БАЙЫПТЫ ШЕШІМ, БАЙСАЛДЫ БАҒДАР

Елбасының зейнетақы жүйесін жаңғырту туралы мәлімдемесі еліміздің барлық аймақтарындағы әйелдер қауымын бір серпілтіп тастады. Себебі, депутаттардың ауыл-аймақты аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізгенімен, халықтың басым бөлігінің дұрыс мағлұмат алмағаны анық. Ал, кешегі Президент Үндеуінен көптің көңілі серпіліп, ертеңге деген үміт оты жанды.
Әйел адамдардың зейнет жасын 58-ден 63-ке ұзартуды тағы төрт жылға шегеруі - Елбасының әр мәселеге байыпты қарайтындығының көрінісі. Дамыған елдерде бұл тәжірибе әлдеқашан қолданысқа енсе де, Президентіміздің ел ертеңін ескерусіз қалдырмауы - құптарлық жайт.

Көптің көңілін күпті еткен мәселеге Мемлекет басшысының осылайша нүкте қоюына дән ризамыз. Қазіргі қоғамда қызу пікірталасқа арқау болған заң жобасының кері қайтарылуын Елбасының кезекті мәрте ел жайын дұрыс бағамдап, көптің ойынан шығатын шешім қабылдайтын саяси қайраткерлігінің көрінісі деуге болады.
«Зейнетақы жүйесін жаңғырту туралы» Заң жобасына қатысты Елбасы тарапынан айтылған ұтымды ұсыныстың тағы бірі – бала күтімінде отырған жұмыс істеуші әйелдердің зейнеткерлік салымына мемлекет есебінен қосымша төлемақының төленуі болды. Бұл да қазіргі уақытта ел ішінде қызу қолдауға ие болып отыр. Осынау шешім, әсіресе, бала күтімі кезінде табыстан да, салымнан да қағылатын аналар үшін өте пайдалы екені анық.
Жалпы алғанда әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңмен ұзарту туралы ұсынысы азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін қабылданған шешім болғаны сөзсіз. Дер кезінде жасалған мұндай қадам, әсіресе, әйел-аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлкен септігін тигізбек.
Елбасы Үкіметке 2030 жылға дейін зейнеткерлікпен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды тапсырды. Демек, зейнетақы реформасының күрделі мәселесі оң шешім табатын күн алыс емес.

Меңсұлу СМАДИЯРОВА,
Қамысқала селолық
кітапханасының қызметкері,
Исатай ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз