Биыл Атырауда 24 жоба іске асырылмақ 

img 6202 Қоғам

Осы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде және гранттық қаржыландыру арқылы көлемі 455 млн теңгені құрайтын 24 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде, азаматтық қоғамды дамыту және жастар саясаты мен этносаралық қатынастарды дамыту бағыттары да бар. Бұл туралы Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Г.Сүйеуова басқарма қызметінің бірінші бағыты – азаматтық қоғамды дамыту екендігін атап өтті.

– Қазіргі уақытта облыста 7 саяси партия филиалы, әртүрлі бағыттағы 752 үкіметтік емес және 18 этномәдени ұйым, сонымен қатар 44 діни бірлестік пен 48 кәсіподақ ұйымдары және 9 қоғамдық кеңес қызмет атқаруда. Былтыр басқарма тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 362 млн теңгені құрайтын 15 әлеуметтік жоба және грант беру арқылы үкіметтік емес ұйымдармен 77 млн теңгені құрайтын 10 жоба іске асырылды, – деді ол.

Жастар саясатын дамыту бағыты бойынша өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында барлығы 263 млн теңгені құрайтын 8 жоба және 6 әлеуметтік гранттық жоба жүзеге асырылды.

Сондай-ақ оның айтуынша, облысымызда жастарды баспанамен және жұмыспен қамту – өзекті мәселелердің бірі.

– Былтыр жастарды тұрғын үймен қамту мақсатында «Атырау жастары» ипотекалық бағдарламасы жүзеге асырылды. Оны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджет есебінен 1 млрд теңге қаражат бөлінді. Бағдарлама аясында 800-ге жуық өтінім қабылданып, оның ішінде 103 жас тұрғын-үймен қамтылды. Cондай-ақ жергілікті жұмыспен қамту орталықтары мен жастар ресурстық орталықтары арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Биыл жыл басынан бері бірлескен түрде 45 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Нәтижесінде 2 895 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек айта кететін тағы бір жайт, биыл жастарды қолдау мақсатында бюджеттен барлығы 306 млн теңгені құрайтын қаржат бөлініп, 13 мемлекеттік әлеуметтік жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, – деді Г.Сүйеуова.

Айта кетейік, биыл өңірімізде алғаш рет «Атырау қаласындағы этнос өкілдеріне арналған үйірмелер мен секциялар ұйымдастыру» жобасы жүзеге асырылмақ. Жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында өңірдегі этнос өкілдеріне қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттау.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз