БАТЫРДЫҢ БАТАСЫ
— Біз қолымызға қару ұстағанда, — деді ол, — жиырмадан жаңа ғана асқан жігіт едік. Арман қуып, алдағы күндерімізге үмітпен қарап жүрген кезіміз болатын. Адам өлтірмек түгілі, біреуге қатты сөз айтпайтынбыз. Алайда, елімізге жау шапты, жерімізді дұшпан таптады. Отанымыз бізді сапқа шақырды. Бардық. Өйткені, бейбіт өмірімізді қорғау қажеттігі туды.
Одан әрі Батыр жорық жолдарына қысқаша шолу жасаған-ды. Әсіресе, өзі бел ортасында болған Қара теңіз жағалауындағы шайқастарға тоқталыңқырады. Әрине, бір қарағанда, майдан тірлігі ұқсас та көрінер. Командир бұйырды, жауынгер орындады. Әйтсе де, әр қаланы азат ету, әр биіктікті басып алу — өзіндік маңызы бар әскери операциялар. Соның ішінде Қара теңізді кешіп өтіп, оның жағалауындағы қалаларды қайтару – Ұлы Отан соғысының жарқын беттерінің бірі. Бұл көрнекті қолбасшы, маршал Георгий Жуковтың естеліктерінде кеңінен айтылады.
Бүгінде тарихтан белгілі, құрамында Қайырғали Смағұлов болған кеңестік әскерлер тобы негізгі де, көмекші де емес, жау назарын өзіне аударатын өзгеше күш еді. Яғни, соғыстың бастапқы кезінде басып алған жағалауына мықтап бекінген дұшпанға өздерін басты құрылым ретінде көрсетуі керек-ті. Сондықтан, ешқандай жасырынбастан, көрер көзге бастарын қатерге тігіп теңізге түскен-ді. Арғы беттегі немістер барлық қаруын бұларға бағыттады. Айдын төсі жарылған снарядтан, бораған оқтан көрінбеді. Қаншама қайық аударылды, үстіндегі адамдары суға кетті.
Бұл кезде алдымен негізгі, сәл кейін көмекші десант та теңіздің өзге тұсынан өте бастаған-ды. Бірақ, екеуі де діттеген жеріне жете алмады. Немістердің мықты бекінісі бұзылмады. Оларды жағалаудан әрі ығыстыруға шамалары жетпеді. Қайран ерлер қырғын тапты. Көбі теңіздің тұңғиығына батты, біразы жағалауға жетіп жығылды. Шабуыл тұншықты, мақсат орындалмады.
Ал, бұл кезде құрамында Қайырғали Смағұлов бар десантшылар өздері басып алған ұлтарақтай жерін кеңейтуге кіріскен-ді. Кейіннен ол «Кші жер» атымен Ұлы Отан соғысының тарихына енді. Бұл атау осындағы әскери байланысшы қыздың туысқандарына жазған хатындағы «біз Отанымыздың кіп-кішкене жерін қорғап тұрмыз» деген сөзінен алынды. Бұл жөнінде армия генералы Сергей Штеменконың «Бас штаб соғыс жылдарында» кітабында да кеңінен баяндалады.
Міне, Батыр жиналғандарға сол жөнінде айтты. Ұлтарақтай жерді оның ұлдарының қалай қорғағанын еске алды. Осы шағын ғана топ бергі жағалаудан мол күш жеткенше плацдармды ұстап тұрған-ды. Немістердің қаншама қарсы шабуылы тойтарылды. Саптары сиреп, саусақпен санарлығы ғана қалды. Бұл жөнінде Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романында да жақсы айтылған. Сондағы бас кейіпкер Қайрош Сарталиев – осы Қайырғали Смағұлов.
Сонау жылы Қара теңіз жағалауында демалғанбыз. Десант түскен жерде болдық. Новороссийск қаласының әдемі тастармен тегістелген жағалауының біраз тұсы ашық қалдырылыпты. Сәл еңістігі сезіледі. Сөйтсек, бұл соғыс жылдары кеңес әскері қазған окоптың орны екен. Әлі күнге қастерлеп сақталған. Осы жерде қаншама адамның қаны төгілді. Солардың көбі жиырмадан енді ғана асқан жастар еді ғой.
