Жарнама
Қоғам

Баспасөздің берен сөзі

белгілі журналист Қуандық Батыровты Атырау мұнай және газ институтының құрметті профессоры атандырды

Кез келген мемлекеттік саясаттың халықтың санасынан өткенде ғана толыққанды жүзеге асатынын диалектикалық тұрғыдан ұғынатын болсақ, дәл осы жерде журналистиканың ролі мен орны одан сайын айшықтала түседі. Оның үстіне, адамдардың ақпаратсыз өмір сүруі тіпті де мүмкін емес. Ал, баспасөздің басты миссиясы  –  шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан алғанда, жалпы журналистика өзінің осы негізгі миссиясын толықтай орындап отыр деп батыл айта алатынымыз хақ.

Атырау мұнай және газ институтында Қазақстан Журналистер Одағы облыстық филиалының төрағасы, қарымды қаламгер Қуандық Батырұлының 70 жасқа толуына арнап өткізілген «дөңгелек үстел» басындағы әңгіме баспасөздің қоғамдағы ролін жан-жақты пайымдауға арналды. Басқосуға модераторлық еткен институттың ғылыми жұмыстар және инновация жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтар бұл тақырыпты журналистикаға барлық саналы ғұмырын арнап келе жатқан Қуандық Батыров шығармашылығымен байланыстырды. Бұл «Қазақстан-Атырау» телеарнасы түсірген мерейтой иесі туралы деректі фильмде де шебер өрілді.                                                                                        

— Қуандық Батырұлының бүкіл болмысын баспасөзден бөле-жара қарау мүмкін емес. Өйткені, сонау Индер аудандық газетіндегі бөлім меңгерушілігі, бас редактордың орынбасарлығы қызметінен басталған қаламгерлік жол «Нарын таңы», «Каспий таңы» газеттеріндегі бас редакторлық қызметпен жалғасып, арасында «Теңдік» кеңшары директорының орынбасары, Қайыршақты селолық кеңесінің төрағасы, «Теңдік» аймақтық партия комитетінің хатшысы, аупарткомдардағы жауапты қызметтермен шыңдалған таза идеология майданының жауынгері қайда жүрсе де  баспасөзбен біте қайнаса білді, — деді өз сөзінде облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі Исатай Балмағамбетов. Ол әріптес ағасының қаламгерлік тұрғысындағы игі қасиеттерін жіліктей саралап, оның қайраткерлігіне, қарапайымдылығына, үлкенге жасар ізеті мен кішіге берер тәліміне терең тоқталды.

— Қазіргі қазақ журналистикасының хал-ахуалы туралы салған жерден айтып кету – қиынның қиыны. Өйткені, ұлттық журналистика өзінің көп палитралы кемел шағына қонғанына біраз уақыт болды. Дәл қазір оны бір арнаға түсіп үлгерген үлкен механизмге теңеуге болар еді. Дегенмен, уақыт талабы қашан да қатал. Сондықтан да болар, әлгі механизм қашан да унификацияны талап етіп отыратыны – заңдылық. Осыны әріптестеріне әркез ұғындырып жүретін Қуандық Батырұлын журналистика саласының теоретигі деп санауға да болады, — деп түйіндеді ойын Исатай Құндызбайұлы.

Осыдан кейін Атырау мұнай және газ институтының ректоры, экономика ғылымдарының  докторы, профессор Әли Әбішев Қуандық Батырұлына институттың Құрметті профессоры аттес-татын табыстап, арнайы төс-белгіні өңіріне қадады. Мерейтой иесін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен келген профессор, филология ғылымдарының докторы, ақын Қадыр Жүсіп, тарихшы-ғалымдар Қылышбай Сүндетұлы, Айдар Сабыр, Гүлфайруз Қа-йырғалиева, Қазақстанның Құрметті журналисі Төлеген Берішбай, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Диас Сұлтанов, еңбек ардагері Сергей Алпатанов құттықтап, игі тілектерін арнады.

Өз тілшіміз.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button