Жарнама
Қоғам

БАСПАНАЛЫ БОЛУ – ЖАҢА ӨМІР БАСТАУЫ

Халқымыз «үйі жоқтың – күйі жоқ» деген сөзді бекер айтпаған. Бұл – халықтың тұрмыс-жағдайын жақсартудың басты бағыттарының бірі десек, тұрғын үй мәселесінің күн тәртібінен түспеуі де сондықтан. Күрмеуі қиын осы мәселені  жүзеге асыруда халықтың көптеген қиыншылықтар мен кедергілерге тап болатындығы да жасырын емес. Бір кездері қазақстандықтардың жаппай несиеге пәтер алып немесе әлі салынбаған, аты жоқ үйлердің үлескері атанғандықтары да рас. Десек те, жылжымайтын мүлік нарығында бүгінгі күні  көптеген жұмыстар жасалуда.

 Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа арнаған Жолдауында қолжетімді баспана құрылысының механизмдерін өзгертуді талап етті. Мұнан кейін Үкімет аймақтардың 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасын қабылдады. Онда негізінен жалға алу пәтерлеріне көп көңіл бөлінген. Жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үйлерді жеңілдетілген шартпен беруге Ұлттық қордан 180 млрд. теңге бөлінсе, оның 35 млрд. теңгесі жергілікті атқарушы органдарға арналған. «Баспананы тікелей делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді» деп Елбасы осы Жолдауда көтерілген мәселені нақтылай түсті.

Тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайтуда  «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасының ролі ерекше. Бұл бағдарлама жастарды тек үймен  қамтамасыз етіп қана қоймай, көптеген мәселелерді, соның ішінде демографиялық мәселелерді шешуге де ықпал етеді. Бұлай деуіміздің себебі,  пәтер жалдап жүрген жастарымызды, ең алдымен, әлеуметтік жағдайлары көбірек алаңдатары белгілі. Кейбір отбасылардың пәтер жалдаудың ауыртпашылығын көтере алмай, ажырасып жатқандары да аз емес. Сондықтан, аталған бағдарлама халықтың тұрмыс-жағдайын  жақсартуға айтарлықтай мүмкіндік туғызды десек, артық айтқандық болмас.

Үстіміздегі жылдың наурызынан бастап, «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасына елеулі өзгерістер енгізіліп отыр. Жалға беріліп, кейіннен сатып алу үшін тұрғызылатын тұрғын үйлерді бұған дейін бұл бағдарлама бойынша Қазақстандық ипотекалық компания өз есебінен және бюджет есебінен қаржыландыратын. Жолдау тапсырмаларына сәйкес, аталған механизм өзгертілмейді, бірақ, ең басты әлеуметтік аспектілер күшейтілуде.

 «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы енді «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» деп аталады.  Бағдарлама аясында мынадай негізгі бағыттар көзделген: бірінші – жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар, екінші –«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ Банкі» желісі бойынша; халықтың барлық санаты үшін және  жас отбасылар үшін. Үшінші –«Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы АҚ сатып алу құқығымен жалға берілетін және сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлер. Төртінші – «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның тұрғын үйлері.

«Жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар үшін тұрғын үй» бағытына сәйкес, бүгінгі күні Атырау қаласы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй берілуге мұқтаждар есебіне 14 290 отбасы тіркелген. Олардың ішінде Ұлы Отан соғысына қатысқандар жоқ. Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 775, әлеуметтік жағынан әлсіз топтар – 4221, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар – 9073. Ал, Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен апатты жағдайда деп танылғандар – 221»,-дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Серік Қазиев.

Өткен жылдың есебімен қала бойынша тұрғын үй құрылысына 20,1 млрд. теңге инвестиция жұмсалып, жалпы ауданы 360,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның ішінде жеке құрылыс есебінен салынғаны – 285,9 шаршы метр, мемлекеттік меншік есебінен салынғаны – 74,7 мың шаршы метр. Кезек бойынша 636 пәтер  бөлініп, көптеген отбасы қонысты болып, қуанышқа кенелді. Оның ішінде 11 пәтерді Ұлы Отан соғысының ардагерлері иемденсе, 119-ы – жетім балаларға, 137-сі әлеуметтік қорғауды қажет ететін осал топтарға жататын отбасыларға, 310-ы мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдар қызметкерлеріне, 15-і жалғыз үйі апатты деп танылған отбасыларға берілді. Нұрсая шағын-ауданынан 44 жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар үй алып, көл-көсір қуанышқа бөленді.

 «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы шеңберінде жас отбасылар үшін 234 пәтер бөлінген. Байқап отырсақ, бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар мен алға қойған міндеттер ауқымы қомақты.

Деректерге жүгінсек, бірде-бір мемлекетте, тіпті дамыған елдердің өзі мүгедектерге, жас отбасыларға, көп балалы аналарға біздердегі сияқты  арзан үйлер салып беріп отырған жоқ. Көп балалысың ба, мүгедексің бе, ешкім қарамайды. Ай сайынғы жәрдемақысы төленеді, болды. Ал, біздің елімізде барлық санаттағы адамдар мемлекет қамқорлығында. Жәрдемақы да төленеді, бұған қоса, арзандатылған қолжетімді үймен де мүмкіндігінше қамтамасыз етіледі.

Мәліметтерге сүйенсек, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ «Сатып алу құқығымен тұрғын үйлерді жалға беру» бағытын іске асыру нәтижесінде 2020 жылға дейін Қазақстанның барлық аймағында жалға берілетін тұрғын үйлердің шамамен 2 млн. 500 мың шаршы метрін пайдалануға беруді жоспарлауда. Бұл бірінші кезекте халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарын жалдамалы пәтерлермен қамтып қана қоймай, көптеген жаңа жұмыс орындарын ашады. Тұрғын үй құрылысы салынатын аудандар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, елді мекендердің сәулеттік келбеті жақсарады.

Қорыта келгенде, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы және тағы төрт мемлекеттік бағдарлама «2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламаларының» құрамына енді. Халық игілігі үшін осындай жұмыстар атқарылуда. Баспаналы болу – жаңа өмірге бастап, әр шаңырақтың бақытты ғұмыр кешулеріне кепіл болары анық.

Ағиба ҚАТЕШОВА.

«Еліміздің Ата Заңы әрбір азаматқа

баспана құқығын береді»

2015 жылы Қазақстанда «халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша 326 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда, «жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағыты бойынша – 213 мың шаршы метр, 2020 жылға дейін елде барлығы 2 млн. 806 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызу көзделіп отыр.

«Беларусь елінде көп балалы отбасы ипотекамен үй алса, төртінші баласы дүниеге келсе, қарызының 25 пайызын өтеуді Үкімет өз мойнына алады екен. Осылайша, бесінші баласы дүниеге келсе, 50 пайызын, алтыншы, жетінші бала туылғанда қарызының 100 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі деседі».

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button