Жағалаудан сәл беріректе арнайы мемориалдық монумент орнатылған. Оның ішіне кіретін есігі де бар. Монумент тұмсығымен жағаға келіп тірелген әскери катердің бейнесінде істелген. Екі бүйірінде автоматтарын алға ұмсындырып, секіріп түсіп жатқан солдаттардың бейнесі сомдалған. Өте сәтті шыққан әдемі композиция. Әлгі мемориалдың ішіне енгенде екі минут шамасында азалы музыка ойнап тұрады. Бұл – осы жерде қаза тапқан мыңдаған боздақты жоқтау.
Әскери басшылардың мемуарларының бәрінде дерлік бар, жау ұшақтары Новороссийскінің әр пұшпағына жүздеген тонна бомба тастаған. Алыстан ататын артиллерия ауыр снарядтарды қарша жаудырған. Әйтеуір, қаланың сау тамтығын қалдырмаған. Әсіресе, цемент шығаратын зауыт маңы әбден талқандалған. Міне, сол орында ағаштары жанып, енді оқ тескен темірлері ғана қалған вагон тұратын. Оны да соғыс жылдарының естелігі ретінде ашық аспан астына қойған-ды. Әлі де бар шығар. Өйткені, Ұлы Отан соғысының әр ескерткіші қымбат қой.
Ал, Батырмен кездесуге оралсақ, шара ортасында жиналғандар арасынан орта бойлы, қос иығына екі кісі мінгендей еңгезердей жігіт орнынан көтерілді. Бұл бұрғышы Аманкелді Жайбергенов еді. Кітапты көп оқитын, мерзімдік басылымға молынан жазылатын жан-ды. Жай басып мінбеге беттеді. Жұрт сілтідей тына қалған. Мұндайда белгілеп қойған адамдары ғана сөйлейтіндіктен, басшылар да елең етті. Мұнау не істегелі бара жатыр? Кездесуге келген аупартком мүшелері осындай қорқыныштан да ада емес.
Аманкелді алдымен Батырмен қолдасып амандасты. Содан соң:
— Батыр аға, — деді мол пішілген денесіне сай емес мақпал дауысымен, — ерлігіңізге тәнтімін. Сіздің жасыңызда жауға шаппақ түгілі, әке-шешесінің етегін әлі ұстап жүргендер бар. Мен де шаңырағын соғыс өрті шарпыған отбасының ұрпағымен. Мынау бейбіт өміріміз үшін Сізге басымды иемін.
Соны айтты да Батырдың алдына тізерледі. Кеудесіндегі Алтын медалі жарқыраған Қайырғали Смағұлов та орнынан шапшаң көтеріліп, оны иығынан демеді. Құшағына алды, арқасынан қақты. Осы қанат берді ме, Аманкелді аз-кем өкпесін де айтып қалды.
— Айтыңызшы, — деді ол Батырға қарап, — осыншама қазақ отырып, неге мінбеден тек орысша сөйлейміз? Өзімізден басқа кім тілімізге жанашыр болады? Мына отырған бастықтарға ұрсып кетіңізші.
— Дұрыс, — деген сонда Батыр, — өз тілімізді өзіміз ғана құрметтеуіміз керек. Біз соғыста сан ұлттың өкілдерімен иық тіресіп шайқастық. Бірақ, өз ұлтымыздың бір адамын көрсек, шұрқырасып қалатынбыз. Өйткені, ол аяулы ата-анамыз бен бауырларымызды, туған елімізді, қамқор халқымызды, кіндік қанымыз тамған жерімізді еске түсіретін. Сондықтан, шырағым, сенің өз тіліңнің тағдырына жанашырлық танытып тұрғаныңды түсінемін.
Міне, Батыр кез келген жиналыс орысша өтетін, Мәскеудің ықпалынан шыға алмай жұрген сол шақта да қазақ тілінің мәртебесіне ерекше мән беріп еді-ау.
Көпшілікпен қоштасарда Батыр осында отырған майдангерлерге қарап, олардың амандығын тіледі. Басшыларға қамқорлық танытуды жүктеді. Ал, баршаға сау-саламаттық айтып, келешек сәулетті күндерге жетуге бата берген-ді. Сол бата оңынан келді. Еліміз тәуелсіздігін алды. Кешегі майдангерлер жан-жақты қамқорлыққа кенелді. Тіліміз мемлекеттік мәртебеге көтерілді. Ен байлығымыз халқымыздың кәдесіне жарап жатыр. Әлем таныған елге айналдық. Алдан күтеріміз бүгінгіден де көп. Батыр да өмірден өткенше баршаға осыны тілеп еді.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.