Қоғам

Бас имам кəсіпкерлерге үндеу жасады

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Атырау облысындағы өкіл имамы, «Иманғали» мешітінің бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы баспасөз мәжілісінде мұсылман жұртшылығы асыға күтетін Рамазан айының басталуымен құттықтап, қасиетті айға дайындық, атқарылатын іс-шаралар туралы айтты.

МЕШІТТЕ АУЫЗАШАР БЕРІЛЕДІ

– Рамазан айында рухани шаралармен бірге, қайырымдылық, ағарту бағытындағы бірқатар шаралар жоспарланып отыр. Ауыз бекіткен бауырларымыз үшін ауызашарды облыстағы барлық мешіттерде беру жоспарланды. Бұл шамамен 3700-дей адамды қамтуы мүмкін. Тек орталық мешіттің өзінде күніне 500 адамға ауызашар беруді ұйымдастырамыз. Осылайша, Рамазан айында Атырау облысы бойынша 107300 адамға ауызашар беріледі деген жоспарымыз бар, – деді Алтынбек Ұтысханұлы.

Рамазан – ауыз бекітумен ғана шектелетін ай емес. Айлардың сұлтаны саналатын бұл кезеңде адам өзін жан-жақты тəрбиелеуі тиіс. Осы мақсатта облыс бойынша мешіттерде «Намаз оқып үйренейік» атты 29 күндік дəріс жобасы қолға алынып отыр. Кезкелген адам қатыса алатын дəріс барысында мешіт ұстаздары намаз туралы сабақ беріп, шəкірттердің сұрақтарына жауап бермек

ТОМАРЛЫДА ТАРАУЫҚ ҚЫСҚА ОҚЫЛАДЫ

Барлық мешітте жылдағы дəстүр бойынша оқылатын тарауық намазында Құран түгел оқылады. – Құран жаттаған қари Құран бетінен күнделікті 20 бет оқу арқылы Рамазан айының соңына дейін немесе Қадір түніне дейін түгелдей оқып бітіреді. Көп адамдардың тарауық намазына қатысқысы келетіні түсінікті. Алайда, жұмыстағы азаматтардың тарауық намазының ұзақтығына байланысты соңына дейін күтуге уақыты болмайды. Соны ескеріп, Томарлы ауылындағы «Анашым» мешітінде тарауық намазында қысқа сүрелер оқылады. Басқа мешіттерде қарилар толықтай Құран хатым етеді. Рамазан айындағы тағы бір сүннет – иғтикəф амалы. Бұл – арнайы ниет етіп отбасынан жырақтап, Аллаға жақындау мақсатында Рамазанның соңғы он күнін мешітте өткізу. Ол үшін Құспан молда жəне Иманғали мешіттері белгіленген. Əр мешітте иғтикəф жасаушылардың саны 10 адамнан аспауы қажет, – деді имам. Алтынбек Ұтысханұлы баспасөз мəслихатының соңында кəсіпкерлер мен сауда орталықтарының басшыларына қасиетті айдың құрметі үшін алкогольді сусындарды сатпау жөнінде үндеу тастады. Сондай-ақ, халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, əлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азықтүлік бағасын мүмкіндігінше төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырды

– Мешіт жанынан ауызашар бергісі келген адамдар кімге жолыға алады?

– Мешіттің есепшісі бар, сол кісіге хабарласу арқылы жазылып, ауызашар беруге болады. Ахметжан есімді мешіт есепшісі ауызашар беру жөнінде толыққанды жауап береді, байланыс телефоны – 87017443011.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button