Жарнама
Қоғам

БАТЫРЛАР РУХЫНА – ТАҒЗЫМ

Қазан айына белгіленген іс-шаралардың басым бөлігі Кеңестер Одағының Батыры Александр Афанасьевке арналуда. Кешегі ел басына күн туған шақта Отанын  басқыншылардан азат етуде қайталанбас ерліктің үлгісін танытқан даңқты жерлесіміздің тағылымға толы істерін насихаттап, өскелең ұрпақтың санасына сіңіру, есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында біраз шара атқарылуда.

1942-1944 жылдары  сұм соғыстың нағыз қаһарына еніп тұрған шағында осы шаһарда (бұрынғы Гурьев, бүгінгі Атырау қаласында) госпиталь жұмыс жасаған. Майдан даласында ауыр жараланған жауынгерлер осында жеткізіліп, оларға ем-дом көрсетілген. Сол бір кездегі емдеу мекемесінің орны кейіннен марқұм болған майдангерлер мәйіті жерленген зиратқа айналды. Сондықтан да шығар, олардың ұрпақтары мен туған-туыстары, қала берді, атыраулықтар жыл сайын, мереке күндері майдангер аталарының бастарына келіп, рухтарына тағзым етуді дәстүрге айналдырған.

Олардың арасында Кеңестер Одағының Батыры Александр Афанасьев те бар-ды. Өткен бейсенбіде қалалық әкімдіктің жауапты қызметкерлері, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау қалалық филиалының, «Мирас» туристік-өлкетану клубының жетекшілері және агротехникалық колледждің оқытушылары мен студенттері осындағы мемориалдық ескерткіштің жанына жиналды. Гүлдестелерін қойып, боздақтарды тағы бір мәрте еске алды.

Осындай қастерлі орындар отты жылдардың белгісіндей боп қалғандығы анық. Ол орындарды біз әрқашан қастерлеуіміз керек. Батыр бабамыз Александр Афанасьевтің ерлігін біздің бүгінгі ұрпақ мақтан етеді, —  дейді шараға қатысушылар.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button