БАТЫР ҚЫЗ АТЫНДАҒЫ КӨШЕГЕ КӨҢІЛ БӨЛІНСЕ…
Иә, содан бері талай жыл өтті. Көшеміздің қазіргі жағдайы тіпті сын көтермейді. Жолымыз айқыш-ұйқыш, асфальты тозды, жиектастары салынбаған. Автобус аялдамалары жоқ. Өтпе белгілер, бұрынғы сызықтар жойылып кеткен. Оның үстіне, берекетсіз орналастырылған байланыс, жарық беретін бағаналар сапасыз салынған. Осынау көріністер көрер көзге оғаш. Көшедегі үйлер жекеменшік болғандықтан әркім қолынан келгенін істеп, шарбақты бірі — темірден, екіншісі — ағаштан, үшіншісі тастан тұрғызған. Қайсыбірі құлап, жермен-жексен болып жатыр. Арасында өз жерлерін үш-төрт метрге ұзартып алған тұрғындар да бар. Бұл көше сиқын бұзып тұр.
Көшемізде кәріз құбыры, балалар ойнайтын, қариялар демалатын орын атымен жоқ. Үлкен алаң болмаса да, шағындау алаңшалар, демалып отыратын орындар қоюға болмас па? Сондықтан, біз, тұрғындар, Әлия Молдағұлова атындағы көшенің Станционная көшесімен, бұрынғы колхоз базары, Х.Досмұхамедов атындағы көшелер қиылысынан шағындау демалыс орнын салуды ұсынамыз. Сол алаңқайға елі мен жері, туған халқы үшін жанын пида еткен Әлия Молдағұлованың шағындау ескерткішін қойса, мұражай ұйымдастырса, артық болмас еді.
Жасыл желекке деген жалқау көзқарасты жою керек. Қаланың қай көшесінде де бұрынғы кеңес дәуірінен қалған қара ағаштар бар. Бүгінде олар да «қартайды», шетінен қурап жатыр. Ал, жаңадан отырғызған тал-теректер уақытымен суарылмайды. «Ауыз сумен суаруға болмайды, техникалық су керек» деген соң, тұрғындар да тыйылып қалды. Қала көшелеріндегі жасыл желекті күту, баптау қай мекемеге бекітілді, егер ол өз міндетін дұрыс орындамаса, оның басшысын қатаң жазалау керек емес пе?!
Бір сөзбен айтқанда, әрбір көшенің атына заты сай болғаны жөн. Өзіміздің батыстың қызы Әлияның атындағы көшеге Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында үлкен мән беріліп, тұрғындар тілегі ескерілсе дейміз.
Әліп КЕНЖЕҒҰЛОВ,
Атырау қаласының тұрғыны, ардагер.