәжірибесі   мен  ақыл-кеңестерін  әріптестері  мен  жастарға  үйретіп  жүр.  Ия, бүгінде 65 жасқа толып отырған  азаматтың  абыройы асқақтап, беделі биік болсын   дейміз.

Қадырғали   Таңқиев,

Қызылқоға  ауданының  Құрметті  азаматы,

1991-1994   жылдардағы  Атырау  облысы  әкімінің орынбасары-облыстық мәдениет басқармасының  басшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button